АЛТЫНОРДА
Жаңалықтар

[:kz]»Қоқыста жатыр»: Петропавлда қазақ зиялыларының ескерткіші қараусыз жатқаны көптің ашуына тиді [:]

[:kz]

 

Петропавлда қазақ зиялыларына арналған ескерткіштердің бүгінгі күйі көпшілікті алаңдаттырып отыр. Қараусыз қалған мүсіндердің қатарында Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтпаев, Қожаберген жырау сынды ұлы тұлғалардың бейнесі бар. 11 жыл бұрын композицияны орнату үшін қала қазынасынан 38 млн теңге жұмсалған болатын деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Айта кетейік, 2010 жылы Петропавлда қала күні мерекесіне орай орталық саябақта ақын-жазушы, ғалымдарға арналған 34 ескерткіш орнатылған болатын. Басылым ақпаратынша, тарихи тұлғалардың шынайы бейнесіне ұқсамайтын 22 мүсін көпшілік сынына ұшырағаннан кейін авторы, алматылық мүсінші Қазыбек Сатыбалдинге қайтарылған. Қалған 12 ескерткіш те саябақта ұзақ тұрмапты. Биыл олар тұрған орнынан ғайып болған. 

 

«Күнде саябақта немерем екеуіміз қыдырамыз. Келе жатқанда ескерткіштердің атын атап, таныстырып қоятынмын. Балалар осындай ұлы тұлғаларды біліп, оларға еліктеп өсуі тиіс. Олардың жоқ болып кеткеніне өзіміз де аң-таң болып қалдық. Қайда екенін білмеймін. Көктем таяғанда жоғалып кетті. Әйтпесе жыл сайын жазда әктелетін.

Мүмкін оның қазіргі жастар үшін маңызы жоқ шығар. Бірақ маған ол ескерткіштер ұнайтын. Ел үшін зор еңбек сіңірген адамдар ғой», — дейді зейнеткер Майда Ғабдуллина. Басылым мәліметінше, 6 ескерткіш жарты жылдан бері мәдениет үйінің алдында қаңтарылып тұр. Қалған алтауының қайда кеткені белгісіз

.

Фото: Азаттық рухы

Олардың қатарында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сәкен Сейфуллин сынды жазушылардың бейнесі бар. «Ескерткіштердің астында тұрған тұғыры бүліне бастаған. Сондықтан мүсіндерді уақытша мәдениет үйінің алдына әкелдік. Оларды жөндеуге қажетті сома көлемі есептеліп, бюджеттен ақша бөлінеді. Бірақ әзір олардың қайда орналастырылатыны белгісіз. Қалған 6 ескерткіштің қайда кеткенін де білмеймін», — дейді Петропавл қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Азат Ыбыраев.

Ал Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтпаев, Қожаберген жырау, Федор Достоевский, Иван Шухов есімі жазылған тақтайшалар аяқ астында жатыр. Фото: Азаттық рухы Қала тұрғыны Жазира Көкбас ескерткіштердің қараусыз жатқанына шара қолдану қажет деген пікірде.

«Кеше елдің алдында тұрған қазақ зиялыларының ескерткіштері бүгін қоқыста жатқаны өкінішті. Олар ел болашағы үшін аз еңбек сіңірген жоқ… Ескерткіштерді алып тастады екен, оны біздің көзімізше осылай қорламауы керек еді. Таса жерге қойғаны дұрыс болар еді.

Осы үшін біз ұлт зиялыларының аруағының алдында айыптымыз. Кешірім сұрап, Құдайы ас беру керек. Кезінде ескерткіштерді жасау үшін қыруар ақша жұмсалғаны белгілі. Енді олардың керексіз болып қалғаны ма? Осындай әрекетке барған тұлғалар өз істері үшін жауап беруі тиіс», — дейді Жазира Көкбас. 

kaz.nur.kz

 

[:]