[:kz]
ТМД елдеріне аса танымал «Украина дауысы» музыкалық жобасында өнер көрсеткен қос қазақстандық әнші келесі кезеңге жолдама алды. Индира Еділбаева мен Ерлан Байбазаров қазыларды таңдай қақтырып, жобадағы жолын жалғастыруға мүмкіндік алды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қуанышты жаңалығымен Еділбаева мен Байбазаров өзінің Instagram парақшаларында бөліскен. Олар өзіне қолдау көрсеткен барша жанкүйерлер мен өз жетекшілеріне алғысын жаудырған.
Жобаның бұл кезеңінде отандық әншілер өзге өнерпаздармен жұп болып өнер көрсетті. Музыкалық доданың ережесіне сәйкес, бір әнді шырқаған екі орындаушының тек біреуі ғана келесі кезеңге өте алады.
Жолдама үшін Индира Еділбаева украиналық Евгений Анишкомен, Ерлан Байбазаров өз кезегінде Мария Кондратенко есімді жас әншімен таласты. Нәтижесінде, қазылар алқасы екі жұпта да қазақстандық өнерпаздарды таңдап шықты.
Еске сала кетейік, Индира Еділбаева жобада танымал әнші Дан Баланның, ал Ерлан Байбазаров Потап пен Настя Каменских жұлдызды жұбының тобына кірді.
Айта кетейік, бұған дейін Индира Еділбаеваның украиналық музыкалық додада көпшілікті таңғалдырғанын жазған болатынбыз.
[:]