[:kz]
Шымкенттік келіншек наным-сенім мен ырым-тыйым салдарынан нағыз сорақылықтың құрбаны болғанын айтты. Ernur.kz сайтына сұхбат берген әйел сүндетке отырғызылған баланың жыныс мүшесін жегенін естіп, ұшынып қалған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
«Егер білмегенімде бәлкім, олай болмас па еді. Өзімнің кішкентай ұл баланың сүндетке отырғызғанда жыныс мүшесінің кесіп алған ұшын жегенім есіме түссе әлі күнге дейін лоқси беремін», — дейді ол. Жас келіншектің айтуынша, тұрмысқа шыққанына үш жыл өтсе де құрсақ көтермепті.
Ал өзіне қандай ырымды істегенін көрші келіншектен біліп қойған. «Өткен жылы жазда көрші келіншектің ұлын сүндетке отырғызғаны есімде. Енем сол үйге барғыштап жүрген. Сосын бір күні жұмыстан келгенімде алдыма «саған арнап пісірдім, тауысып жеп қой» бір тәрелке палау қойды.
«Басқамыз жеп алдық» деді. Менің неге басқалар тек шай ішіп отырғанына таңғала қарағанымды бірден түсінген енем. Негізі, апам палауды керемет басады. Өзім жұмыстан шаршап, ашығып келгенде салатпен бірге тәбетім ашылып тұрып жеп алдым. Әйтеуір, сол күнгі енемнің маған деген ықыласы бөлек болды.
Содан екі-үш ай өтіп кеткен. Бірде көршілер жиналып қалғанда ырым туралы әңгіме болды. Соның ішінде «сүндетке отырғызған ұл баланың жыныс мүшесінің ұшын кептіріп, уатып-майдалап, бала көтермей жүрген келіншектің тамағына қосып береді екен» дегені маған жабайылық болды. «Масқара-ай, онысы несі? Соған қарап қап па бала көтерем десе?!» деп басқаларға жеңістік бермей, дұрыс еместігін айттым. Сол уақытта көрші келіншек «тура менің ұлым сияқты ұл туасың, сол кезде көзің жетеді» деп басқаларға көзін қысып қалды. Басқалар да күліп жіберіп, тез езулерін жинап ала қойғаннан бір шикілікті сезгендей болдым. Әлгі келіншекті қыспаққа алдым. Менің ашуға мініп бара жатқанымды сезген ол да біраздан соң амалсыз мойындап, айтып қойды. Одан да білмегенім жақсы еді», — дейді келіншек.
Өзінің баланың жыныс мүшесін жеп қойғанын білген соң келіншек түнімен құсып, жедел-жәрдеп шақырған. «Су ішсем де бәрін құсып тастап екі апта ауруханада жаттым. Дәрігерлер қайдан тапсын ауруымды?! Олар да түсінбейді, улану емес. Соңында өзімнің құсқанымнан қорқайын дедім де, Қызылордадағы анамды шақырттым. Бар жағдайды айтқанымда «ұшынып қалғансың» деп ауруханадан шығарып алып өзі қарады.
Ауылға апарып тағы екі апта күтім жасады. Ауылдағы ұшықтайтын апаны ертіп келіп күнде су шашқызып, айран ішкізіп әйтеуір, бірдеңелерді жасады. Әзер орнымнан тұрдым. Енем жаны қалмай келіп жас балаша кешірім сұрағанынан өзім ұялып кеттім. Бірақ оның да істегеніне көз жұма қарай алмадым. «Үлкендер айтқан соң істегенім ғой, бұлай боларын кім біліпті» деп жәутеңдеп қалды. Көрші келіншекті сыртынан сөктік жабылып. Не керек, ауыр күндер өтті басымнан. Ұл баланың жалаңбұт жүргенін көрсем ішім солқ ете қалады қазір. Әлі құрсақ көтермедім. Палау деген тағамды мүлде көргім келмейді. Мұндай ырымды анық жасау керек болса, білдірмей, ешкім сезбей қалатындай етпесе, көршілердің арасында жасаудың жөні жоқ екенін енем де түсінген шығар.
«Құрысын, өзіңнің амандығың керек. Өліп қала жаздадың» деп әлі өзін кінәлі санайды. Көрші келіншек те енесінен, күйеуінен сөз естіпті.
Мен үшін әлі де ол ырым жабайылық боп саналады, қабылдай алмаймын. Нақты дәлелі мен дәйегі жоқ осындай ырымдардан бойды аулақ салатын кез жетті емес пе?!, — дейді ол.
[:]