АЛТЫНОРДА
Жаһан жаңалықтары

[:kz]Қазақстандық кәсіпкер Африка халқына құдық қазып берді[:]

[:kz]

 

Қазақстандық кәсіпкер Елдос Айбеков Африка құрлығындағы ауызсуға мұқтаж халыққа құдық қазып берді. Қазақстан атынан сыйға тартылған құдық Уганда мемлекетіндегі Наноко елді мекенінде орналасқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Кәсіпкер Уганданың The Ngali Development Foundation (Нгали дамыту қоры) компаниясымен байланысып, нәтижесінде құдық қазу үшін екіжақты келісімге келген. Құдықтың құрылысы ақпан айында басталып, наурыздың 12-сі күні аяқталды. 13 наурызда ашылу салтанаты ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар қазақстандықтарға алғыстарын білдірді.

“Біз таза суға қол жеткізе алмай отырған ауыл тұрғындарымыз. Қарапайым тұрмыс кешеміз. Азын-аулақ ешкі ұстаймыз. Қазір суды 5 км жердегі өзеннен тасып ішіп отырмыз. Бұл әрине таза су емес. Мұның бәрін балаларымыз тасып әкеледі. Мотоцикл, велосипеді бар адамдар сирек. Көбіне жаяу тасимыз. Бүгін Елдос Айбек деген мырза жерімізге келіп, ауылдың қақ ортасынан үлкен құдық қазып берді. Алғысымызда шек жоқ. Балалардың қалай қуанғанын көрдіңіз бе?! Олардың қуанышын көріп біз де ерекше қуанып тұрмыз”, – дейді 30 баласы бар ауыл тұрғыны Соока Шариф. 

Шариф Қазақстан жайлы бұрын-соңды мүлде білмегенін айтады. Осы жағдайдан кейін ешқашан ұмытпастай болдық деген әйел осы жағдайдан кейін Қазақстанды мәңгі есте сақтап қалатындарын жеткізді. 

Африкалықтарға құдық қазып берген кәсіпкер Елдос Айбеков бастапқыда екі таңдаулары болғанын айтты. Оның бірі – Уганда, екіншісі – Кения. Екеуі де Шығыс Африкада орналасқан.

“Алғашында құдықты Кениядан қазамыз деп ойладық. Өйткені, Кениядағы қызметтің бағасы Угандаға қарағанда арзан болды. Кейін қос мемлекетке анализ жасап, Уганданың ЖІӨ-сі Кениядан 3 есе төмен екенін көрдік. Ойлана келе, құдықты таза суға шын мұқтаж халыққа қазып берейік деген қорытындыға келдік. Бүгін құдығымызды қолданысқа бердік. Тұрғындардың, балалардың қуанышын көріп ерекше толқынысты күй кештім. Бұл жобамыз Қазақстан мен Уганда мемлекеттерінің арасындағы байланысты нығайта түседі деген сенімдеміз», – дейді бизнесмен. 

Ашылу салтанатына аталған қайырымдылық шараға қолдау көрсету мақсатында қазақстандық саяхатшы-блогер Яков Федоров та барды. 65 мемлекетті аралаған Яков мырза бұл жолғы сапардың әсері бөлек екенін айтты.

 «Уганда 5 патшалықтан құралған. Олар мемлекет билігінен тыс жеке патшалықтарға бөлініп өмір сүреді. Ең үлкен патшалық – Буганда. Екіншісі – Бусога. Құдық дәл осы бусогалықтарға тиесілі жерден қазылды. Олар лусога тілінде сөйлейді.
Мен Елдос мырзаға көп алғыс білдіремін. Ол кісі ғаламдық мәселеге өз үлесін қосты. Су – Африка халқының ең үлкен мәселелеріңің бірі. Бүгін аядай ғана ауылдың проблемасы шешілді”, – дейді ол. 

Құдық қолданысқа берілгеннен кейін Елдос Айбеков Қазақстаннан арнайы апарған мектеп жабдықтарын үлестірді. Мемлекеттік жалауымыз бейнеленген дәптер, қалам, қаламсап, сөмкені ноноколық балаларға таратып берді. Қуанышпен басталған жиын қуанышпен аяқталды. Ауыл тұрғындарына 2 қазан палау таратылып, балаларға тәттілер берілді.

Айта кетсек, Елдос Айбеков ТМД бизнес нарығында 15 жылға жуық кәсіппен айналысып келеді. Ол осы уақытқа дейін жалпы құны 15 млн тұратын ДЦП-науқастарына арналған аппараттарды тегін таратқан. Ай сайын әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. 

 

[:]