[:kz]
Қоғам белсендісі Баянауылда қатерлі істік дерті асқынып бара жатқанын айтты деп хабарлайды halyq-uni.kz/
Жуырда Павлодар облысы мәслихатының экологияға жауапты бір топ депутаты Баянауылға барып жиын өткізген. Делегацияны қазақ тілін білмейтін – облыстық мәслихат депутаты Ирина Чидунчи бастап барған. Нәтижесінде жиналыстың 80 пайызы орыс тілінде өткен. Бұл туралы қоғам белсендісі, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамының» мүшесі Айбат Ыдырысов жазды.
«Облыстан келген азаматтардың ішінде қазақ тілін білетін, ұлт жанашыры — облыстық маслихат депутаты Дулат Абетжанов ағамыз ғана болды. Сұрағын да, ұсынысын да қазақ тілінде жеткізді. Ернұр Айткенов (мәслихат хатшысы – ред.) мырза, сіз осы Баянауылда аудан әкімі болдыңыз, қазақы аудан екенін жақсы білесіз, сондықтан бұл елдің аудиториясы да қазақтілді екенін естен шығармасаңыз екен», — деп жазды жергілікті белсенді.
Жиынға аудан әкімінің активі, аудандық мәслихат депутаттар, жергілікті қоғамдастық пен қоғамдық кеңес өкілдері қатысқан.
«Жалпы айтқанда жиын барысында елдің бүгіні мен болашағын алаңдатқан экология мәселесі жан-жақты талқыланды. Оның ішінде Сабындыкөл, Жасыбай, Торайғыр көлдерінің ластануы және болашақтағы зардабы, қоқыс полигондарын ретке келтіру, аудан орталығы мен туристік аймақтардың кәріз жүйесі, Майкүбе мен Сарыкөл, Талдыкөл кен орындарының ауаны ластамауын бақылауға алып, шара қолдану, радиация зардабы мен онкологиялық дерттің ауданымызда көбеюі секілді мәселелерді төтесінен көтеріп, талқыладық. Сонымен қатар ауданымызда эколог жоқ екенін ескерттік. Бірақ шешімін табатын мәселеге ұқсамады. Экология министрлігі ел сөзіне құлақ аспайтын секілді», — деп жазды ол.
Оған қоса, жергілікті белсенді Қаңтар оқиғасы кезіндегі халық табалының бірі көмір бағасын төмендету болғанын меңзеп, Павлодар облысында көмірді ең төмен бағамен сатуды талап етті.
«Қорыта айтсақ, Павлодар облысының Экология басқармасы өкілінің Майкүбе мен Сарыкөл, Талдыкөл секілді салықпен құтылып, ауа ластаушылардың мәселесін екі ай ішінде түбегейлі шешемін деген уәдесіне тоқталдық. Жиналыста көтерілген мәселелер сол жерде қалып қоймауын талап еттік. Қасым-Жомарт Кемелұлы, көмір бағасын төмендетіп, ел жағдайын жақсартуға қолдау көрсетіңіздер. Айта кетейік, қатерлі ісік дерті ауданымызда асқынып бара жатқандықтан елдің бүгіні мен болашағы үшін радиацияға тоқтау қойыңыздар», — деп жазды.
[:]