[:kz]
\
Өткен аптада қала тұрғындарымен кездескен Алматы әкімі Бауыржан Байбектің есептік жиынында оңтүстік астананың қаншама жылдан бері айықпай келе жатқан бас ауруы – жол кептелісі мәселесі тағы да көтерілді. «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайса» да, шаһар басшысы бұл тақырыпты айналып өте алмады. Өйткені қала халқы көбейген сайын көлік саны да артып, жол кептелісі ауыздық атаулыға көнер емес. Бауыржан Байбектің айтуынша, кептелістердің кесірінен Алматы экономикасы 600 млн теңге жоғалтқан.
130 жолайрық салынды, бірақ…
Күнде таңертең Алматы көшелеріне мыңдаған жүргізуші шығады. Олардың ішінде қоғамдық көлік, жеңіл көлік тізгіндегендер де бар. Діттеген жеріне уақытылы жетуге тырысатын қалалықтар таңмен таласа оянып, үйден ерте шығады. Өйткені кептеліс кезінде таяқ тастам жердің өзіне жету үшін сағаттар сарп етіледі. Ең өкініштісі, қала тұрғындары бұл жағдайдың өзгеретініне сенуден қалып барады. Себебі статистика көлік кептелістерінің күн артқан сайын өршіп бара жатқанын көрсетеді. Онымен күресудің жолы қандай деген сауалға шаһар билігі ғана емес, тәуелсіз ұйымдар, ғалымдар, құрылысшылар мен экологтар да бас қатыруда. Тіпті, студенттер мен мектеп оқушылары да өз жобаларын ұсынып, қала көшелерінің тынысын кеңейтуге шама-шарқынша үлес қосқысы келеді. Алайда түйткілді жою үшін әуелі оны тудырушы факторлармен күресу керек.
Көлік кептелісі неден туады? Бұған ең әуелі, көліктердің шамадан тыс көптігі себеп. Ресми статистикаға жүгінсек, 2017 жылдың маусым айында мегаполис халқының саны 1млн 777 мың тұрғынға жеткен. Халық саны артумен қатар көлік құралдары да айтарлықтай көбейді. Бүгінгі таңда Алматыда 467 мың көлік тіркелген. Ал Алматы облысында тіркелгені – 485 мың, олардың 300 мыңнан астамы қалаға қатынайды екен. Сондықтан жол қозғалысы қиындап, көшелерде кептеліс пайда болады. Бұдан бөлек, мегаполистегі көлік кептелістерінің тууына көшелердің тарлығы, жоғары жылдамдықпен жүретін қалалық және қала маңы жолаушылар көлігінің заманауи жүйесінің (LRT, BRT, қала маңы электричкалары) жоқтығы, автобустардың жетіспеушілігі, білікті қоғамдық көлік жүргізушілерінің тапшылығы, қала маңында дамыған қоғамдық көлік жүйесінің болмауы, ескі қоғамдық көліктердің сыйымсыздығы себеп.
Бұл мәселелерді шешу үшін былтыр Алматыға 499 жаңа автобус сатып алынған. Атап айтқанда, «Алматыэлектротранс» коммуналдық кәсіпорны – 388, Creen bus компаниясы – 50, «АвтоАлматранс» – 46, Батy Travel – 12, «Думантранс» 3 автобус сатып алды. Биыл жекеменшік автопарк иелері өз меншіктеріндегі тағы бірқатар ескі автобустарды жаңартуға ниетті.
Сондай-ақ, қаланың көліктік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 2023 жылға дейінгі іс-шаралар кешенінен тұратын жол қозғалысын ұйымдастырудың кешенді сызбасы бойынша 2017 жылы бірқатар жұмыстар атқарылған. Былтыр Абай даңғылын «Қалқаман» ықшамауданындағы Әуезов көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту бойынша жұмыстар аяқталып, 2 учаске пайдалануға берілді. «Бөкейханов көшесі – Солтүстік айналым көшесі қиылысындағы көліктік жолайрық» жобасы іске қосылды. Алатау ауданында – 10,9 шақырым, Наурызбай ауданында 17,335 шақырым жол салынған. Ұзындығы 147 шақырым 171 көше жөнделді. 6 көпір мен Байтұрсынов көшесі күрделі жөндеуден өткізілген. Жол жөндеу жұмыстарының негізінде қаланың көше-жол желісінің асфальт-бетонды жабынының 230 000 астамы жаңартылды. Өтеген батыр, Қабдолов көшелері мен Алтынсарин даңғылының бойындағы қоғамдық көліктерге бөлінген жолақтардың жалпы ұзындығы 101,5 шақырымға ұлғайды. Бөлінген жолақтар автобустар мен троллейбустардың орташа жылдамдығын 1,5 есеге, ал жолаушылар ағынын 30 пайызға арттырды. Ұзындығы 10 шақырымды құрайтын 8 орталық көшеде тұраққа тыйым салынған. Жалпы саны 10 000 көлік орнын қамтитын 747 жер телімінде ақылы тұрақтар орнатылды. Биыл көлік орнын 15 000-ға жеткізу жоспарлануда.
Қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырып, велосипед мінушілер қатарын арттыру бағытында да біраз шаруа істелді. Алматының 13 көшесінде ұзындығы 21 шақырым велосипед жолдары іске қосылды. Бұрын веложолдар өте аз, бір-бірімен байланыспаған еді. Өткен жылы «Орбита» ықшамауданынан Көк базарға дейін баратын үлкен велодәліз жасалды. 1730 велосипедке арналған 200 велостанса орнатылды. Бүгінде қаладағы веложолдардың жалпы ұзындығы 68 шақырымға жетті.
Алматының көліктік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған осындай шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанымен, көлік кептелісінің азаяр түрі көрінбейді дейді жергілікті тұрғындар. Мұны қала әкімі Бауыржан Байбек те мойындап отыр. «Қаланың ауа бассейнін кептелісте тұрған көліктер ластап жатыр. Қым-қуыт сәттерде 700 мың көлік сағатына 19 шақырым жүреді екен. Ал Будапештте бұл көрсеткіш 1,5 есе жылдам. Алматы экономикасы кептелістердің кесірінен 600 млн теңге немесе 2 млн доллар жоғалтып отыр», ‒ деді шаһар басшысы есептік жиында.
Қала әкімінің айтуынша, бұл мәселенің шешуі бір күннің жұмысы емес, жүйелілікті, инвестициялық қолдауды талап ететін ұзақмерзімді шаруа. «Осы бағытта «Фалкон Евробас» компаниясы электробус шығару бойынша зауыт құрылысын бастамақ. Бұл заманауи көліктер Еуропада да жоқ. Мұндай электробустар шетелге экспортталатын болады. Сонымен қатар, биыл БРТ жолының 8,7 шақырымдық бірінші кезегін бастадық. 22 шақырым болатын толық дәліз 2020 жылы аяқталатын болады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жеңіл рельсті көлік желісі салынады. Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы биыл басталады. Биыл Абай көшесін созу жұмыстары қолға алынбақ. Соңғы 10 жылда 130 жолайрығы пайдалануға берілген. Осы жұмыстың барлығы қала көшелеріндегі көліктердің санын 40-60 мыңға азайтпақ», ‒ деді Бауыржан Байбек.
«Алтын Орда» кептелістен қашан құтылады?
Мамандардың есебіне сүйенсек, жол қозғалысы тығыз қалаларда көлік жүргізушілер жылына 45 күнін кептелісте жоғалтады екен. Кептелістер уақыт пен ақшаның соры ғана емес, денсаулықтың да жауы. Ақ халаттылардың айтуынша, кептелісте жиі, әрі ұзақ тұру өкпе ауруларының туындауына әкеліп соғады. Оның үстіне, мамандар астма ауруымен ауыратындар үшін кептелісте тұру тіпті қауіпті екенін ескертеді. Сондай-ақ, жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы мен стресс кептелісте ұзақ уақыт тұрудың салдарынан болады.
Жол-көлік оқиғалары, әсіресе, кептелістен көз ашпайтын «Алтын Орда» базары маңында жиі тіркеледі. Қарасай ауданы аумағына, «Алматы – Бішкек» автотрассасының бойында орналасқан бұл базар ашылғалы бері халықаралық тас жолмен жүретіндерге барар жерге уақтылы жету арман. Одан бері де біраз жыл өтті, жол біршама кеңейді, аспалы өткел салынды. Соған қарамастан, кептеліс күрделене түспесе, жеңілдеген жоқ. Алматы қаласына келіп жұмыс істейтін Қарасай, Жамбыл аудандарының тұрғындары бар, халқының саны екі миллионға жетеғабыл Алматы қаласынан арзан азық-түлік іздеп базарға ағылатын ел бар, сағаттап жылжымайтын тығыннан талайдың жүйкесі сыр берді.
Күрделі мәселенің күрмеуін тарқату үшін өткен жылдың тамыз айында Алматы облысы әкімдігінің Алматы қаласындағы өкілдігіне осы жолға қатысы бар мүдделі орындар басшыларының барлығы жиналып, ақылдасқан еді. Нәтижесінде «Алматы – Бішкек» автожолының 786-790 шақырымындағы бөлігі, нақтырақ айтқанда, «Алтын орда» базары маңынан өтетін 3,8 шақырымдық жолды кеңейту жобасы бекітілді.
«ҚазАвтоЖол» мекемесінің Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрхат Ақылтаевтың айтуынша, «Алтын орда» маңындағы автожол арқылы тәулігіне 50 мың автокөлік өтеді. Мұндағы кептеліс мәселесін шешу үшін жолдың базар тұсындағы бөлігі 8 және 10 жолақты болмақ. Оның екі жолағы транзиттік көліктерге арналса, екі жолағы қала маңына жүретін көліктерге, ал бір жолағы қоғамдық көлікке арналады. Сонымен қатар, Райымбек ауылы тұсында төртінші жерүсті жолы жасалады. Жобаны толық жүзеге асыруға алдын ала есептеу бойынша 12 млрд теңгеге жуық қаржы кетеді деп болжанған. Жаңа жол 2020 жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі дейді құрылысқа жауаптылар.
Осыған дейін де кептелісте 2-3 сағат тұрып, барар жеріне кешігіп жететін жұрт бұған да көнбек. Тек құрылыс ертерек аяқталып, жаңа жол 2019 жылы пайдалануға берілсе деген тілек көптікі.
Кептеліс Алматының ғана бас ауруы емес. Халқы тығыз қоныстанған әлемнің өзге де ірі қалалары жолдағы көлік санын азайтудың амалын іздеп әлек. Кептеліс мәселесін шешіп үлгергендердің сәтті жобасын үлгі ретінде пайдаланушылар да аз емес. Мәселен, тұрғындары мен қонақтарының саны көптігіне қарамастан, жол қозғалысын қалыпты ырғаққа түсіре білген Лондон тәжірибесіне сүйенетіндер көп. Ұлыбритания астанасының орталығына жеке көлікпен кіру ақылы. 1997 жылы билікке Тони Блэр келіп, қаланың ережелеріне бірқатар өзгертулер енгізген болатын. Атап айтқанда, тарихи орталыққа – Сити, Вест-Энд, Вестминстер Сохо аудандарына жұмыс күндері сағат 7:00-18:30 аралығында кіру ақылы. Бұл аудандарды ақылы етпестен бұрын Т.Блэр автобустар санын көбейтіп, қоғамдық көлік пен таксиге арналған арнайы жолақ қойды. Қалада көлікті тұраққа қою мәселесіне байланысты қатал ережелер бар. Айыппұлды бағалау жүйесі іске қосылған. Осы және өзге де шаралардың арқасында бүгінде Лондон орталығында көліктер саны 40 %-ға азайған.
Ал «көлік елі» атанған Германия көлік кептелісін азайту, ЕО-ның ауаны ластамауға байланысты шарттарын орындау және айыппұл төлемеу үшін қоғамдық көліктерде халыққа тегін жүруге рұқсат беру сияқты радикалды шараға баруға мәжбүр. Қоршаған ортаны қорғау министрі Барбара Хендрикс және тағы екі министр ЕО-ның қоршаған ортаның қорғау комиссионері Кармену Виллаға жазған хатында: «Жеке көліктердің санын қысқарту үшін қоғамдық көліктерде жүруді тегін етеміз», ‒ деген болатын. Бұл жоба биылғы жылдың соңына дейін Германияның 5 қаласында (бұрынғы астанасы Бонн, индустриалды қалалар Эссен мен Манхеймді қосқанда) жүзеге асады.
Ауаны ластамауға қатысты ЕО талаптарын орындамаған елдерге Еуропа сотында іс қозғалып, олар үлкен көлемде айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Соңғы жылдары Берлиндегі ауаның ластануы ең жоғарғы көрсеткішке жетті. 2015 жылы Volkswagen компаниясының әлем бойынша 11 млн автокөлікті нормативті сынақтан өткізу кезінде ауаға шығаратын зиянды заттары туралы көрсеткіштерді дұрыс көрсетпегені анықталғаннан кейін басқа да автокөлік өндірушілеріне қатысты күмән туды. Экологтар жедел дабыл қағып, жүргізушілерге зиян келтіруі мүмкін деген қауіппен қаланың кейбір аймақтарында дизельді пайдалануға тыйым салуға қатысты сот ісін қозғады. BMW, Mercedes-Benz, Daimler, Volkswagen сияқты алпауыт көлік шығарушы компаниялар жергілікті транспорттың модернизациясы үшін қорға 250 млн еуро төлеуге келісті.
Германияда қоғамдық көлік жоғары сұранысқа ие. Өйткені басқа еуропалық елдермен салыстырғанда мұнда қоғамдық көлікпен жүру арзан. Мысалы, Берлинде метро билеті 2,90 еуро тұрса, Лондонда – 4,90 фунт (5,50 еуро немесе 6,80 АҚШ доллары). Енді қоғамдық көліктер тегін қызмет ете бастаса, жолаушылар ағыны тіпті еселене түсері анық. Демек, вагондардың санын, қызметкерлер қатарын, жолдар мен метро тізбектерін көбейту қажеттілігі туады. Мұның барлығы қаржыға келіп тірелмек.
Әлемдік мегополистердің тәжірибесінен ұққанымыз, кептеліспен күрес шараларының барлығы жергілікті тұрғындарды автокөліктен қоғамдық көліктерге көшіруге бағытталған. Мамандардың пікірінше, ауқатты адамдардың өздері де уақыт өте келе қоғамдық көліктерге көшеді, ол үшін тек екі басты шартты сақтау керек: онда ұрлық болмауы керек және тазалық сақталуы керек.
turkystan.kz
Анар Лепесова
[:]