АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Құрақ құрап, көрпе тігіп, қыз жасауын дайындайтын жігіт[:]

[:kz]

Тігу, тоқу өнері кез келгенге қол емес. Әсіресе ер адамдар ине ұстау­да мүлде епсіз келеді.  Десек те тігуден және тоқудан алдына жан салмайтын Нұрлан Жартыбеков туралы олай айтуға келмейді. Бес жасынан бері тоқыма бізін қолынан тастамай келе жатқан ол Алматы облысы, Қапшағай қаласының тұрғыны.

 

30 жастағы отбасылы жігіттің Айдана атты жұбайы, Жасмин есімді екі жасар қызы бар. Бүгінде ол «Балдәурен – Қапшағай» республикалық оқу-сауықтыру орталығында мұғалім болып жұмыс істейді. Аталған орталықта балаларға көркем еңбек пәнінен сабақ беріп, оқушыларға білгенін үйретуден жалықпай келеді. Негізгі мамандығы суретші бола тұра тоқымаға өте әуес. Бұл өнерге оны кезінде марқұм анасы үйреткен екен.

Тоқыма тоқудың арқасында Нұрлан Жартыбековтің есімі былтырғы жылы «КИнЭС» деп аталатын қазақстандық рекордтар кітабына екі рет енген. Бірін­шісінде көзді жұма отырып, бір минутта 57 ілмек тоқып, жылдамдыққа жұмыс істесе, екіншісінде үш күн қатарынан үзіліссіз бас-аяғы 43 метр болатын мо­йынорағыш тоқып, рекорд орнатқан. Алғаш естігенде өзіміз де аса сеніңкірімей: «Адам үш күн, үш түн ұйықтамай жұмыс істеуі мүмкін бе?» – деп сұрадық. Бұл сауалымызға ол: «Мүмкін болған соң рекорд орнаттым ғой. Негізі мен ұйықтамауға бес күнге дейін шыдаймын.

Кішірек кезімнен тоқып үйренген жанмын, тапсырыс келген кезде төрт күнге дейін ұйықтамай тоқитынмын», – деп жауап берді.

– Рекорд орнату барысында тамақтануға 8 минут берілді. Арасында 5-10 минуттық аз-кем үзілістер болды.  Сол үшін 3 сағат қосып, бас-аяғы 75 сағат тоқыдым. Бірақ оның 72 сағатын қабылдады. 72 сағат бойы фотоға, видеоға түсіріп отырды. Комиссия кезектесіп тексеріп отырды. Медицина қыз­мет­керлері де денсаулығымды бақылап, әр үш сағат сайын тексеріп тұрды. Ендігі мақсатым – тоқымадан әлемдік рекорд орнату, – дейді Нұрлан.

Өнерлі жігіт тек мойынорағыш қана емес, балаларға, әйелдерге арналған қыстық жемпірлер, көйлектер, сөмкелер де  тоқиды. Ол тоқылған бұйымдарының көбіне сатылымға шығатынын сөз ете келе, оған қажетті жіпті өзі қолдан иіріп, дайындайтынын айтады.

Сонымен қатар, тоқымашы жігіт бір жылдан бері Қазақстанға енді ғана келіп жатқан паперкрафт өнерін де қолға алыпты. Бүгінде Нұрлан Жартыбеков кәдімгі А4 қағаздан сан түрлі мүсіндерді жасап жүр.

Айтуынша, әр затқа әртүрлі мөлшерде қағаз кетеді екен. Мәселен, бір арыстанның бейнесін келтіру үшін 300 бет А4 қағазы жұмсалыпты. Ол осындай жұмыстары арқылы халықаралық байқауларда екі рет гран-при алған. Мұны тек тапсырыспен ғана емес, көрмелер үшін де арнайы жасайды екен.

Тоқымашы жігіттің өнері мұнымен бітпейді. Ол он жылдан астам уақыттан бері қыз жасауын тігумен айналысады. Құрақ та құрайды, көрпе де тігеді. Қыздың жасауына не кіреді, соның барлығын өз қолымен дайындай алады. Айтуынша, оған тапсырыс берушілер өте көп.

Бұл істе жұбайының ара-тұра көмектескені болмаса, көрпе-көрпешені көбіне өзі тігеді екен. «Әйелдің, ердің ісі деп бөлмей, қолдан келіп тұрса, неге аянбай жасай бермеске? Қазақы өнерімізді неге дамытпас­қа?» – дейді Нұрланның өзі.

Расында да, жігітке жеті өнер де аз демей ме? Ендеше, бойда ебі болса оны кәсіпке айналдырғанда тұрған ештеңе де жоқ қой.

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

Замана

 

 

 

 

[:]