[:kz]
Алдымызда Құрбан айт мерекесі келе жатыр. Ол 21-тамыз күні басталады. Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша айт намазы осы күні таңертеңгі сағат 7.00-де оқылады. Бізге бұл жөнінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл-имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров айтып берді.
Қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында Мекке-Мәдинаға қажылық парызын өтеуге Қазақстаннан 3000 адам аттаныпты, осының тең жартысы, яғни 1500-дей адам Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан екен.
«Биыл қажылыққа ниет етушілер Оңтүстік өңірінен көп шығып жатыр, – дейді М.Естеміров. – Қажылыққа аттанғандармен тиісті дайындық жұмыстары жүргізілген. Оларды облыстық мешіттен Шымкент әуежайына шығарып салуға ҚМДБ бірінші наиб-мүфтиі Наурызбай қажы Өтпенов, Шымкент қаласы бойынша өкіл-имамы Бақтыбай қажы Бейсембаев қатысты.
Қажылыққа аттанғандарға діни басқарманың «Тауаф» фирмасы бастан-аяқ қызмет етеді. Құрамында дәрігерлер, уағызшылар, имамдар бар. Құдай сақтасын дейік, дегенмен біреу-міреу ауырып, дерті асқынған жағдайда оны сол жақтағы емдеу орындарына жатқызуға мүмкіндік бар. Жалпы, қажылыққа аттанғандардың барлығына менингитке, қояншыққа, жұқпалы ауруларға қарсы екпе салынған».
Сондай-ақ М.Естеміров бізге қажылыққа аттанғандардың қатарында 16 жастан бастап, 93 жасқа дейінгі азаматтардың барын айтты. Олар қажылық парызын өтеп болғасын елге 28-тамыздан 1-қыркүйекке дейін, екі-үш күн ішінде орала бастайды екен.
…Біз қажылыққа аттанған жамағаттың парыздарын аман-есен өтеп қайтуларына тілектестігімізді білдіреміз.
Қасиетті Құрбан айт мерекесі құтты болсын, ағайын!
Н. ӘБДІ
.zamana.kz
[:]