АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Линза салып алуы мүмкін: Алаяқтар картадағы ақшаңызды оп-оңай жымқыра алады[:]

[:kz]

Бір сәтте картаңдағы қаражатыңнан айырылып қалу оп-оңай. Алаяқтар халықтың ақшасын ұрлаудың жаңа тәсілін ойлап тауып, сәтті қолданып жатыр.

Көбіне интернетке бір дүниесін сатамын деп салғандар сан соғып қалып жатыр екен. Қолын былғамай, қалтасын томпайтып жүргендерден қалай сақтануға болады? Нені білу керек? Бұл туралы Евразия арнасы хабарлайды.

Адамнан айла-әрекет артылған ба?! Бұл күнде алаяқтардың схемасы сан алуан. Арам пиғылын іске асыру үшін телефонның өзі жеткілікті. Жаңа «супер схеманың» қалай жұмыс істейтінін бірер ауыз сөзбен түсіндіріп өтейік. 

Бірінші олар интернетке кіреді де, сіздің сатылымға қойған тауарыңызды көріп, бағалап, сосын сізге хабарласады. Әңгіме барысында интернет-банкингіңіз бар-жоғын анықтап, алдын-ала төлем аударғысы келетінін  айтады. Фейсбук қолданушысы, алматылық Аида Заманбекова тура осындай әдістің құрбаны бола жаздаған.

«Ол маған хабарласып, картама ақша аударамын деді. Қазір код келетінін жеткізіп, соны бірден айтуды сұрады. Себебі, ол құпия сан тек бір минутқа ғана жарамды екен. Мен ол кісінің осы әдіс арқылы kaspi.kz бағдарламасындағы шотыма кіріп, ақшамды шешіп алмақшы болғанын түсініп қойдым да оған жөніңмен кет деп зекідім. Алаяқ осылай біршама адамды сан соқтырып кетуі мүмкін ғой», — дейді Аида Заманбекова.

«Кездесуге де шақыруы мүмкін. Шақырып, «телефоныңызды бере тұрыңызшы, қоңырау шалып алайын» деген сияқты. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Осындай уақытта өз банктеріңізге хабарласып «колл центрге» қауіпсіздік талаптарын білу керек. Әр банктікі әртүрлі. Қазір биткоинмен айналысатындар көп болып кетті. Алдында бір жағдай болды, біреу 10 миллион теңге ақшасынан айырылып қалған», — деді ІТ маман Рымбек Ізғали.Әп-сәтте 10 миллионнан да айырылып қалуға болады. Сіздің нөміріңізге не поштаңызға сілтеме келуі мүмкін, иә болмаса бір дүние ұтып алдыңыз деп те алдайды. Қызық көріп кіресіз, қаражатсыз қаласыз. Елордалық полиция департаментіне күніне осындай жағдайдан опық жеген кемі 1-2 адам шағымданады екен. 

«Қылмыстық әрекеттер бұл — ҚР Қылмыстық кодексініің 190-бабымен қаралады, яғни алаяқтық бабы бойынша. Осыған көзделген жаза.  Бұл — 100 АЕК дейін айыппұл салынады немесе 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл енді келтірілген шығынның көлеміне қарай жаза да қатаяды», — дейді қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшіі София Қылышбекова. 

ІТ мамандар бұл — қулығына құрық бойламайтындардың жымысқы әрекетінің тек бастамасы дейді. Технологиялар дамып, қазақстандықтар оны терең игере түскен сайын алаяқтық әдістердің саны арта түседі екен. 

«Линза салып алуы мүмкін, әртүрлі нәрсе жасап алуы мүмкін ғой, мысалы. Ондай бізге жеткен жоқ әлі. Ресейде өздерімен өздері болып жатыр. Бізге жетеді оның бәрі, ерте ме кеш пе. Шет жағасын көріп жатырмыз. Телефон соғады, «мен Алматыдамын» дейді қарапайым қазақстандық нөмірмен. Нөмір алу проблема емес қой, алады да Ресейде отырып соға береді. Сондықтан, сақ болу керек!. Неше түрлі жағдай болады. Біреудің басынан өтті екен, менің басымнан өтпейді деген болмайды. Міндетті түрде кездеседі», — деді ІТ маман.   

Шыны керек ара-тұра әрқаймысызға «Миллион ұттыңыз! Смартфон сіздікі!»  деген хабарлама келіп тұрады. Мұндай оқиғалар тек жеке адамның мәселесі емес. Мамандар азаматтар алданып қалмауы үшін ақпараттық насихат жұмыстарын көбейту керек дейді. Ескертулер айтылып, халық құлағдар болған сәтте бәлкім зардап шеккендердің саны азаяр.

stan.kz

[:]