АСТАНА. 16 сәуір. BAQ.KZ – Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің көрме залында «Ғасырдан әрі жалғасқан ғұмыр» жобасы аясында «Ғасыр ғұмырлар–асыл ғұмырлар» атты көрменің тұсаукесері өтті. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне музейдің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл көрмеге қатысушылар– соғыс, тыл, білім саласының ардагерлері. Бірнеше орден- медальдардың иегерлері. Кезінде еліміздің, қаламыздың өркендеуіне сүбелі үлестерін қосқан, қазір еңбек демалысындағы құрметті ардагерлер. Қазіргі таңда бала, немере, шөбере, шөпшектерінің қызығын көріп отыр.
Жобаға қатысушы кейіпкерлер: Шермұханбет Байбосынов (88 жаста), Апбаз Қаражігітов (91 жаста), Таиса Терехина (91 жаста), Шахмұрат Әшірбеков (92 жаста),Таисия Клименко (95 жаста), Шәмсия Жүнісова (109 жаста).
Толығырақ атап өтсек:
Шермұханбет Байбосынұлы Байбосынов. КСРО– ның Құрметті кеншісі, Сәтбаев қалалық соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы. Еңбек және соғыс ардагері.
Апбаз Бәймендеұлы Қаражігітов. ҚР «Мәдениет Қайраткері» белгісінің, «1941-1945ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл» мерекелік медалінің иегері. Жезқазған қаласының және Ұлытау ауданының Құрметті азаматы. Қазақстан Жазушылар одағының, Журналистер одағының, театр Қайраткерлері одағының мүшесі, көрнекті журналист, ақын, жазушы, драматург.
Таисия Александровна Терехина. «Еңбек Қызыл Ту» орденінің кавалері, Социалистік жарыстар жеңімпазы (1973, 1974, 1976, 1978 жж.), «Ерен еңбегі үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, соғыс және еңбек ардагері.
Шахмұрат Байжігітұлы Әшірбеков. Ұлы Отан соғысының ардагері. І Украин, І Беларусь майдандарының жауынгері, І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерінің, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, екі рет «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуков медальдарының иегері.
Таисия Степановна Клименко. «1941-1945ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының және «Ұлы Отан соғысы ардагері» омырау белгісінің иегері.
Шәмсия Байқозықызы Жүнісова. Тыл ардагері ретінде «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 50 жыл», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл» медальдарының иегері. 2009 жылы «Халық санағының ардагері» дипломының иегері. Еңбек ардагері.
Зинаида Чумакова, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің директоры:
— Әр істің өз уақыты бар. Жылдар жылжып өтсе де, өңіріміздің тарихында игілікті іс атқарған азаматтарымыздың аттары еш өшпес. Ұрпағы еліне, жеріне, Отанына қызмет еткен елеулі азаматтарымыздың алдында бастарын иеді. Өмір — өзен демекші – айналасына жан жылуын шашып, жан тазалығымен елге үлгі болған, адалдықты өмірге арқау еткен азаматтардың өнегелі істері халық жадында мәңгі сақталатыны анық. Олардың әрқайсысы өз уақыттарында әр саланың тізгінін ұстаған бірі өнеркәсіпте, бірі білім саласында қызмет атқарған Жезқазған өңірінің гүлденуіне дамуына ат салысқан тұлғалар.
Айта өтейік, Жезқазған қаласында 90 мен 109 жас аралығында өмір сүріп жатқан 74 қария бар. 100 жылдан аса өмір сүргендерді зерттеу комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, әлемде 110 жастан асып түскендер саны–84-ті шамалайды. Оларға «супер ұзақ жасаушылар» деген атау берілген. Олардың 75-і әйелдер болса, 9-ы ер адамдар. 100-109 жас аралығындағы адамдар саны–200 мыңдай екен.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС
http://baq.kz/kk/material/531