[:kz]
Елордада жол қозғалысы ережелерін бұзған айлакер жүргізуші ұсталды. Жүргізуші осы уақытқа дейін жол ережесін бұзса да, ол үшін мүлде айыппұл төлемеген. Себебі, айлакер азамат көлігінің мемлекеттік тіркеу нөміріне кішкентай жапсырма жабыстырып алыпты. Нәтижесінде, ол төлеуі тиіс айыппұлдар мүлде бейтаныс адамға келіп тұрған, деп жазады Stan.kz КТКарнасына сілтеме жасап.
Шымкент тұрғыны өзі жасамаған бұзушылықтар үшін «айыппұл төлеу туралы» есепшоттар ала бастаған кезде қатты таңғалды. Ештеңе түсінбеген ер адам Ішкі істер министріне және елорда полициясына шағымданды. Ал, содан кейін барып бұл іске кінәлі алаяқ табылды.
Сөйтсе, айлакер жүргізуші жапсырманың көмегімен көлігінің мемлекеттік тіркеу нөміріндегі F әрібін E-ге ауыстырып, бірнеше ай бойы емін-еркін тайраңдап жүрген. Бірақ, оның бұл қулығы көпке созылмады. Жапсырманың көмегімен өзгертілген бір әріпке бола бөтен біреу үшін айыппұл төлей жаздаған азамат полицияға шағым түсіргеннен кейін, әлгі алаяқтың өтірігі әшкереленді. Содан кейін оның автокөлігі айыппұлдар тұрағына жіберілді. Ал, жалған нөмірді пайдаланғаны үшін жүргізуші шамамен 50 мың теңге айыппұл төлеуі тиіс. Сонымен қатар, ол тіпті жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.
Stan.kz
[:]