АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Курстық жұмыс: 1993 ж. Қазақстан Республикасындағы ақша реформасы

 

 

Жоспар

 

І Кіріспе

ІІ Негізгі бөлім

  • Ақшаның шығу тегі
  • Ақшаның қажеттілігі мен экономикалық мазмұны
  • Ақшаның қызметтері және олардың қазіргі жағдайда дамуы
  • 1993 ж. Қазақстан Республикасындағы ақша реформасы.

ІІІ Қорытынды  

 

АҚШАНЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ

Ақша ежелгі заманда пайда болды. Олар тауар өндірісінің дамуындағы бірден-бір шарт және өнім болып табылады. Тауар — бұл сату немесе айырбастау үшін жас-алынған еңбек өнімі. Адам еңбегінің өнімі (зат), оны өндірушілердің белгілі қоғамдық қатынастарын тудыра отырып, тауар формасын қабылдайды. Заттардың тауарға айналуы ақшаның пайда болуындағы объективті алғышарттарды құрайды. Бірақ кез келген зат тауар бола алмайды. Егер (нақты еңбекпен белгіленген) тұтыну құны өз сатып алушысын таппаса немесе қоғам тарапынан мойындалмаса, онда оны дайындауға кеткен уақыттың рәсуә болғаны; мұндай бұйым тауарлық формаға ие емес, өйткені оның қоғамға қажеті шамалы. Сондықтан да әрбір тауар қажетті тұтыну құнын алу кұралы бола отырып, өзінің өңдеушісіне қатынасы бойынша айырбас құны ретінде көрінеді. Айырбас құн тауарлардың өзінен бөлініп шыққан және олармен бірге өз бетінше өмір сүретін тауар, ол ақша.

Әрбір ерекше тауар міндетті түрде тұтыну құны ретінде көрінеді. Оның құны жасырын түрде болады және тек қана ақшаға теңестіру жолымен табылады. Тауарлар және ақшалар бір және осы тауар формасының нақты қарама-қарсы жақтары бола отырып, айырбас процесінде бір-бірін табады және өзара бір-біріне ауысады.

Алғашқы қауымдық құрылыс кезінде бір тауардың басқа бір тауарға кездейсоқ айырбасталынуы барысында, айырбас құнның жай немесе кездейсоқ формалары қолданылады (1 балта = 5 құмыра, 1 қой = 1 қап бидай және т.б.).

Тауар өндірісінің дамуы барысында кездейсоқ айырбас жиіленді. Жалпы тауар массасының ішінен барынша жиі айырбасталатын тауардың бөлініп шығуымен құнның жай формасы толық формаға өте бастады. Мысалы, бидайды етке, майға, жүнге және т.б. айырбастауға мүмкін болды.

Тауар өндірісінің өсуіне байланысты неғұрлым жиі айырбасталатын тауар — барлық басқа тауарлардың бір-бірімен өзара айырбасталу құралы бола бастады. Осыдан келіп, құнның толық немесе кең көлемдегі формасынан жалпы кұндық формасына жасырын түрде өту басталды. Бірақ оның ролі бір тауарға нық бекітілмеген еді. Біртіндеп жалпы құндық эквивалент ролін белгілі бір тауарлар көптеп атқара бастады және осы тауарлар ақша деп аталынды. Құнның жалпы құндық формасы ақша формасына айналды.

Тауар айналысының тарихи эволюциялық даму процесінде жалпы құндық эквивалент немесе рәсімделінбеген ақша формасын, әр түрлі тауарлар қабылдады. Әрбір тауарлы-шаруашылық уклад өз эквивалентін алға тартады. Бір халықтың өзінде әр түрлі уақыттарда және әр түрлі халықтарда бір мезгілде әр түрлі экваваленттер болды. Сонымен, бірінші, ірі еңбек бөлінісінің нәтижесінде мал бағушылардың бөлініп шығуымен мал (ірі қара) айырбас құралына айналды. Олардың белгілі түрлері табиғи-климаттық жағдайларға байланысты нақты сол ортада айырбас құралы болды. Шалғынды аудандарда — жылқы, сиыр және қой; ал шөл және шөлейт аудандарда — түйе; тундрада — бұғы жалпы құндық эквивалент қызметін атқарады. Малды жалпы эквивалент ретінде пайдаланылғаны туралы нақты дәлелдер әр түрлі қолжазбаларда, қазба жұмыстарының нәтижелерінде табылған заттарда, поэзияларда кездеседі. Гомердің көне Троя батырлары туралы поэмасында өгізді құн өлшемі ретінде пайдаланғаны жайлы айтылады. Осы уақыттарда металдан жасалынған ақшаларда «өгіз» деген атау ойып өрнектелініп жазылып жүрді. Латынның сөзі «пекуния» (ақша) «пекус» («мал») сөзінен шыққан. «Рупа» («мал») сөзі үнділердің ақша бірлігінің атауы «рупия» негізінде жатыр. Ежелгі Русьтарда да ақша металл ақшаларға ауысқаннан кейін де «мал» деген атауға ие болды. Ярослав Мудрый 1018 ж. былай деген «біздің жинаған малдарымыз: ерлерден 4 күн, старостылардан 10 гривен және боярлардан 18 гривенен тұрады». Ол кездегі қазынашы «малшы», қазына, қазына жинау орны — «мал ұстайтын орын» деп аталынды.

«Капитал» сөзінің шығуы да малменен байланысты, өйткені ескі герман тілінде бұл сөз мал басы санының көптігін білдіре отырып, меншік иесінің байлығын көрсетті.

Солтүстік халықтары ең бірінші тауар ретінде айырбас үшін жүнді пайдаланды. Ежелгі скандинавтар көлемі бойынша әр түрлі тауарлар сатып алу барысында құстардың, аңдардың жүндерін пайдаланды (үкі, түлкі, және т.б.). Құс жүндері Солтүстік Сібір халықтарында, ал аң жүндері Солтүстік Америка халықтарында жалпы құндық эквивалент ретінде қолданылды. Жүн ақшалар Монғолияда, Тибетте және Памир аудандарында кең көлемде таралды. Ежелгі Русьтардың арабтармен, хазарлармен, Византиямен сауда-саттық жасауы барысында жүн ең басты құралдардың бірі болды. Ежелгі Русь елінде жүн ақша жүйесінің бүгіні болып саналды. 1610 жылы жаулап алынған орыстардың әскери кассасында 5450 руб. күміс пен 7000 руб. жүн табылды.

Жылы теңіздердің жағасын мекендеген тайпалар айналыс құралы ретінде бақалшақ (раковинді) ақшаларды пайдаланды. Тарихта бақалшақ алкалардың келесі атаулары сақталынды, бұлар: чангос, цимбис, бонгез, хайква- және т.б. Көлемі түймедей ақшыл-қызғылт бақалшақ Кари көптеп таралды. Безендірулер түрінде жіпке тізілгендері Ежелгі Үнді елінде, Қытайда, Үндіқытайда, Африканың Шығыс жағалауларында, Цейлонда және Филиппин аралдарына алғашқы ақшалардың қызметін атқарды. Американдық үнділердің белдіктерінде бақалшақ ақшалар құстардың, жыртқыш андардың келбет-кескінін көрсете өрнектеліп, былғары белдіктерге көрік берді. Бақалшақтарды Солтүстік Американың Тынық мұхит жағалауларында, Полинезияда, Каролин және Соломон аралдарында айырбас құралы ретінде пайдаланылды.

Бақалшақ ақшалар тауар ақшалардың ең бір тұрақты формасы болып табылады. Біздің бүгінгі күндерімізге дейін өмір сүре отырып, олар ешқандай өзгеріске ұшыраған жоқ. XX ғасырдың 70-жылдарының басында Соломон аралдарының кейбір тұрғылықты тұрғындарының ақша айналысы ретінде бақалшақтардың үш түрі: ең арзаны — қара түсті (курила), ақ түсті (галиа), аса қымбат — қызыл түсті (ронго) пайдаланылды.

Әлемде әр түрлі «экзотикалық» ақшалар болған. Каролин аралдары тобына кіретін Яво аралында осы күнге дейін фен ақша айналысында қызмет етеді. Олардыңд формасы дөңгелекше тас түрінде келе отырып, диірменнің тасын еске түсіреді. Мұндай «монеталардың» диаметрі бірнеше метрге, ал массасы тоннаға дейін жетеді. Сауда мәмілесі орындалғаннан кейін сатушы феяға бұрынғы иесінің белгісін өшіріп, өзінің белгісін соғады.

Юлий Цезарь патшалығының тұсында ақша ретінде құлдарды пайдаланды. Сонымен, бір құлдың құны үш сиыр, алты бұзау, он екі қойға теңестірілді.

Өнер мен жер игерушілердің бөлінуімен эквиваленттің жетілуі жалғасты. Бөлінушілік, бірігушілік, біркелкілік мінездемелері бар эквиваленттер пайда болды. Бұл аз бұзылатын өсімдік өнімдері — зәйтүн майы, күріш, кофе, какао, құйма түріндегі тұздар, т.б.

Жалпы эквивалент ретінде металдар да пайдалана бастады. Ежелгі Спартта, Жапонияда, Африкада темір, мырыш, қорғасын, мыс, күміс, алтын түріндегі ақшалар пайдаланылды. Рим императоры Дионисий Сиракуз және орта ғасырдағы ағылшын корольдары мырыш ақшаларды құйды. Қытайда және Ежелгі Римде мыс ақша ретінде пайдаланылды. ХҮІІ ғасыр Солтүстік Америкада (Массачусетс штатында) ұсақ төлемдерге қорғасын дөңгелекшелер колданылды. Металл ақшаларының артықшылығы, олар — біркелкі, төзімді, ұсақталынады, және т.б. Металл ақшалардың кең таралуымен ақша есебінің салмақтық жүйесі нақтылана түсті.

Кейін келе металдардың арасында басты роль алтын мен күміске өте бастады, өйткені олар жалпы эквивалент үшін аса қажетті сапаға ие.

Әрине, металдар бұған дейінгі ақша формаларын бірден ығыстырып шығарып тастаған жоқ. Ұзақ уақыт бойы металл ақшалар тауар формасын сақтап келді. Темір ақшалар күрек, таға, шеге, шынжыр және т.б. формаларда ұзақ уақыт бойына сақталынды. Грек ақшасының атауы «драхма» «бір уыс шеге» деген мағынаны білдіреді. Мыс ақшалар қазандық, құмыра, қалқан түрлерінде айналыста болды. Күміс және алтын ақшалар жүзік, сырға, білезік түрінде пайдаланылды.

Бірақ б.э. дейін XIII ғасырда салмағы көрсетілген құймалар пайда бола бастаған. Осындай себепке байланысты көптеген ақша бірліктері фунт стерлинг, ливр (жарты фунт), марка (жарты фунт) салмақ бірліктері атауымен аталады. Алғашқыдағы белгілі массасы бар формасыз металл ақшаларды кейін келе әр түрлі массадағы біркелкі формасы бар металл ақшалар ауыстыра бастады.

Монеталардың пайда болуы — ақшаның құрылуындағы соңғы кезең болып табылады.

 

 АҚШАНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ МЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘНІ

Ақшаның өмір сүруіндегі объективті қажеттілік ол тауар өндірісі және тауар айналысының болуына негізделеді. Кез келген тауар айналысында ақша айырбас құралы болып табылады. Тауар және ақша бір-бірінен бөлінбейді. Ақша айналысы болмаса, онда тауар айналысы да болмайды.

Бірақ XVI ғасырдың басында (1516 ж.) утопиялық социализмнің негізін қалаушы Томас Моор өзінің «Жаңа Утопия аралы және мемлекеттің үздік құрылымы туралы алтын кітап» деген еңбегінде: «Алдау, ұрлау, тонау,  өлтіру заң тәртібімен қатаң жазаланатынын кім білмейді әйтсе де бұл жөнінде алдын ала ескертілмеу мүмкіндігі бар жерде алдымен ақша құрымай, олар да жоғалмайды, сонымен бірге, ақшаның жоғалуына байланысты адамдардың алаңдаушылығы, қайғысы, қиыншылықтары және ұйқысыз түндері де ұмытылар еді. Егер ақша адам өмірінен алысталынатын болса, онда тіпті ақша қажеттілігінен туған кедейліктің өзі де жойылар еді».

Ол аздай Т. Моор тағы былай деді: «Қай жерде болсын барлық нәрсені ақша өлшемімен өлшейтін болса, онда ол жерде мемлекеттік істердің табысты және дұрыс ағысынын болуы мүмкін емес».

XIX ғ. Социал утопистері — Прудон, Оуэн, Грси және басқалар ақшаға теріс көзқараста болды. Прудон тауар өндірісін сақтай отырып, ақшаны жоюдың жобасын ұсынды және оны дәлелдемек болды.

Мұндай ойлар Ресейде де айтылды. Қазан революциясынан (1917) кейін, азамат соғысы жылдарында ақшаның құнсыздануы байқала бастаған кезде ақшаны жою сәті келеді, яғни тарихтың өзі осыған алып келді деген тұжырымдар пайда бола бастады. Керек десеңіз ауыл шаруашылық өнімдерін өнеркәсіп өнімдеріне тікелей айырбастауды ұйымдастыруға тырысты. Шындығында, оның бәрі сәтсіз аяқталды. С.Г. Струмилин ақшаның орнына еңбек бірліктері тредаларды, ал ағылшын экономисі Смит Фальтнер энергетикалық бірліктерді — энедаларды пайдалануды ұсынды.

Осыған байланысты К. Маркс былай дейді: ақшаларды жоя отырып, біз қоғамдық дамудың ең жоғары сатысында (коммунизмде) болуымыз мүмкін немесе ең төменгі сатыға (алғашқы қауымдық құрылысқа) қайта оралар едік. Қанша дегенмен де коммунизм — ол қиял, сондықтан да ақша болған, олар бар және бола береді.

Ақша тауардан дами отырып, тауар болып қала береді, бірақ тауар ерекше жалпылама эквивалент.

Ақша — жалпы бірдей эквивалент, ерекше тауар, онда барлық басқа тауардың құны бейнеленеді және оның делдал ретінде қатысуыменен тауар өндірушілер арасында еңбек өнімдерінін айырбасы үздіксіз жасала береді.

Жалпыға бірдей эквивалент ролі тарихи түрде алтынға бекітілген. Алтынның басқа барлық тауарлардың құнын бейнелеу қасиеті, оның табиғи қасиеті емес. К. Маркс айтқандай: «Табиғат ақшаны жаратпайды. Алтынға бұл қасиет қоғаммен берілген».

Алтын жалпыға бірдей эквивалент ролін орындау үшін ең бір лайық тауар болып қалып отыр. Біріншіден, ол ерекше табиғи сапаға ие: бөлінуі оңай, әдемі, бұзылмайды, тот баспайды, тек қана «патша арағында» (2/3 тұзды және 1/3 азот қышқылында) ериді. Екіншіден, ең бастысы алтын жоғары құнға ие. Қанша дегенмен оның қорының аз болуы, алтынды өндіруге кететін еңбек шығындарының өте жоғары болуына әкеліп соқтырады. Алтынды тұтыну жылдан-жылға өсуде. Ол әр түрлі салаларда пайдаланылады — электроникадан бастап зергелік істерге дейін, бірде өте жұқа қалыңдықпен, бірде балқытылған құймалар турінде кездеседі. Тек қана циферблаты 6 м диаметрдегі Кремль курантына алтын жалату үшін 26 кг алтын жұмсалады, мұндағы алтын жалату қалыңдығы 3 мк. жуық 4000 жылдардан бастап б.ғ. және 1985 жылға дейін әлемдегі барлық өндірілген алтын 90 мың т. құрады. XX ғасырда 60 мың тоннадан астамы өндірілді, соның ішінде 30 мың тоннаға жуығы — екінші дүние жүзілік соғыстан кейін өндірілген.

Ресей XIX ғасырдың 20-жылдарында алтын өндіруден бірінші орында болды. Өткен ғасырдың 40-жылдарында оның дүниежүзілік алтын өндірісіндегі үлесі 40%-ды құрады.

Алтын өндіру қиын және капиталды көп қажет етеді. Сонымен, 1 кг алтын алу үшін 3000 м орта тереңдіктегі тау қыртыстарының 100 тоннасын қайта өндеуі қажет.

Алтынды ең көп өндіретін Оңтүстік Африка Республикасында (ОАР) алтын өндірушілердің еңбек ету жагдайы құлдардың өмірі сияқты: олар 40°С-ден жоғары температурада терең жер астыларында жұмыс істейді. Мұнан бұрын, ОАР-да әлемдік алтын өндірісінің 2/3-і өндірілсе, ал қазір 1/3-і ғана өндіріледі.

Алтынды өндіру дүниежүзінде апатты жағдайда құлдырауда.

Қазақстанда 160 алтын кен орындары бар. Соның ішінде 60-сы жұмыс істеп тұр және олардың жылдық өнімі 1994 жылы 25 тонна алтынды құрады.

Алтын тек қана алтын валюта резервтерді ғана құрамайды, сонымен бірге электронды-есептеуіш және компьютерлік техникаларды, түнгі механикалық аспаптарды, синтетикалық талшықтарды жасау үшін де қолданылады.

Жасанды алтынды ойлап табу сұрақтары әр кез адамзатты толғандырды. Бұныменен ежелгі уақыттарда ал
химиктер еңбектенді. Ежелгі Египетте жалған алтын құймалары табылған. Біздің ғалымдар ұзақ уақыт іздену мен сынақтар жүргізулері нәтижесінде нағыз алтынды мынадай құрамда алды: палладий — 65%, индий — 35%. Электр кедергісі алтынның техникалық құймасына жақын. Жаңа кұйма қаттылығы алтыннан алты есе асып түседі.

Құрамын өзгерте отырып (палладий — 55%, индий -45%) червондық алтын алынды, бірақ мұндай алтынды жасанды жасау бұл процестің тиімділігін көрсетпеді. Қазіргі ядерлік физика атомдардан күкірт және сынаптан алтын атомдарын алуға мүмкіндік берді. Бірақ жасанды алтынды жасау мүмкіндігі бұл процесті тиімді етпейді. Мұндай алтынның өзіндік құны өте жоғары және бұл жолмен алынған металл табиғи алтынменен өзінің бағасының төмен болуына байланысты нарықта бәсекеге түсе алмайды. Сон-ымен қатар, жасанды алтын өнеркәсіпте, тіс салуда және зергелік бұйымдарды жасауда пайдаланылады, бірақ еш уақытта ол жалпыға бірдей эквивалент ретінде бола алмайды. «Ақша — зат емес, ол — қоғамдык қатынас».

Олар шындығында коғамдык қатынастарды тудырушылар болып келеді. Бұл дегеніміз, коғамнан бөлінген адамдар үшін ақша керек еместігін білдіреді. Робинзон Крузоға олар керек болмаған. Батып бара жатқан кемеден кұткарылып алынган заттар оған адам аяғы баспайтын аралда қажет болған, ал ақшалар болса өзінің барлық құндылығын жоғалтты.

Ақша — өндіру мен бөлу процестерінде адамдар арасындағы белгілі бір экономикалық қарым-қатынастарды көрсететін, тарихи даму үстіндегі экономикалық категория болып табылады. Экономикалық категория ретінде ақшаның мәні оның үш касиетінің бірігуімен көрініс табады.

— жалпыға тікелей айырбасталу;

— айырбас құнының дербес формасы;

— еңбектің сыртқы заттық өлшемі.

Жалпыға тікелей айырбасталу формасында ақшаны пайдалану, кез келген материалдық кұндылықтарға ақшаны айырбастау мүмкіншілігінің бар екендігін керсетеді. Социализм жағдайында бұл мүмкіндік елеулі қысқарды және тек қоғамдық жиынтық өнімді пайдалану және бөлумен ғана шектелді. Кәсіпорындар, жер, орман, жер асты байлықтары сатылмады және сатып алынбады. Қазіргі кезде жекешелендіру процестерінің жүруімен байланысты, жалпыға тікелей айырбастау формасында ақшаны пайдаланудын көлемі едәуір кеңіді.

Ақшаның айырбас құнының дербес формасы ретінде пайдалану тауарларды тікелей өткізуменен байланысты емес. Ақшаны бұл формада қолдану жағдайлары олар несие беру, бюджеттің кірістерін қарыздық берешектерді өтеу, мемлекеттік бюджеттің кірістерін қалыптастыру, өндірістік және өндірістік емес шығындарды қаржыландыру, Ұлттык банктің несиелік ресурстарды басқа банктерге сатуы және т.б.

Еңбектің сыртқы заттық өлшемі тауарды өндіруге жұмсалған еңбектің, олардың ақша көмегімен өлшенуі мүмкін құнын анықтау арқылы көрінеді.

Ғалым-экономистердің арасында алтынның ақшалай тауар ретіндегі ролі туралы әр түрлі көзқарас бар. Біреулер алтынның демонетизациялануы аяқталып, ол жалпыға бірдей эквивалент және ақша қызметтерін атқару ролін орындауды толығымен тоқтатты дейді. Құнның ақшалай формасынан жалпылама немесе жайылыңқы формасына қайтып келді. Несие ақшалар жалпыға бірдей эквивалент ретінде жүрді. Алтын, ақшаның классикалық қызметтерін атқаруды жалғастыруда дейді екінші біреулер. Ал, енді үшінші біреулер, алтынның жартылай демонетизациялануы жалғасуда және ол жалпыға бірдей эквивалент ролін орындаушы, ерекше тауар ретіндегі өзінің қасиеттерін сақтап қалды дейді.

Жекелеген елдердің ішінде алтын айналысы жоқ. Төлем, айналыс және қорлану құралы болып, алтын белгілері -(қағаздай белгілері) қағаз және несие ақшалар қызмет атқарады. Бірақ та алтын дүниежүзілік ақша болып қалып отыр десек, онда ол жалпыға бірдей эквивалентті білдіреді.

 

АҚША ҚЫЗМЕТТЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙДАҒЫ ДАМУЫ

Ақшаның әрбір қызметі ақшаның тауар айырбастау процесінен туындайтын, тауар өндірушілердің өзара байланысының формасы ретіндегі әлеуметтік-экономикалық маңызының белгілі бір жағын мінездейді. Ақша бес түрлі қызмет атқарады: құн өлшемі, айналыс құралы, төлем құралы, қор және қазына жинау құралы, дүниежүзілік ақша.

Ақша құн өлшемі ретінде. Құнның өлшем қызметі тауар өндірісі жағдайында туындайды. Бұл ақшаның барлық тауарлар құнының өлшемі ретіндегі қабілеттілігін білдіреді, бағаны анықтауда делдал қызметін атқарады. Өзінің жеке құны бар тауар ғана, құн өлшемі бола алады. Бұндай тауар болып өндіруіне қоғамдық еңбек жұмсалған, құнды құрайтын алтын саналады. Яғни, бұл қызметті толық құнды ақшалар атқарады. Ақша еңбек өлшемі — ол жұмыс уақытын емес, осы еңбекпен құрылған құнды көрсетеді.

Ақша құн өлшемі қызметін идеалды, оймен ойлау арқылы орындайды. Яғни тауардың құнын өлшеу ақшаға айырбасталғанына дейін орындалады, сонымен құнның тауар формасынан ақша формасына айналуы үшін тауардың бағасын белгілесек жеткілікті.

Тауар бағасын өлшеу үшін қолма-қол ақшаның болуы қажет емес, себебі еңбек өнімін теңестіру ойша орындалады. Тауарларды ақшаның көмегімен өлшеуге болады, өйткені олар адам еңбегінің өнімі.

Ақша түрінде көрінетін тауардың құны, оның бағасы болып табылады. Толық құнды ақша айналысы жағдайында алтынның бағасы болған жоқ. Ақшаның өз бағасы болмайды, олардың құны өздерімен анықталуы мүмкін емес. Бағаның орнына ақшалар, кез – келген тауарлар санын сатып алу мүмкіндігі бар. сатып алу қасиетінен ерекшеленеді.

Құн өлшеу қызметі жалпы эквивалент ретіндегі ақшаның тауарға деген қатынасын көрсетеді. Бірақ тауардың бағасын анықтау үшін баға масштабы қажет. Металл ақша айналысында (алтын, күміс, мыс) мемлекет заңды түрде баға масштабын тұрақты етіп ұстады. Металдың салмақтық санын ақша бірлігіне бекітті. Алғаш рет монеталар соғыла бастағанда баға масштабы олардың салмақтық құрамына сай келді. Мысалы, фунт стерлинг алғашында күмістің фунты есебінде пайда болды. Тарихи даму барысында баға масштабы ақшаның салмақтық мазмұнынан ерекшелене түсті.

Құн өлшемі және баға масштабы ретіндегі ақша қызметтерінің арасында едәуір айырмашылық бар. Құн өлшемі мемлекетке тәуелді емес ақшаның экономикалық қызметі болып табылады. Ол құн заңыменен анықталады. Баға масштабы занды сипатқа ие бола отырып, мемлекет билігіне тәуелді және құнды емес тауар бағасын көрсету үшін қызмет етеді.

Алғашында баға масштабы АҚШ қазынашылығымен алтынның тройск унциясына (31,1г) 35 доллар есебінде анықталып бекітілді. Ол 1971 және 1973 жылдардағы доллардың девальвациялануына дейін сақталды және 1980 жылдың қаңтарында 850 долларға дейін жетті.

Арнайы баға масштабы алтын құны мен оның мемлекеттік тұрақты бағасының арасы алшақ болып кетуіне байланысты өзінің экономикалық мағынасын жоғалтты.

Ямайка валюта реформасының (1976-1978 жж.) нәтижесінде арнайы алтын бағасы және алтын паритеті жойылды. Құн өлшеу қызметі нарықтық баға масштабы негізінде орындалады.

Қазіргі уақытта алтын тауарға тікелей айырбасталмайды және бағалар алтынменен көрсетілмейді. Алтынды айналыстан қазынаға қарай ығыстырып тастау жағдайында ақшалы тауар (алтын) тікелей массасына емес, алтын нарығындагы несие ақшалармен операциялар жүргізуге қарсы тұрады. Осыдан алтын қағаз және несие ақшалардың құнын өлшеу ретінде көрінеді. Несие ақшалар тауардың құнын өлшемейді, өлшенген құнды көрсетеді, өйткені өзінің құны жоқ.

Сонымен алтын белгілерінің, яғни толық құнды емес және қағаз ақшалардың пайда болуы, ақша формаларының олардың алтындық мазмұнынан ажырауына алып келді.

Ақша айналыс құралы. Ақша айналыс құралы қызметінде тауарларды өткізудегі делдал болып табылады.

Тауарлар бір қолдан екінші қолға ауыса отырып, өзінің тұтынушысын тапқанға дейін ақша үздіксіз қозғалыста болады.

Тауар айналысы кезінде, ақша делдал ролін атқарады, ал бұл кездегі сатып алу және сату актісі ерекшеленеді, уақыты мен кеңістігі бойынша сай келмейді. Сатушы, тауарын сатқаннан кейін, басқа тауарды сатып алуға әр уақытта асықпайды. Ол тауарды бір нарықта сатуы, ал басқа нарықтан сатып алуы мүмкін. Делдал ретіндегі ақшаның көмегімен уақыт пен кеңістіктегі өзара сай келмеушілік жойылды.

Өзінің құнын өткізгеннен кейін, айналыстан кететін тауарларға қарағанда, ақшалар айналыс құралы ретінде барлық уақытта осында қалып отырады және сату-сатып алу процесіне қызмет етеді.

Біздерге ақша айналыс құралы қызметін негізінен мемлекеттік, оперативтік, коммерциялық саудада тұрғындардын тауарларды сатып алуы кезінде орындайды. Шет елдерде мұндай шектеулер жоқ. Онда фирмалар мен корпорациялардың және т.б. қолма-қол ақшамен есептесуіне тыйым салынбаған.

Айналыс құралы ретінде ақша қызметтерінің ерекшеліктері мыналар:

— тауар мен ақшаның қарама-қарсы қозғалысы;

— оны идеалды ақшалар емес, нақты (қолма-қол) ақшалар орындайды;

— ақшаның бұл қызметінде тауарларды айырбастау өте тез орындалатын болғандықтан, оны нағыз ақшалар емес (алтын), оны ауыстырушылар — ақша белгілері орындайды.

Бірақ бұл, несие және қағаз ақшалар ақшалы тауармен (алтын) байланысты емес деген сөз емес. Бұл байланыс несие ақшалардың алтын нарығында жасырын айналыс болуыменен түсіндіріледі.

Ақша айналыс құралы қызметін атқаратын болғандықтан, айналыс қажеттілігі олардың саны өткізілуі тиіс тауарлардың бағасы мен массасы негізінде, яғни өткізілуі тиіс тауарлар бағасының сомасымен анықталады. Қанша дегенмен бір ақша бірлігі бір — несие тауар мәмілелеріне қызмет ететін болғандықтан, ақша айналысы қанша көп болса, айналыс үшін олардың қажетті саны сонша аз болады.

Егер ақшаның айналыстағы массасы тауар массасынан көп болса, онда бұл олардың құнсыздануына, яғни инфляцияға алып келеді.

Ақша төлем құралы. Тауар айналысы ақша қозғалысымен байланысты. Бірақ ақша қозғалысы міндетті түрде тауар қозғалысымен бір уақытта тоғысуы тиіс емес. Ақша құнның еркін формасында көрінеді. Олар өткізу процесін еркін аяқтайды. Ақшаның қозғалысы тауар қозғалысынан ерте немесе кеш жүруі мүмкін.

Егер тауар мен ақшаның қарама-қарсы қозғалысы болмаса, яғни тауар төлем ақы түскенге дейін сатып алынған немесе керісінше болса, онда бұл жағдайда ақшалар төлем құралы қызметін атқарады.

Ақшалар төлем құралы ретінде тек қана тауар айналысына ғана емес, сонымен бірге қаржы-несие қатынастарына да қызмет етеді. Барлық ақшалай төлемдерді төмендегідей етіп топтатуға болады:

— тауарларды және қызметтерді төлеуге байланысты міндеттемелер;

— еңбек ақы төлеуге байланысты міндеттемелер;

— мемлекетке қатысты қаржылық міндеттемелер;

— банктік қарыз, мемлекеттік және тұтыну несиесі бойынша борыштық міндеттеме;

— сақтандыру міндеттемелері;

— әкімшілік-сот сипатындағы міндеттемелер және басқалары.

Ақша төлем кұралы ретінде айналыс құралынан өзара айырмашылықтары бар. Бұл қызметте ақшалар делдал болып табылмайды, ол тек қана сату-сатып алуды аяқтайды. Нәтижесінде тауарларға қатынасты ақшаның өз бетінше еркін қозғалысы байқалады. Тауарды несиеге сатып ала отырып, сатып алушы сатушыға ақшаны берудің орнына, борыштық міндеттемені жазып ұсынады. Бұл борыш өтелген кезде, ақша төлем құралы ретінде қызмет атқарады.

Төлем құралы қызметін толық бағалы емес пақты ақшалар (қағаз немесе несие), ал борыштық міндеттемелерде өзара өтеуде идеалды ақшалар атқарады.

Төлем құралы ретіндегі ақшаның қызметі оның бұдан бұрын қарастырылған қызметтерінен айырамшылығы болғанымен ол олармен берік байланыста екені анық. Ақшаның төлем құралы қызметі, оның құн өлшемі және айналыс құралы ретінде қызмет етуі барысында көрінуі мүмкін. Ақшаның төлем құралы ретінде қызмет етуінің дамуы резервтік қор құрудың, яғни ақшаның қор және қазына жинау қызметтерінің туындауының қажет екенін көрсетеді.

Ақшаның төлем құралы қызметін атқаруына (байланысты ақша айналысы заңы өзінің неғұрлым толық көрініс тапты. Егер тауарлар несиеге сатылса, онда қолма-қол ақша қажет емес. Бұл айналыстың қолма-қол ақшаға деген жеттілігін азайтады. Бірақ төлем мерзімі жақындаған сайын борыштарды жабу үшін ақша айналымының қажеттілігі артады. Өзара өтелетін төлемдер соммасы айналыс үшін ақшаның санын азайтады. Егер қандай да бір бөлімде, борыштық міндеттеме бойынша төлем өз уақытында түспейтін болса онда бұл өзімен бірге басқа да төлемсіздік тізбесін тудырды (қарыз бойынша мерзімі өткен берешек, бюджеттік төлемдер, жалақы бойынша және т.б.)

Ақша қорлану және қазына жинау құралы ретінде. Ақшаның төлем және айналыс құралы қызметте ақшалай қорлардың құрылуын талап етеді. Ақшаның қорлануының қажеттігі Т — А — Т айналымының екі актілерге Т — А және А — Т айрылуымен байланысты.

Капиталистік қоғамдық формацияға дейінгілер үшін байлықты «таза қазына» формасында жинақтау, яғни ақшаның қарапайым қорлануы тән келеді. Бұл экономикалық дамуға ешқандай да ықпал еткен жоқ, себебі олар шын мәнісінде айналыстан тыс жатқан ақшалар болды. Капитализм тұсында бұл қазыналар несиелік жүйе және қор биржалары арқылы пайда әкелетін капиталға (өнеркәсіптік немесе сауда) айналады. Қазына жинау қызметінің қажеттігі тауар өндірісімен байланысты болды. Айналым капиталын немесе тұтыну заттарын алу үшін ең бастысы ақшаны жинау қажет.

Әрбір тауар тек қана жекелеген қажеттілікті анықтайды және олар жалпы байлықты білдірмейді. Толық бағалы ақшалар (алтын) материалданған құнның формасы ретінде байлықтың жалпы өкілін сипаттайды. Демек, қазына жинау құралы қызметін тек қана толық бағалы немесе нағыз ақшалар орындауы мүмкін. Қазыналарды қорландыру — алтын монеталар мен алтын құймаларын жинактау түрінде жүзеге асады.

Металл ақшалар айналысы тұсында қазына жинау тек қана ақша айналысын реттеуші ролін атқарған болатын. Өндірістің және тауар айналысының кеңеюі барысында металл ақшалар қазынадан айналысқа шығып отырды немесе керісінше.

Қазіргі жағдайда қазына жинау қызметі айналыстағы ақша массасын реттегіш ролін атқармайды. Қазына тек қана мемлекеттің сақтандыру қоры ретінде болады. Алтын резервтері мемлекетке экономикалық тәуелділіктің болуына кепілдеме береді. 1998 ж. 1 қаңтарда Қазақстан Республикасы Ұлтгық банкісіндегі монетарлық алтынның қалдығы 41781,1 млн теңгені құрады.

Несиелік және қағаз ақшалар қазына жинау құралы қызметін атқара алмайды, себебі олардың меншікті құны жоқ. Бірақ та осы қызмет негізінде олар қорлану қызметін жүзеге асырады.

Ақша айналыс саласынан уақытша шығып қалғаннан кейін олар қорлана бастайды. Қорлану қызметінде ақша өзінің құнын сол формада сақтай отырып, олар кез келген уақытта айналысқа төлем немесе айналым құралы ретінде түсе алады. Шынында да бұл елдегі ақша айналысының тұрақтылығы жағдайында, яғни инфляцияның болмауына байланысты ғана мүмкін.

Тауар өндіріс жағдайында қорлану екі формада жүреді:

— кәсіпорындар мен ұйымдардың есеп айырысу және депозиттік шоттарындағы ақшалай қаражат калдығы түрінде ұжымдық қорлану;

— банктердегі салымдар, мемлекеттік облигациялар. Несиелік механизмнің арқасында кәсіпорындар мен халықтың ақшалары банктен берілетін қарыздар түрінде қайтадан айналыс процесіне түседі. Сөйтіп, ақшалар бұл қызметінде ұлттық табыстың қалыптасу, бөлу және қайта бөлу процесіне дәнекер болады.

Дүниежүзілік ақша қызметі. Тауар шаруашылығының кеңеюі, шаруашылық байланыстардың интернационалдануы, дүниежүзілік нарықтың пайда болуы дүниежүзілік ақшалар қызметінің пайда болуына себеп болды. Дүниежүзілік ақшалар интернационалдық құн өлшемі, халықаралық төлем және сатып алу құралы ретінде қызмет етеді.

Бұл қызметті бастапқыда толық бағалы ақшалар (алтын), ал кейіннен нағыз ақшалар (шетел валютасы) атқарды. 1867 жылы Париж келісімі дүниежүзілік ақша қызметін алтынға балап бекітті.

Егер де елдің ішінде ақша ұлттық ақша бірліктері формасында қызмет етіп жүрер болса, ал одан тысқары жерде К. Маркстің айтуынша: «ақшалар өзінің ұлттық киімдерін шешіп, бастапқы қымбат бағалы металл формасын киеді», яғни жалпыға бірдей эквивалент формасына өтеді,

Бірақ алтын айналысы түсында да ағымдық халықаралық есеп айырысуларға алдыңғы елдердің ұлттық валюталары қызмет етті. 1913 ж. халықаралық есеп айырысулардың 80%-ты ағылшын фунт стерлингінде бейнеленген аударым вексельдер көмегімен жүзеге асырылды, ал алтын халықаралық есеп айырысулардың қалдығын жабуға ғана қызмет етті.

Бреттон-Вудстагы (1944 ж) мемлекетаралық келісімге келу, доллар мен фунт стерлингке резервтік валюталар мәртебесін берді. Кейіннен дүниежүзілік ақшалардың жаңа формалары: СДР — арнайы қарыз алу құқығы; ЭКЮ — еуропалық есепке алу бірлігі пайда болды. Ал 1999 ж. 1 қаңтарынан бастап Еуропаға ынтымақтастық елдердің ортақ ақша бірлігі «еуро» айналысқа шықты.

Демек, дүниежүзілік ақшалардың дамуы ұлттық ақшалардың металл ақшадан несиелік ақшаға өту жолын кеш те болса қайталауда.

Қазіргі уақытта дүниежүзілік несиелік ақшалардың жобалары жасалуда, бірақ одан әлі нәтиже жоқ. Енгізілген шарты есептесу бірліктерінің (СДР, ЭКЮ) өзіндік меншікті құндары жоқ, сондықтан да олар толыққанды түрде дүниежүзілік ақшаның қызметін атқара алмайды. Бұл қызметті тек қана алтын нарығындағы операциялар арқылы алтын атқарады.

 

1993 жылғы Қазақстан Республикасындағы ақша реформасы

Қазақстан Республикасында 1993 жылы ақша рефомасын жүргізудің негізгі себебі — ақша белгісі тұрақтандыру. Себебі КСРО ыдырағаннан кейінгі екі жыл аралығында кеңестік рубль (сом) бұрынғы одақтас республикалардың орнына құрылған тәуелсіз елдерде біртектес ақша ретінде қолданылды. Ол елдерде 1986 жылы басталған экономиканы қайта құру кезінде өндіріс құлдырап, айналыстағы ақша массасы өсіп, инфляция қарқыны шарықтады. Тауарлы мен азық-түлік негізінен шетелдерден тасылды. 1990 қолма-қол ақша эмиссиясы 25 млрд сом болды, ол 1983 1985 жж. эмиссияланған қосынды сомадан әлдеқайда көп еді. 1991 ж. қаңтарындағы «КСРО Мемлекеттік банкінің 1961 жыл үлгідегі 50 және 100 сомдық ақша белгілерін төлемі қабылдамау және оларды айырбастау тәртібі мен азаматтардың салымдарынан қолма-қол ақша беруді шектеу туралы; КСРО Президентінің Жарлығы және КСРО Министрлер Кабинетінің қаулысына сай 1991 ж. үлгідегі 50 және 100 сомдық купюралар шығарылды. Ескі ақшаларды жаңасын, айырбастау процесі жеке адамдар үшін үш күнде өтгі. Кейін 1992 ж. айналысқа 200, 500, 1000 сомдық кеңестік үлгідегі ірі купюралар шығарылды.

1992 ж. каңтарында Ресей КСРО Мемлекеттік банкін Ресейдің Орталық банкі деп қайта құрып, кеңестік рубльдің (сол кезде жоқ мемлекеттің) басты эмитенті қызметін атқаруды соған міндеттеді. Ресей мемлекеті бағаны босату бағдарламасын іске асыру шараларын жүргізе бастады, бағаның кенет көтерілуі айналымдағы қолма-қол ақша массасын көбейту қажеттігін тудырды. Республикалар өздерінің егемендігін жариялаған бойда оларда 15 ұлттық банктер құрылып, олар бір-біріне тәуелсіз орталық банк ретінде қызмет атқара бастады. Бірақ олардың барлығын қолма-қол ақшамен қамтамасыз ететін жалғыз эмиссиялық орталық ақша шығаратын станок — біреу, ол Москвада еді. Ресей бағаны босатқаннан кейін әрбір тәуелсіз елдерде олардың қатал ақша-несиелік саясатына байланысты рубльдің сатып алу мүмкіндігі әр түрлі қалыптасты және соған сәйкес рубльдің бағалануы да әр түрлі деңгейде болды. (Қолма-қол ақшаның осындай жетіспеуі жағдайында кейбір елдер өз ұлтгық банктерінің несиесін беруді ұлғайтты (Украина, Латвия, Литва). 1992 ж. маусымында Ресей Банкі 5000 купюраларды сом, ал кейін 10000 және 50000 сом шығарды.

1992 ж. шілдесінде Ресей Орталық банкі егемен мемлекеттерге Ресей Банкімен күнбе-күн екі жақты төлем есебін жүргізу туралы талап қойды. Қолма-қол ақшасыз өзара есеп айырысу тек Ресей Банкісіндегі осы мемлекеттердін орталық банкісінің корреспонденттік шотындағы қаржы көлемінде және техникалық несие ретінде жүргізілді. Бұл төлем Қазақстаннан Ресейге және керісінше 2-3 ай бойы жүретіндіктен және бұл кезде инфляцияның қарқыны жылына 2500% болғандықтан аударылған ақша құнсызданып, оның төлем мүмкіндігі тез құлдырайтын.

Жас тәуелсіз мемлекеттердің директивалық экономика үлгісінен нарықтық үлгіге өту жағдайында заңдарды тез арада үйлестірудің мүмкін еместігі және өздерінің ақша-несие, баға, бюджет саясатын жүргізуге қабілетсіздігі Ресей Банкінің қойған талаптарын орындауга мәжбүр етті. Бұл біртектес ақша (рубль) зонасын сақтап қалу процесінің сәтсіздікке ұшырауының дәлелі еді. Келесі іс-әрекет өзінің ұлттық валютасын енгізу — болмай қалмайтын процесс. Ол 1992 ж. маусымында Эстонияның, шілдесінде Латвияның, қазанында Литваның, қарашасында Украина мен Беларусьтің өз ұлттық валюталарын енгізуімен жалғасты. 1993 ж. мамырында Қырғызстан, тамызында Грузия өз ұлттық валюталарын енгізді. Сөйтіп бұл мемлекеттер рубль зонасынан шықты.

1993 ж. 15 мамырында Минскіде рубль зонасында қалған мемлекеттер рубльді ресми төлем құралы ретінде қолдану жөнінде жаңа келісімге қол қойды. Онда қойылған міндет

-біріншіден, ТМД елдерінің іс-әрекетіндегі ашықтық, айқындық болуы;

— екіншіден — бұл ең маңыздысы — рубль зонасынан шығатын мемлекеттер айналымнан шығарылған КСРО-ның банкнотасын толық көлемінде оларды жою үшін Ресейдің Орталық банкіне қайтару жөнінде өздеріне міндеттеме алды.

Бұл міндеттемелерді орындау -айналыстан шығарылған банкноталарды  кеңестік ақшаны пайдаланатын елдерде қайтадан айналысқа түсіру мүмкіндігін жою болатын, яғни бір ел басқа елдің жерінде валюталық алыпсатарлықпен айналысуын алдын ала сақтандыру еді. Бірақ екі келісімді де ешкім, оның ішінде Ресей де, орындаған жоқ. Рубль зонасын 1993 ж. Түрікменстан, Әзербайжан, Армения, Молдова тастап шықты.

Сол кезде рубль аймағында қалған  мемлекеттер жаңа  типті рубльдік зона кұру туралы осы елдердің зандарын үйлестіру үшін 9 біріккен топ Ресеймен белсенді түрде келіссөздер жүргізді. Бірақ Ресей келіссөздер жүргізумен қатар бір уақытта, 1993 ж. көктемінде жаңа ресейлік 1993ж. үлгідегі рубль шығарып, оны өз жерінде Қиыр Шығыстан енгізе бастады. Сол кезде рубль зонасында үш мемлекет Ресей, Қазақстан және Өзбекстан қалған еді (өз ұлттық валютасын 1995 ж. енгізген Тәжікстанды қоспағанда).

1993 ж. 23 шілдесінде Ресей Банкісі 1961-1991 жж. шығарылған кеңестік үлгідегі ақша белгілерін (1991-1992ж.ж. -50, 100, 200, 500, 1000 сом) және 1992 ж. шығарылған ресейлік 5000, 10000, 50000 рубльді айналыстан шығаратыны туралы және айырбас бір апта жүретінін хабарлады. Айырбас сомасы 35 мың рубль көлемінде белгіленген болатын. Екі күннен соң Ресей Президентінің Жарлығымен айырбас  мерзімі 1993 ж. 1 қыркүйегіне дейін ұзартылып, айырбас сомасы бір адамға 100 мың рубльге дейін көбейтілді. 

Сөйтіп, 1992-1993, жж. егемен елдердің бірсыпырасы өз ұлттық валютасын енгізуіне орай КСРО Мемлекеттік банкі мен Ресей Орталық банкісінің 1961-1992 жылдардағы банкноталарының айналыстан ығыстырылуына байланысты оларды Қазақстанға Заңсыз әкелу мөлшері кауырт өсіп, соның салдарынан тауарлар бағасы жоғарылап, халықтың тұрмысы төмендеді.

1992 жылдың бірінші жартысында Қазақстан Республикасының Президенті, үкіметі, Жоғары кеңесі Қазақстанға өз валютасын енгізу қажеттігін түсініп, шегіне жеткен құпия жағдайда Қазақстанның ұлттық валютасының пішінін (дизайн) дайындайтын топ құрып, оны басып шығаратын шетелдік фирмамен келісімге қол қойған. 1993 ж. наурызында Англияда «Харрисон және ұлдары» атты жеке фирмада қажетті мөлшерде ұлттық валюта — 1, 3, 5, 10, 20, 50 және 100 теңге — дайындалып, Алматыға жеткізілген.

1993 ж. 12 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлық шығарды. Осы жарлыққа сәйкес:

1993 ж. 15 қарашада сағат 8-де Қазақстан мемлекетінде ұлттық валюта — теңгеенгізілді

1993 ж. 18 қарашадан бастап теңге Қазақстан Республикасында бірден-бір заңды төлем құралы болып тағайындалды. Бір теңге 100 тиыннан құралады, ол қолма-қол ақша айналысында банкнота және майда тиындар түрінде жүреді.

  • қолма-қол ақша, рубльдік шоттардағы жинақтар мен салымдар 500 рубль 1 теңгеге арақатынасымен айырбасталып, ол 18 қарашада сағат 18-де аяқталды. Қарашаның 15 мен 18 аралығында екі валюта — сом және теңге — айналымда қатар жүрді.

Қазақстан Республикасының жасы 16-дан асқан барлық азаматтары 100 мың сом ақша айырбастауға құқылы болды. Айырбас тек бір рет жүргізіліп, ол туралы төлқұжатта белгі соғылды. Азаматтардың 100 мың сомнан артық ақшасы банктегі арнаулы дербес шотқа салынып, оны 6 ай бойы пайдалануға құқығы болмады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі теңгенің валюталық курсын бекітті: 1 АҚШ доллары 4,7 теңге тең болды.

Сөйтіп, 1993 ж. 15 қарашада Қазақстан тарихында алғашқы ұлттық валюта-теңге енгізілді. Ақша реформасын жүргізуге Қазақстан басшылары бір жарым жыл уақыт өте құпия жағдайда дайындалып, нәтижесінде 700 миллион доллар сома шамасында алтын құймалары мен шетел валютасы қоры болды. Тәуелсіздік жарияланған күннен бастап. Қазақстанда өндірілген алтын мен күміс енді Москваға жіберілмей, оны Ұлттық банк сатып алып, өз резерв қорына айналдырды. Сондай-ақ резерв қорына экспорттық валюталық түсім мен үкіметтің сыртқы заемдарын да Ұлттық банк сатып алып, қорға түсіретін айналымға теңгені енгізуге жарты жыл уақыт қалғанда Республика Президенті валюталық қаржыны жұмсауға мораторий енгізді.

Халықаралық валюта қоры Қазақстанда ұлттық валюта енгізу акциясын қолдап, Ұлттық банкке 90 млн. доллар көлемінде стендбай несиесін және Жапония біздің елдің төлем балансын қолдау мақсатында Қаржы министрлігіне 180 млн. доллар берді. Бұл 17 жылға берілген «жұмсақ» несиелер еді. Қорыта айтқанда, 1993 жылы ақша реформасы ойдағыдай өтті. Енді ұлттық валютаның ішкі және сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет.

Айналымға теңгені енгізу инфляцияның қарқындауы және бұрынғы одақтас республикалардың өзара байланысының үзілуі мен саяси ала ауыздығы тереңдей түскен қаржы- экономикалық дағдарыс жағдайында өтті. Теңгені енгізгеннен кейінгі 2,5 айда, яғни 1994 ж. 1 ақпанына теңгенің  курсы долларға қарағанда 2,5 есе төмендеді. Келесі төрт айда, яғни кәсіпорындар мен бюджеттің арасындағы қарызды өзара есептеудің кең ауқымды компаниясы басталғанда теңгенің курсы — 1 долларға 11,58 теңгеден 43,3 теңгеге жетті.

1995 ж. орта кезінде Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі қаржы нарығына алғашқыда қазыналық вексельдерді, одан соң міндеттемелер мен ноталарды және басқа мемлекеттік бағалы қағаздарды шығарғаннан кейін теңгенің құлдырауын тежеуге мүмкіндік туды. Инфляция теңге енгізілген 1993 ж. 2500 процент болса, ал 1994 ж. бас кезінде 1260 процентке дейін төмендеді, 1995 жылы Қазақстандағы инфляция 58 процент болды.

1997 ж. мемлекеттің алтын валюта қоры кәсіпорындарды жекеменшіктендіру және шетел инвесторларына басқаруға беру сияқты инфляцияланбайтын кездерден түскен 700 млн. доллармен толықты. Бұл жылы теңге курсының ауытқуы тиынмен, ал инфляцияның деңгейі проценттің бөліктерімен есептелетін жағдайға жетті.

1998 ж. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дағдарыстың күшеюі, әлемдік бағалардың төмендеуі отандық өндірушілердің бәсекелестік мүмкіншілігінің әлсіреуіне тіреп, Қазақстанға валюталық түсімдерді біраз қысқартты. Сонымен қатар өндірістің одан әрі құлдырауы 1997-1998 жж. аралығында өсу тенденциясы байқалған, қайта қаржыландыру мөлшерлемесін 25%-ке жоғарылату, төлемеудің өрістеуі (кәсіпорындардың өзара қарызы 1,5 триллион теңгеден асқан!) және бюджет пен әлеуметтік проблемалары теңгенің бағамын одан әрі төмендетті.

1994 ж. таңдап алған монетарлық үлгінің өзгермейтіндігі және теңгемен инфляцияны қатаң қадағалау экономиканы кеселге ұшырататынын көптеген қаржы сарапшылары мен талдаушылары 1998 жылдың күзінен бастап түсініп, оны өзгерту туралы ортақ ойға келген.

1999 ж. сәуірінен Қазақстан үкіметі теңгенің еркін өзгермелі курсын енгізу туралы шешім қабылдады. Ол жөнінде Премьер-министр былай деген: «Бұдан былай доллар бағамы валюта рыногындағы сұраныс пен ұсыныстың қалай қалыптасатынына байланысты анықталады, ал, Ұлттық банк ол процеске елеулі түрде араласпайтын болады. Ұлттық банк бүгінгі күнге дейін өзінің алтын валюталық резервін айырбас бағамын белгілі бір деңгейде ұстап отыру үшін жұмсап келді. Ендігі жерде олай болмайды.

Қазақстанның төңірегіндегі елдерде — біздің негізгі сауда әріптесімізде — ұлттық валюталардың бағамы күрт құлдырап кетті. Мысалы, Ресейде рубльдің бағамы 1998 жылғы тамыздың 17-сінен бері қарай төрт есе төмендеді. Сол валюталармен салыстырғанда теңге тез қымбаттады және біздің тауарларымыз бәсекеге түсу қабілетінен айырылып қалды, өнеркәсібіміз тұралай бастады, кәсіпорындар тоқтап қалды, жұмыссыздық арта түсті Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 9 процентке дерлік, немесе 1 миллиард 300 миллион доллар мөлшерінде кеміді, ал біздің экспортқа шығаратын тауарларымыз 1 миллиард 250 миллион долларға қысқарды.

Біз Ресейден әкелінетін кейбір импорттық тауарларға өте елеулі шектеулер қойдық және Қырғызстан мен Өзбекстаннан әкелінетін импорттық тауарларға салынатын баж салығының мөлшерін 200 процентке дейін жеткіздік. Шетелден әкелінетін арзан тауарлар біздің өндірісшілеріміздің қол-аяғын бірдей матап, валютаны елімізден сыртқа қарай ағылтуда.

Міне, осы тұрғыдан алғанда жағдайдан шығудың бір ғана жолы бар — теңге бағамының емін-еркін өзгермелі болуына жол беру керек.

Сонымен, Қазақстан теңгесі міне алты жылдан астам уақыт берік төлем құралы болып келеді. Ол еркін айырбасталатын валюталарға шектеусіз айырбасталады.

 

Қорытынды.

Сөйтіп, ақшалар ертеден адамзаттың пайда болуымен қатар өмір сүріп келеді десе болады. Ғасырлар бойы ақша өзгеріп отырған және бүгінде олардың жағдайы аяқталған, соңғы фраза болып табылмайды.

Тауар айналысының тарихи дамуы процесінде жалпыға бірдей эквивалент формасында әр алуан тауарлар болған: мал, тері, бақалшақ, металл бұйымдары және т.б. Мұнын барлығы тауар өндірісі мен тауар айналысының болуына негізделген ақша қажеттігінің себептерін түсіндіреді.

Экономикалық категория ретінде ақшалар өндіріс және бөлу процесінде адамдар арасындағы экономикалық қатынастарды бейнелейді. Бұл жерде ақша бес түрлі қызмет атқарады: құн өлшемі, айналыс құралы, төлем құралы, қазына жинау және қорлану құралы, дүниежүзілік ақшалар.

Ақшаның өзінде, сондай-ақ олардың қызметтерінде жылдар бойы өзгерістер болды. Егер де бұрындары сатып алу — сату процесі жалпыға бірдей эквивалентпен алтынмен жүргізілсе, бұл күндері қағаз және несие ақшалармен жүзеге асуда.

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

  1. Шаденов Ө. «Жалпы экономикалық теория».
  2. Осипова, Г. Михайловна. «Экономикалық теория негіздері».
  3. Кәрібаев, Буле, Мырзалиев. «Экономика».
  4. Медведов В. А. «Саяси экономика».
  5. Экономика теория негіздері.
  6. Мамыров Н. К. «Микроэкономика».