[:kz]
Қазір мұндай акция Атырауда өтіп жатыр. Әзірше тұрғындарға тек ескерту жасалады, жағдай қайталанса, айыппұл салынады
Қазақстанда қарапайым азаматтарға әскери форма киюге тыйым салынған. Тыйымды елемегендер айыппұл арқалайды.
Атырауда әскери полиция қызметкерлері тұрғындарға камуфляж киімін киюге болмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Бұл үшін айыппұл салуы мүмкін екенін естідім. Бірақ бұл форма өзіме қатты ұнайды. Біріншіден, сапасы жақсы. Шаруашылыққа да ыңғайлы, мықты, тозбайды. Егер айыппұл салатын болса, дүкендерге сатуға тыйым салсын. Мен басқа жол көріп тұрған жоқпын. Қазір әскери форманы кез келген жерден сатып алуға болады емес пе», — деді Атырау тұрғыны Жандос Тұрланұлы.
Формамен қоса айрықша белгілерді де таңдап алуға болады. Бұл үшін ешқандай рұқсат құжаттары талап етілмейді.
«Әскери форма қарапайым халық арасында үлкен сұранысқа ие. Олар оны арнайы киім немесе жұмыс киімі ретінде пайдаланады. Ал қатардағы азамат камуфляжбен қылмыс жасаса, қоғам мұны әскери қызметшінің қылмысы ретінде қабылдайды. Бұл қарулы күштер мен әскери қызметшілердің беделіне нұқсан келтіреді», — деді Атырау әскери полициясының қызметкері Бақтияр Дәуренқұлов.
Атырауда түсіндіру акциясы басталғалы бері 28 ескерту жасалды. Заңбұзушылық қайталанса, жаза қолданылады. Жеке тұлғалар үшін айыппұл – 14 мың теңге шамасында, заңды тұлғалар үшін – 70 мың теңге.
[:]