АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қазақстандық қажы Меккеде қиын жағдайға тап болды [:]

[:kz]

ҚМДБ мәліметінше, Меккеде 1 744 қажы медициналық көмекке жүгінген, мамандар мен дәрі-дәрмек жеткілікті

Қазақстандық қажы Меккеде жол апатына ұшырады, дәрігерлер оған көмек көрсетті, деп хабарлады Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы.

«Бір адам жол апатына ұшырады. Ол дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер миына жеңіл-желпі зақым келгенін, дене жарақатын алғанын айтты. Қазір емделіп жатыр», — делінген ҚМДБ хабарламасында.

Биыл Қазақстаннан Меккеге 3 200 қажы аттанды. Оларға 21 медициналық маман қызмет көрсетіп жатыр. Осы уақыт ішінде 1 744 қажы дәрігерлердің көмегіне жүгінген, деп атап өтті діни басқарма.

«Биыл Мекке қаласында күн аптап ыстық. Әрі адам көп. Таулы өңір  болғандықтан, кей адамдардың қан қысымы көтеріледі. Кей қонақүйлер Қағбадан алыста орналасқан. Қажылар ұзақ жол жаяу жүруге мәжбүр, сол себепті денсаулықтары сыр береді. Мысалы, Мина жазығынан шайтанды таспен ұру рәсімі өтетін жерге дейінгі қашықтық – үш километр. Қарттарға оңай емес. Суық су ішкеннен көпшілігінің тамағы ісіп кеткен. Біз көмектесіп жатырмыз», — дейді дәрігер Біржан Досмайылов.

Шамамен 1 150 қажыға тұмау тиген. Кей қазақстандықтардың іші ауырып, қимыл-қозғалысы қиындап, қан қысымы көтеріліпті. Бір адам соқырішек болып, ауруханаға түскен екен.

«Қазір қажылардың жағдайы қанағаттандырарлық. Мамандар мен дәрі-дәрмек жеткілікті», — деді дәрігер.

Айта кетсек, қажылық «қасиеттi жерге баруды ниет ету» дегендi бiлдiреді. Оның шарты бойынша ихрамға кiру, Кағбаны жетi айналып тәу ету, Сафа мен Мәруа арасында сағий жасау, Арафада тұру, Мұздалифада түнеу, шайтанға тас ату сияқты амалдарды орындау керек.

sputniknews.kz

[:]