Ескерту: Мен бұл репортажды Астанаға қоныс аудармай тұрғанда жазған болатынмын, тек жарияланбаған ешқайда… Сонымен, осы жұмыс істеп тұрған орталықтарға өзім бардым. Жеңіл жүрісті жолмен табыс табатын қыздармен пікірлеспестен бұрын, менде үнемі «олар, неліктен мұндай жолға барады?» деген көкейімде сауал болды. Сөйлескеннен кейін оларды кінәлай кетуден бұрын бұл жолға итермелейтін салдар мен себеп бар екенін ұқтым. Сосын бұл қыздардан алақандай пікірді алуым оңайға түспегені рас. Және қандай жолмен пікір алғанымды ашып айтпауды жөн санап отырмын. Себебі, керекинфода бұдан әріректе жарияланған бір жазбамды жеке өміріммен байланыстырып, сыртымнан әңгіме қылғандарды естіп, ренжігендей болғаным бар. Сол себепті кей жерлерін күңгірттеу етіп тастап кетіп, тек артық пікірімді тықпаламастан айтылар ойды маман ауызынан естігендеріңізді құп көрдім… Мархаббат, ендеше…
Әлеуметтанушы уәжі
«Жезөкшелік – жастарды құндылық-моральдық тұрғыдан тәрбиелей алмауымыздан» дейді әлеуметтанушы. Алайда студент қыздар мұндай жолға әлеуметтік теңсіздіктің кесірінен баратындарын айтады.
«Қыз-келіншектерді мұндай жолға түсуге итермелейтін нәрсе – ол салыстырмалы түрде оңай жолмен жақсы ақша табу мүмкіндігі. Макродеңгейде бұл құбылыс елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты десек те, негізгі себебі соңғы 20 жылда біздің құндылықтық-моральдық тұрғыдан жастарды бейімдей алмауымыздан туындап отыр. Яғни құндылықтық дағдарысымыздың деңгейінің көрсеткіші» дейді әлеуметтанушы Серік Бейсенбайұлы.
Алайда Алматыдағы «Paradise», «Золотой Дракон» сынды ойын-сауық орталықтарында жұмыс істейтін студент қыздар жезөкшелікпен айналысып, қосымша ақы табуға мәжбүр болуының негізгі себебі қаржылық тапшылық екендігін айтады. Өздерін официант-аниматор деп атайтын олар тек Кореядан, Жапониядан, Қытайдан келген шет елдік азаматтарға қызмет көрсетеді. Бір кеште қызмет көрсету ақысы айтуларынша 300 бен 500 доллардан кем емес. Жұмыс уақыты кешкі жетіден түнгі бір сағат шамасы аралығы. Олар жылу батареялары істен шыққан караокенің жертөлесінде қонақтардың келуін күтеді. Караокеге көңіл көтеруге келген қонақтар алдына қаздай тізілген қыздардың арасынан келушілер көңіліне жаққанын таңдап алады. Әлгі «шекесінен шертіп жүріп таңдап алу» деген нақ осындайда айтылса керек.
Мұнда жұмыс істейтін жасы отызға жетпеген қыз-келіншектердің жарымы студент, біразы отбасынан ажырасқан балалы әйелдер. Официант-аниматор қыздар өздерін әр түрлі шет елдік лақап есімдермен атайды.
Кәсіби маман сөйлесе
Алматыдағы ірі караоке орталығының бірінде жұмыс істеп келе жатқанына жеті жыл болған Алина С. Асфендияров атындағы медицина университетінің студенті. Жұмысым сабақ үлгеріміме кері әсер етпейді дейді ол.
«Сабақтан да қалмаймын, ақшам да бар. Тіпті осы шет елдік клиенттерімнің арқасында тіл үйрену үшін Америкадағы жазғы тіл үйрету мектебінде оқып келдім былтыр. Дубайда дем алып келдім. Өзіме ұнайды. Машинам да бар. Бастысы келісті фигураң мен әдемі түрің болса бәрі сенікі. Бұл караокені екі жылдай болды полициялар мазаламайды. Соған қарағанда мықты «крыша» тапқан болу керек біздің бастық. Бұл жерде қорқынышты ештеңе жоқ. Ұжым болып жұмыс істейміз. Әртүрлі мерекелерде бастығымыз қыздарға сыйлық береді. Осындай кішкене көңіл бөлгенінің өзі қуаныш» дейді Алина. Ол жеті жылдың ішінде талай рет полицияларға ұсталған. Бірақ оларға да тілегені мен сұраған ақшасын берсең оңай босатып жіберетіндігін айтады.
Ал мұнда екі жылдық стажы бар Хабиби Абылайхан атындағы әлем тілдері университетінің төртінші курс студенті. Ол жақында тұрмысқа шықсам, бұл жұмысымды біржолата тастаймын дейді.
«Әкем мен шешем кішкентайымда ажырасып кеткен. Өзім ақылы бөлімде оқимын, өзім төлеймін. Мен біреудің ақшасын ұрлап жатқан жоқпын ғой. Өз күшіммен ақша тауып жүрмін. Сондықтан менің өмірімнен хабары жоқ біреудің маған сын, ескертпе айтуына еш қақысы жоқ. Сосын мұндағы шет елдіктер жергілікті қазақстандықтардан көп төлейді. Қазақстандықтар келмейді де. Бізге Кореядан «Samsung» компаниясының бастықтары келеді. Басқада шет елдік мықты компаниялардың қызметкерлері жиі келіп тұрады. Бірақ жаңадан жұмыс істеуге келген қыздарға бас тартуларын айтамын. Себебі бір сағат жезөкше болып істесең, мәңгілік жезөкше болып кеткенің» дейді.
Хабибидің жақын құрбысы Зара ҚазЭУ-нің 3 курс студенті. Олар Талдықорғанда мектепте бірге оқыпты. Зараның айтуынша бұл жерде тұрмыстық қиындықтарды басынан кешкендер жұмыс істейді екен.
«Жеке өзімді айтар болсам, оқуымның ақшасы, квартирамның ай сайынғы төлемі, өмір сүруіме керек ақшамен ата-анам қамтамасыз ете алмайды. Өздерінің кредитін төлей алмай отыр. Үйіме ай сайын елу мың тг жіберіп тұрамын.Біреу ерігіп мұнда жұмыс істемейді. Еріккендер істей алмай екі күннен соң кетіп жатады. Күндіз жарты ставкамен мамандығым бойынша бухгалтер болып жұмыс істеймін. Кешке осы жұмыстамын. Әрине қиын, бірақ уақыт өте келе үйреніп кетесің» дегенді айтады.
Психолог уәжі
Психолог Бақыт Дастанқызы мұндай жолмен қосымша ақы табуға мәжбүр студент қыздардың бұл жолға келуінің әр түрлі себептері бар дейді. Мысалы, отбасы жағдайының дұрыс болмауы, материалдық жағынан қиындық көруі, жеке факторлар, ортасындағы адамдардан алдануы, жігіттерге қатысты алданып қалуы, ауылдан келген қыздардың қалада жүргенде өз орындарын таба алмай қиналған кездегі оңай жолды іздеуі немесе алданып қалуы және т.б. факторлар әсер ететіндігін айтады.
Психолог Бақыт Дастанқызының ойынша, «студент қыздардың жезөкшелікпен айналысуының негізгі себебі осы жолда жүрген тұлғаның жеке мінезінен немесе оның тәуелділігі есебінен, замандастарымен қарым-қатынасының күрделігінен, білімде, карьералық өсуде талпыныстың жоқтығынан. Сондай-ақ, материалдық және тағы басқа қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында осы жолға түсуі мүмкін. Бізде қазір материалдық құндылық бірінші орынға шығып кеткендіктен, рухани құндылықтар екінші орынға қалып жатады».
«Ол қыздарға неліктен мұндай жолға түсуіне қатысты, қалай азайту керкетігі жайлы жалпылама ештеңе айта алмаймыз. Психологтар индивидуалды ерекшеліктеріне қарай отырып, әр қайсысын жеке тұлға ретінде тыңдап, мәселелерімен таныса отырып қана көмек қолын соза аламыз» дейді психолог.
ІІД-нің айтуынша 2014 жылы қаңтар айында Алматы қаласында жеңгетайлық ісі бойынша сегіз факт тіркелген, оның төртеуі қылмыстық іс негізінде танылып, сотқа жолданса, 2013 жылы 65 іс тіркеліп, 19-ы қылмыстық әрекет болып танылған.
P.S: Суық жертөледе топтанған қыздар әңгіме айтып отырды. Сонда әрқайсысы өз армандарын ортаға салды. Біреуі тұрмыс құрғым келеді дейді, біреуі шет елге кеткім келеді дейді. Сонда тұрып ішіндегі біреуінің айтқаны ғой: Мен аристократтардың арасында осы жұмысымды істегім келеді, күшті ғой.
kerekinfo.kz
Автор: Ая Өмiртай
Толығырақ: http://alashainasy.kz/society/jezokshelkpen-aynalyisudyin-sebeb-nede-57376/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі