АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz] Қошқаратаға шомыламын деп бір лыпамен қалыпты [:]

[:kz]

Кешегі аптада бір ойландыратын жайға куә болдым. Сосын бұл жөнінде өзгелер де біліп, сақ жүрсін деген оймен бұл жөнінде газетке жазуды шештім.

Сол күні түстен кейінгі сағат 4-тердің кезінде ауланың сыртында тұрғанмын. Жаныма жасы 50-дің шамасындағы бір азамат келді. Үстінде ескіріңкіреген футболка мен шорты, аяғында кроссовка бар екен. Оның бұл түрі маған тосын көрінді. Өзі былай қарағанда тұрмысы төмен жанға ұқсамайды, бірақ мені оның үстіндегі киімі ойландырды.

Оның өзі де осы киімінен ыңғайсызданып келе жатса керек, менің көзқарасымды бірден аңғарды.

– Туысқан, айып етпе. Қошқаратаға шомылуға барған едім, киімдерімді, ақшамды – бәрін ұрлатып алдым, – деді ренішті кейіпте.

– А-а…

Не дерімді білмей қалдым.

– Темекің болса… – деді ол маған әңгіме айтқысы келгендей оқталып. Оған қалтамнан бір тал темекі әпердім.

Шымкенттегі Қошқарата өзеніне біз де кей-кейде шомылуға барып тұрамыз ғой. Осы уақытқа дейін ол жақта біреудің бірдеңе жоғалттым дегенін естімеппін. Бірақ өз басым шомыларда киімдерге қарағыштап, сақ жүретінім бар. Сондықтан бұл азаматтың қалай тоналып қалғанын білгім келді.

– Бұрын өзім талай барып шомылған Қошқарата ғой, – деді ол осыны сезгендей. – Тіпті де сақтық ойламаппын. Бүгін ауылдан қалаға бір шаруалармен келіп едім. Жұмысымды ойдағыдай бітіргесін Қошқаратаға бір шомылып қайтайын дегенмін. Оның үстіне күн де қатты ысып кетті ғой.

Содан түске таман өзенге барсам, онда шомылып жүрген адам көп екен. Ойымда ештеңе жоқ, бір оңашалау, ыңғайлы тұсты тауып алып, өзеннің салқын суына рахаттана шомылдым.

Киімдерімді ұқыптап ағаштың көлеңкесіне қойғанмын. Қалтасында заттарым бар еді. Қалай алып кеткенін білмеймін, біреу киімдерімді аяқ киіміме қоса түгелдей көтеріп кетіпті. Оған қоса телефонымнан, 40 мың теңге ақшамнан, бірер құжаттарымнан айырылдым. Телефон мен ақшаны алғасын басқасын лақтырып кеткен болар деп  сол төңіректің бәрін іздедім, бірақ киімдерімді таппадым.

Қысқасы, Қошқаратаға рахаттанып шомыламын деп жүріп бұтымдағы жалғыз лыпамен қалдым. Сосын бір жігітке өтініш жасап, осындағы кластасымның үйіне телефон шалдым. Ол маған киім мен ауылға жетіп алатын ақша әкеліп берді. Енді автовокзалға кетіп барамын.

…Осыны айтқан азамат қош айтысып, ұзай берді. Оған киім де, ақша да табылар, уақыт өте бұл оқиғаны күліп еске алатын да шығар. Басы аман болсын әйтеуір. Ал оның киімі мен заттарын ұрлаған оңбағандар бір керемет іс бітіргендей мәз болып жүрген шығар. Құдай сондайлардан сақтасын!

Осы орайда жұртшылыққа күннің ыстығында су көздеріне жалғыз-жарым барып шомылмаңыз дегіміз келеді. Өйткені ондай кезде аңдыған ұрының көзіне тез түсуіңіз, одан басқадай да қауіпке ұрынуыңыз мүмкін ғой.

Ендеше, сақ болыңыз!

Р. ҚАЛТАЙ.

Zamana.kz

 

[:]