АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Қытай Тынық мұхитта, АҚШ-қа қарсылық танытып жатыр» [:]

[:kz]

Ит жылы кіргелі Қытай мен АҚШ арасы қайта-қайта ырылдасып, бірде ушығып, бірде өрекпіген көңілдері сабасына түсіп тұрған жәйі бар. Тайванмен АҚШ арасындағы туристік виза мәселесі, Оңтүстік Қытай теңізі айдынына жүзіп келген АҚШ-тың әскери кемелері, онан соңғысы дүмпуі жер жарған «сауда соғысы» болсын, қай-қайсысы да халықарадағы «күйіп тұрған» тақырыпқа айналып тұр. Кейбір сарапшылар «сауда соғысы» бола қоймайды деп болжам айтып жатқанда қытайлар, өздерінің «айтып қана қоя салмайтындығын» айғақтап та жіберді. Қытай Қазына министрлігі 2 сәуірден бастап, АҚШ-тан тасымалданып жатқан 7 топтағы 128 түрлі импорттық өнімге қарата жеңілдетілген тарифтерді алып, оның есесіне мөлшерін арттыратындықтарын жария етті. Министрліктің ресми сайтында жарияланған жарлықта, «Трамптың Қытайдан апарылатын алюминий және болат материалдарына кедендік бажды жоғарылатуынан келіп шығатын шығындарды теңестіру үшін АҚШ-тан әкелініп жатқан жеміс-жидектен жасалынатын 120 түрлі өнімнің кедендік салығын 15%-ға, шошқа еті қатарлы 8 түрлі тауардың салық мөлшерін 25%-ға арттыратындықтарын» айтыпты.

Бұл шешімдердің нарыққа қалай әсер ететіндігін алдағы уақыт көрсетеді. Кешеден бері таралып жатқан хабарларға қара-ғанда Нью-Йорктың, Гонконг пен Жапо-нияның қор биржаларында АҚШ-қа тиесілі құнды қағаздардың аздап құлдырай бастағаны байқалған. Бұл өз кезегінде доллар бағымына қаншалық әсер ететіндігі алдағы күннің еншісінде. Ал екі жақтың да шешімдері ресми түрде атқарылуға әлі де біраз уақыт бар екендігін алға тартқан саясаткерлер, айқайдың арты келіссөзбен шешіледі дегенге бек сенімді екендіктерін айтып жатыр.
Келесі бір жағдай: Оңтүстік Қытай теңізі айдынындағы «еркін жүзу аймағын» пайдаланып жан-жағына оқшырая қарап өте шыққан АҚШ-тың әскери кемесі болды. Осы жағдайдан кейін Қытайдың теңіз айдынындағы жаттығулары жиілеп кеткен. Кезінде Украинадан сатып алып еліне неше жыл сүйреп жүріп жеткізіп алған авиаматканы қытайлар күрделі жөндеуден өткізіп, бірер жыл бұрын іске қосқан болатын. «Лияу нин» деп ат қойған авиаматка осы жолы алғаш рет Оңтүстік теңіз айдынына әскери жаттығуға шығарылыпты. Алды-артында 40 шақты әскери кеме қоршап жүрген «теңіз мақұлығының» төбесінде соғыс ұшақтары да болған.
Төрткүл әлемде аты шығып тұрған «Оңтүстік теңіз айдыны мәселесі» Жапония мен Қытай арасына да сызат салғаны белгілі. Оған сыртта отырып ықпал етіп жатқан АҚШ-тың әрекеті де қоламтаны қоздатумен бірдей болып тұр. Осыған ілесе, АҚШ-тың одақтастары да бұл мәселеге өз пікірлерін білдіріп жатыр. Англия сәуір айында аталмыш «еркін аймаққа» өз әскери кемелерінің барып қайтатындығын жария етті. Оңтүстік Қытай теңізі алабындағы мұнай қоры таластың маңызды себептерінің бірі. Бұған келгенде Қытайды тежегісі келетін көршілері АҚШ пен Жапонияға арқа сүйей отырып бұл аймақтан өз үлестерін алғысы келетіні бар. Осы мәселені зерттеп жүрген кейбір сарапшылар «Батыс стратегиялық жақтан Қытайға ұтылып қалды» десе, ішінара адамдар ғана, Оңтүстік теңіз айдынындағы АҚШ-тың «қызыл сызығы» Қытайға белгілі деңгейде ескерту болды деп баға берген екен.

Сәуірдің басында Хайнан теңіз істері мекемесі «оңтүстік теңізде әскери жаттығу өтетіндігін» хабарлады. Таратылған ақпаратта, сәуірдің 5-11 аралығында оңтүстік теңіз айдынында ауқымды әскери жаттығулардың өткізілетіндігіне байланысты кемелердің бұл өңірге жүзіп келуіне тыйым салынатындығы айтылған. Бұл хабарды саралаған шетелдік мамандар, «Қытай Тынық мұхитта, АҚШ-қа қарсылық танытып жатыр», — деп бағалады.
Теңізден шалғайда жатқан Қазақстанға, оқтың үні естіле қоймасы анық. Дегенмен де «сауда соғысы» туындылар болса, халық-аралық экономикаға әсері болмай қоймайтыны белгілі.АҚШ-тың бұл әрекетін зерделеген сарапшылар 1975-1980 жылдар аралығында, АҚШ пен Жапония арасында орын алған «сауда соғысын» еске алыпты.

Сол кезде әлемдегі екінші ірі экономикалық тұлға болып тұрған жапондардың мұхит асырып сатқан өнімдері АҚШ-тың индустриалды аймақтарының дамуына көрнекті ықпал еткен екен. Осы теңсіздіктің орнын толытру үшін қолынан келгенінен аянбаған АҚШ халықаралық саудадағы заң-нормаларын «пайдалана» отырып, күншығыс еліне неше түрлі кедергілер мен тосқауылдарды 4-5 жылға жалғастырады. «Бұл текетірес-тің кесірінен Жапония экономикасы 20 жылға кері шегінген» деседі еске алушылар.

Гүрзі жұдырығын білеп шығудан тайынбайтын Құрама штаттар елі күн сайын арыны асып келе жатқан қытайларға «жапон тәжрибесін» қолдана ала ма, жоқ па, ол алдағы күннің еншісінде. Ал АҚШ-қа импортталып жатқан ауылшаруашылығы өнімдері, Қазақстаннан немесе тұтас Орталық Азия аймағынан Қытайға жеткізілер күн туса, біз үшін жаман бола қоймас еді.

Ерқазы Сейтқали

elana.kz

[:]