[:kz]
Шымкентте жаңа туған нәрестенің мәйіті табылды. Нәрестенің денесін Рысқұлов көшесіндегі қоқыс контейнерінен коммуналдық жұмысшы тапты. Ол оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.
Таңертең Ержан Байтасов қоқыстарын жүк көлігіне тиемек болған. Осы сәтте қоқыстан пакетті байқап қалады. Пакет ішінен жаңа туған нәрестенің өлі денесін көрген. Нәрестенің денесі қан, кіндігі кесілмеген күйде болған.
“Таңертең сағат 7-де үш адам келдік. Қоқыстарды жинай бастадық. Контейнерді құлатып алдым да қоқыстарын теріп жатқанмын. Бір ауыр затты көрдім. Пакеттегі ет пе деп қалдым. Ашсам ішінде нәрестенің денесі. Алып лақтырып жібердім. Әріптестерім сенбей тұрды. Кейін есімді жиып алдым да іздей бастадым. Жұмысшыларды шақырдым. Бәрі көрді. Полицияны дереу шақырдық. Олар түсініктеме алды. Баланың басы қан болды. Денесі көгеріп кеткен. Кеше не бүгін туған секілді. Кіндігі кесілмеген күйде болды”, – деді Байтасов.
Оқиға орнына келген полиция бөлімінің мәліметінше, тергеу-пайдалану тобы мәйіттің визуалды белгілері жоқ екенін анықтады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 100-бабы (Ананың жаңа туған нәрестесін өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласындағы қоқыс салатын жәшіктен сәбидің денесі табылғанын хабарлаған едік.
[:]