АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қордай дүнгендері «тергеу әділетсіз өтіп жатыр» деп дабыл қағуда[:]

[:kz]

Қордай ауданындағы дүнгендер «тергеу амалдары әділ өтпей жатыр» деп үндеу жасады. Олар үндеуінде келтірген залалдың орнын толтыру әділ жүрмей жатқанын айтқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, kaztag.kz дерегіне сілтеме жасап.

Олардың айтуынша, оқиғаның болғанынан бері 3 ай өтсе де, моральдық шығынды айтпағанда, материалдық шығынды өтеу мәселесі әлі шешімін таппаған көрінеді. 
 
Үндеу жасап, жанайқайын жеткізушілер бірнеше тұрғынның «тергеу органдары тарапынан моральдық, психологиялық-физикалық қысым» көріп жатқанын айтқан. Ал олардың сөзінше, «қылмыстық іс жасамай, өзін және отбасын қорғағандарды да істі қылуға тырысып жатыр». 

«Жарақат-зақым алған ауыл қорғаушысын ешқандай шақырту қағазынсыз немесе басқа да құжаттарсыз шақыртып алып, сұрақтың астына алуда. Марқұм болған Лохаш Лугмардың анасын қорқытқаны соншалық, оның қан қысымы көтеріліп кетті, абырой болғанда дәрігерлер оны құтқарып қалды. Оның үйіне түнгі сағат 23:30-де маска таққан 12 адам барып, ешқандай құжат көрсетпестен тінту жүргізген. Анасы қазір 73 жаста, бұл күндері қаза болған адамның ағасымен бірге тұрады. Ясыр Хусезовтың анасы болса, баласы тұтқындалып, азапталған түні көз жұмды. Балаларды қабірді ашамыз деп қорқытқан соң, олар арыз жазудан бас тартқан», — делінген үндеуде.

Осы орайда, Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров: «Біз әрбір үндеуге назар аударамыз, баға береміз. ОЛ назардан тыс қалмайды», — деп жауап берді. 

Өз кезегінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев дүнгендердің шығындарды өтеу туралы таратқан ақпараты «аздап жаңсақ» екендігін айтты. 

 «Біріншіден, зардап шеккен 39 отбасыға 44 млн теңге көлемінде көмек берілді. Мұнан өзге, жалғыз асыраушысынан айырылғандардың отбасыларындағы әрбір бала кәмелеттік жасқа толғанша ай сайын 55 мың теңгеден алады. Келесі мәселе — жөндеу жұмыстары демеушілер есебінен жүргізілуде, бұл үшін қор құрылған, ақша жеткілікті. Қазір 65 нысанның 54-де жұмыс жүріп жатыр. 11 нысанда жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Себебі, ол нысандарда салу кезінде заң талаптары сақталмаған. ОЛ үйлер «қызыл сызықта» тұр, ешқандай құжаттары жоқ. Сондықтан бұл мәселені коммиссия қарайды және кейінірек тиісті шешім қабылдайды. Бәрі заңды болуы керек. Ал тұрғындардың айтып жүргені 103 үй, оларға кішігірім зақым келген, терезесі сынған дегендей. Үй иелері «қаржы тауып берсеңдер, өзіміз жөндеп аламыз» дегендіктен, оларға  демеушілердің ақшасы берілді. Қазір аталған үйлердің құрылыс бітті. Қалғандарын тамыздың соңына дейін бітіреміз», — деді Ержан Жылқыбаев.

Естеріңізге салайық, 7 ақпан күні Қордай ауданындағы бірнеше ауылдарда жаппай тәртіпсіздік болған еді. Оқиғаның салдарынан 11 адам қаза тауып, 170-тен астамы жарақат алған. Оған қоса, Масаншы, Ауқатты ауылдарында бірнеше үй мен сауда нысандары қирап қалған.

 

[:]