АЛТЫНОРДА
Новости

«Жұлдыздар ауруы»немесе анорексия Алаш аруларына да келді

110258Астана. 21 тамыз. Baq.kz – «Мешкей деген жақсы ат емес» демекші, бұрын-соңды естуіңіз бар ма, жоқ па, әйтеуір анорексия деген бір ауру бар. Батыс қоғамында мұны көбіне «модельдер ауруы» деп атайды, яғни денесімен мал табатын арулар артық етпен күресе-күресе ақыры қабырғасынан күн көрінетін дәрежеге дейін апаратын ауруға шалдығатынға ұқсайды.

 Қазақы көзбен қарағанда, өзін «тірі қуыршаққа» айналдырған қайран аруларға жаның да ашиды, бірақ ашуың да қайнайды. Неге? Жалпы, әйел заты о баста еліктегіш, жылт еткенге құмар халықпыз ғой, телеарна атаулы арық қыздарды азаннан кешке дейін сұлулықтың символы етіп көрсетіп жатса, кім елірмесін? Жә, Батысты Батыс дерсіз, алайда сол анорексияға ұқсас бір дерт . Әрине, Алаш даласында әзірге арық­тық­тан өлген адам жоқ, әйтсе де басы басталып кеткен.

 

Алмас Темірбай, ақын:

– Ол – сондай бір психологиялык ауру-әдет. Ең бастысы, сабыр, шыдам мен канағат керек… «Шетелдік дәрілер ішек пен бауырды кұртатынын ұмытпа­ңыздар… Әлемде миллион түрлі диета бар, егер сол диета адамдарға кәдімгі­дей әсер ететін, пайдалы болса, идеал­ды жалғыз-ақ диета болмас па еді?! Әйтеуір, саудагердің бәрі қарапайым халықты ақымақ қылуға құмар! Ең пайдалысы – «денсаулығымды жақсар­т­ып, күш-қуат бер» деп Алладан тілек тілеп, мөлдір, таза су ішу! Ал азудың жөні осы екен деп дәрі ішіп, емші-тәуіп жағалаудың түкке де қажеті жоқ!

 

Гүлжазира Жалғасова:

– Шешем марқұм «өзіңе арықпын немесе семізбін деп сұқтанба, адамға ет деген қонақ сияқты, келеді де кетеді» деуші еді…

 

Ұлжан Хиясидин, журналист:

– Бір ағамыз сұхбат барысында айтып еді: «Леонардо да Винчидің басқа да әлем таныған суретшілердің қыздарды бейнелеген картиналарына қарасаңыз, көз тартатын томпақ, етті қыз­дарды шеберлікпен салған. Қазір­гідей қабырғасын санап аларлықтай арық қыздардан Құдай сақтасын. Оның бала тууы мүмкін, бірақ әлсіз… Мұндай қыздарды суретші де рахаттанып оты­рып сала алмайтын шығар» деп күліп еді. Ол рас, қыз бала ана атанған соң, салмақ қосады, қоспайтындары да бар, тегінде тұқымға тартады. Дегенмен де қытайдың т.б дәрісіне жұмсаған ақшаны жинап, фитнес клубқа жазыл­ған абзал. Семіру оңай, қайта қалыпқа келу қиын. Дұрысы, «томпиып» жүрген­ге жетпейді ғой…

 

Жұлдыз Әбділда, журналист:

– Өзіме арық болған жараспайды. Мектепте оқып жүргенде осы арықтық­тың зардабын қатты тартқанмын, тіпті балалар мазақтайтын да еді. Кейін бір аздық, бір толдық. Бірақ өзіме арық болған жараспайтынын анық білемін. Әрине, дәл қазір аздап арықтасам, артық болмас еді. Бірақ ол үшін диета ұстап, дәрі ішіп, құрбандыққа бара алмаймын да және ондайларды түсінуге менің миым да жетпейді екен. Фаина Раневская айтпақшы, «Жизнь слишком коротка, чтобы тратить ее на диеты и жадных мужчин».

 

Ердәулет Балтабай:

– Мәселенің түптөркіні дене салмағының индексі деген стандартта жатқан сияқты. Әйтпесе қанша салмақ артық-кем екенін қалай білеміз? Ги­перс­теникалық типке жақын бізге ол стандарт сай келмейді. Бізге сол стан­дарт­қа 5-12 келі қосып, басқа стандарт шығарып берсе, қыз-келіншектеріміз идеалды салмақта болар еді. Жалпы, табиғатынан әйел гормоны жеткілікті қыздар толысуға бейім болады, сәйкесінше инфантилді қыздар арық болады.

 

Қысқасы…

Абай атамыздың «қарыны тоқтық, уайымы жоқтық аздырар адам баласын» деген сөзіне есейген сайын көзім жетіп келеді. Расында, адамды жоқшылық емес, керісінше, тоқшылық аздырады екен. Осындайда «қайран, бұрынғының «баламды қайтсем уызына жарытам?» дегенді ғана ойлайтын балпақтай бәйбішелері-ай!» дейсіз еріксіз…

«Алаш айнасы»