АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қазақтың келіндері-ай![:]

[:kz]

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және орталығы» және Целиноград аудандық ішкі саясат бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Келін отбасының ырысы» атты облыстық байқау ұйымдастырылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қорғалжың, Ерейментау, Аршалы, Астрахан, Ақкөл, Целиноград аудандарынан жас келіндер қатысып, бақ сынасты. Сайыстың негізгі мақсаты – қазақтың ежелден келе жатқан шежірелі тарихын, салт-санасын, әдет-ғұрпын дәріптеу.

 «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» демекші, қазақ халқы қыздың тәрбиесіне болашақ келін деп  көңіл бөлген. Өйткені, жақсы келін бір шаңырақтың ғана емес, тұтас бір ұлттық болашағы, келер ұрпақтың тәрбиешісі.  Болашағын бағдарлаған ел де оның бастауына дендеп көңіл бөлген. Ұйымдастырылып отырған жарыс та осы мақсатты көздеп, салт санамызды жаңғыртып, ұмытылып бара жатқан дәстүрімізді дәріптеуге негізделіп отыр. Аталмыш сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Атап айтсақ, «Менің отбасым – менің бақытым», «Өнерлінің өрісі кең», «Қазақтың салт-дәстүрлері», «Ұлттық тағамдар» және үй тапсырмасы «10 саусағынан бал тамған».

Әр кезең бойынша қатысушылар өз өнерлерін ортаға салды. Бірі қара өлеңмен, бірі қазақтың қара домбырасымен күмбірлетіп өзін таныстырса, бірі театрландырылған көрініспен барлық отбасы мүшелерінің қатысуымен өздерін көрсетіп жатты.  Ал «Өнерлінің өрісі кең» кезеңінде келіндер жаңа қырынан ашылып, бірі мың бұрала билеп, бірі әннен шашу шашты. 

Сайыс барысында қазақтың  бесікке салу, тұсау кесу, сыңсу, балаға жеті атаны үйрету, ат тергеу, қыз ұзату сынды, сонымен қатар, көмескіленіп, ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрыптарынан сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар алынды.Сонымен қатар, көрермен көзайымына айналған келіндер «Өнерлі келін», «Шебер келін», «Көркем келін», «Білімді келін» сынды номинациялармен марапатталды. Сонымен үшінші орынды Целиноград ауданының намысын қорғаған, халық әнін қазақтың қара домбырасымен құйқылжыта орындап көпшіліктің алғысына бөленген Өмірхан Разыхан иеленді. Екінші орынды Ерейментау ауданынан келген Амина Омарова алса, бірінші орынды Аршалы ауданының үмітін арқалай келген Айдана Сембиева иеленді. Бас жүлдені сайыстың бар талабына сай келген Целиноград ауданынан қатысқан Жанна Сарина қанжығасына байлады.

Ұлттық болмысымызға тән рәсімдерді сән-салтанатпен көрсете білген бұндай байқаудың жастар үшін тағылымы мол.  Аталмыш шара салтымызды жаңғыртып, жастарға тәлім-тәрбие беруде маңызды қадам екені анық.

Алтынорда

[:]