[:kz]
Айнұр Тұрсынбаева студент кезінде басынан өткен қызықты хикаясымен бөлісті. Айтыскер бір күндік табысына құрбысымен бірге ас ішпек болып, ұятқа қалды, деп жазады Stan.kz.
«Біз енді таза колхозда өскен қызбыз. Тура мағынасындағы «колхозницамын».
1994-те Таразға колледжге оқуға түстім. Жағдайымыз онша емес, жатақханада тұрамыз. Мен арасында тойларға шығып, айтыстарға шығып ақша тауып тұрамын… Бір күні бір тойдан 2 мың теңге алдым. Ойбой, кәдімгі миллионерсің енді! Содан жатақханада бірінші кездескен қызға «кеттік ресторанға» дегенсің ғой. «Киіміміз онша емес сияқты» деп ол кішкене қысылып қалды енді. «Киімді қайтесің, ақша бар менде» деп мен тұрмын күшеніп. Сонымен, колледжге жақын деген «Ботагөз» ресторанынан бірақ шықтық. Менюді алдық.. Тамақтар 350 теңгеден басталады екен. Сусын ішсең одан қымбат. Терлей бастадым кәдімгідей… құрбым сезді-ау деймін, «мен лағманды жақсы көрем, давай дунгагская кухняға барайық» деді. «Ууфф» деп атып шықтым мен де.
Сонымен, Төле бидің бойындағы бір асханаға кіріп кеттік. Ол жерден тойып шығуға ақша былай да былай жетіп тұр. Алшаңдап кіріп бардық! Смело заказ беріп отырмыз. Бір кезде подругам ішін басып күлсін келіп. “Әй не болды?!» «Мына менюді қандай тупой жазған, окорочканы окрошка деп қойыпты» деп өліп күліп жатыр… «Ой, позор» деп мен қосылдым оған… Даяшы қызды шақырып алып есімізді жимаған күйі «ОКРОШКА 2 ПОРЦИЯ» дедік… Типа мазақтаған түріміз ғой енді.
Сонымен, сәлден соң алдымызға түсініксіз бір тамақ келді. Не сорпаға, не айранға ұқсамайды. Ішінде бірдемелер жүр тағы.. Алдымен мен ішіп көрдім. Мұздай! Баж ете калдым, «администаторды шақырыңдар»! Келді! «Мынау не сұмдық! Біздің тауығымыз қайда! Мына мұздай сорпаны тым болмаса ысытып әкелмейсіңдер ме?!» деп дікілдеп жатырмын..
Бір кезде тек администратор емес, асханада отырған бүкіл жұрт шуылдап күліп кетсе бола ма?! Жынды ма деп қоямыз. Сонымен даяшы қыз құлағыма сыбырлап «бұл окрошка деген суық сорпа ғой» дейді… Үндемей отырып ішіп алдық. Сүмірейіп жатақханаға қайтып келе жатсақ құрбым: «Мана Ботагөзден шәй іше салу керек еді» деп міңгірлейді… Күлгеннің көкесі сол жерде басталды.. Есіме түссе әлі сол, есім шығып күлемін«, – деп бөлісті автор.
[:]