АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ЖИРИНОВСКИЙДІҢ АЙҚАЙЫ

жирикЛДПР фракциясының жетекшісі Владимир Жириновский Ресейдің мәнерлеп сырғанау федерациясын мүлдем тарату керек деген ойда. Неге? 
Бұл мәлімдемені атышулы «көсем» федерацияның Сочи Олимпиадасына Евгений Плющенконы қатыстыру керек деген шешімнен соң жасады. Жириновский Плющенконың орнына 18 жастағы Ресей чемпионы Максим Ковтун бару керек деген ойда. Алайда Ресей біріншілігінде дес бермей тұрған Ковтунның жолын Плющенко кесті. Сочиге жекелеп өнер көрсетуден ерлер арасындағы берілетін жалғыз квотаны федерация сөйтіп, атағы жер жарған конькишіге алып берді. Бұл шешімге байланысты қазір пікір екіге жарылып тұр. «Ковтун әлі жас, келер олимпиадаға барғаны жөн» дегендер де табылып жатыр. Бірақ Жириновский тіпті қатты кетті.

– Егер Плющенко ұтылса, біз мәселені төтесінен қоямыз. Егер ондай жағдай орын алатын болса, Ресейдің мәнерлеп сырғану федерациясын тарату керек. Федерация неге Сочиге Плющенконы жібереді. Ковтун Ресей жеңімпазы, ал Плющенко ненің чемпионы? Плющенко ауырып жүр, жарақаты бар адамды қалай мұз айдынға шығарамыз? Ковтун олимпиадада екінші орын алса да, қуануымыз керек. Сосын ол он рет олимпиада чемпионы атанады, – дейді Жириновский.

Бірақ осылай деп байбалам салған Жириновский жексенбі күні аяқталған Еуропа чемпионатында Максим Ковтунның бесінші орында қалып қойғанын білмегені ме? 21 қаңтар күні Новогорскідегі  өткен спортшылардың жиынында федерациясының атқарушы кеңесі мен жаттықтырушылар бірауыздан Евгений Плющенкоға дауыс берді. Сонымен ЛДПР көсемінің айқайына қарамастан 6-20 ақпан аралығында өтетін Сочидегі Олимпиадада Ресейдің намысын Плющенко қорғайтын болды.

Шындығында, Евгений Плющенконың атағынан ат үркетінін айта кеткен орынды. Ол 2006 жылғы Олимпиада чемпионы, 2002 және 2010 жылы Олимпиаданың екі рет күміс жүлдесін алған. Әлмнің үш дүркін және Еуропаның жеті рет чемпионы болған азаматқа қазір қарсылас табылмай тұрғаны рас.

Берік Бейсенұлы

http://www.aikyn.kz/