[:kz]
Танымал актер, әзілкеш Қуандық Шәкіржанов Аман Тасығанға берген сұқбаты барысында атышулы видеоға қатысты пікір білдірді. Актердің сөзінше, оның суретін бетіне жабыстырып, төсекте жатқан жалаңаш жігіттер өзге ұлт емес, қазақтар болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ «Talk Like» бағдарламасына сілтеме жасап.
Өнер иесі ұятсыз видеода өзінің суреті жүргенін таныстары арқылы білгенін сөз етті.
«1 қазан күні балық аулауға барғанбыз. Сөйтсем, бір жігіт видео жіберіпті. «Мынаны көрдіңіз ба? Сұмдық болып жатыр», — деп жазыпты. Тура сол видеоға аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, үлкен ағамыздың інісінің суретін салып жіберіпті. Сол сәтте-ақ басқа видео шығады да, ол жерде менің суретім жүреді», — дейді ол.
Актердің сөзінше, мұндай арсыз қадамға төмен деңгейдегі адамдар барып отыр. Ол видеода бейнеленген адамдардың жазасын беру үшін қазан айында арыз жазғанын, алайда осы күнге дейін олардың кім екені әлі анықталмағанын айтты.
«Басқа ұлтта дұшпаным да жоқ. Басқа ұлт мені танымайды да. Мұны салып отырған қазақтар. Өте төменгі деңгейдегі адамдар. Бірден екісі күні Алматы қалалық ІІМ-не барып, арыз жаздым. Жазасын алу керек дедім. Әлі күнге дейін жауабы жоқ. Біздің WhatsAPP арқылы келген видеоларды табу қиын», — деп ағынан жарылды өнер иесі.
Естеріңізге сала кетейік, желіде Қуандық Шәкіржановтың суреті бейнеленген «интим видео» пайда болған еді.
Көп ұзамай әйгілі актер өзінің арына дақ түсірмек болған кінәлілерді жауапқа тарту үшін арыз жазған болатын.
[:]