Алматыдағы Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филормониясында классикалық туындының бірі «Менің атым Қожа» фильмінің экранға шыққанына 50 жыл толуына орай кеш өтті.
Фильм жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» атты повесі бойынша түсірілгендігі белгілі. Бұл фильмі 1967 жылы Канн қаласында өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің халықаралық фестивалінде арнаулы жүлде алғаны КСРО үшін үлкен жетістік болған. Картинаның сәтті шығуына жазушы Бердібек Соқпақбаев та өз үлесін қосқан. Туындының көркемдік жетекшісі – кинодраматург әрі кинорежиссер – Ефим Арон. Ал фильмнің режиссеры Абдулла Қарсақбаевтың бұл туындысы көркем фильмдегі алғашқы картинасы екен.
Кеште бұдан 50 жыл бұрын фильмге түскен балалар – бүгінде ел ағасы болған азаматтар киноға қалай келгендіктері туралы естеліктер айтты. Қожа рөлінде ойнаған Нұрлан Санжар сол жылдары Алматыда қазіргі Достық даңғылын орналасқан №33 мектебінде оқыпты. 1-сыныптан бастап «мектепке бармаймын» деп анасынан талай таяқ жегенін айтқан актер киноға түскеннен кейін бір жылдай оқуды қойып, сыныптастары, атақты әнші Әлібек Дінішев пен ғалым Болат Сұлтановтан қалып қойғанына қатты өкініпті.
Нұрлан бұдан кейін ешқандай киноға түспеген. Себебі киноға түсу – өте қиын, көптің көңілінен шығу оңай емес. Ол «кино сені таңдайды, ал актерлардың бәрі көпке танылғысы келеді» дей келе, 2008 жылы жолдастарының үгіттеуімен бір кинода шағын рөлде ойнағанын әңгіме етті. Нұрлан Санжар өзін «кинода алыс кетттім» деп ойламайды. Таңдаған мамандығы кино саласы болғандықтан «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеп, бірнеше көркем фильмге сценарий жазыпты. Философия ғылымдарының кандидаты.
Фильмдегі Сұлтанның рөлінде ойнаған Марат Көкенов те бұдан кейін киноға түспеген. Мектеп бітіріп, азаматтық борышын өтеп келген соң мемлекетік қауіпсіздік саласында қызметке тұрған. Қожаның жақсы көретін қызы Жанардың рөлінде Гүлнара Құрабаева ойнаған. Гүлнара фильмнің түсірілімі біткенде 3-сыныпты бітіріпті. Оның киноға түсуіне анасы себепші болғандығын жеткізді. Анасы сол кезде кинематографист болып, бір құрбысы жаңа фильмге үлгілі оқитын қыз бала керектін айтқан. Осы сөз кішкентай қызға себепші болған. Гүлнара кино және фотосынақтан сүрінбей өткен. Үлгілі оқушы рөлінде ойнаған ол мектепте де жақсы оқыған. Жоғары оқуды бітірген Гүлнара Құрабаева инженер-энергертик мамандығын алып, сол саласда жұмыс істепті.
Ал кинодағы бес жастағы Дәулеттің рөлінде ойнаған Юсуф Шамузовтың тағдыры жоғарғы кейіпкерлерге ұқсас. Юсуф өзінің киноға кездейсоқ түскенін әңгімелеп берді. «Біз аулаға бір көлік келгенде бәріміз таңдандық» дейді ол. Ол фильм директорының үйіне аялдаған Абдулла Қарсақбаев екен. «Көлік ашық болғандықтан ішіне кіріп, тамашаладық» дейді ол.
Сыртқа шыққан Қарсақбаев көліктегі балаларды көріп, «Ертең мына баланы түсірілім алаңына алып келіңдер» деп, Юсуфке көзі түсіпті. Осылай бес жасар Юсуф «Менің атым Қожаға» фильміне түсіпті. Юсуф бұдан кейін бір қысқа метражды киноға түскенімен, кейін ары қарай актерлікті жылы жауап қойыпты. Медициналық жоғары білім алған Шамузов 1983 жылдан бері Қазақстанның бокс құрамасында дәрігер.
Міне, 50 жылдан бері қазақ экраннан түспей келе жатқан «Менің атым –Қожаның» кейіпкерлері киноға өздерінің қалай келгендіктері туралы көпшілікпен осылай сыр шертісті.
Жексен САҒЫМБЕКҰЛЫ