[:kz]
Кемелов жанжалдан кейін мұның бәрі Ұлықбек Мариповтің кесірінен болды деп жауап берген.
Қырғызстанда Жогорку Кенеш салалық комитет отырысында депутаттар Ақыл Кемелов пен Нұрбек Мұрашевтің ерегісі төбелеске ұласа жаздады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz Vesti.kg басылымына сілтеме жасап.
Отырыс видеосы желіде жарияланды. Видео кадрларына қарағанда, Ақыл Кемелов министрлер кабинеті төрағасы Ұлықбек Мариповке сөйлеп, бес минут бойы оның жұмысына көңілі толмайтынын айтумен болған. Осы кезде Нұрбек Мұрашев әріптесін тезірек сөйлеуге, өзгелерді құрметтеуге және регламентті сақтауға шақырған, бұған жауап ретінде Кемелов сөзін бөлмеуді және ойын аяқтауға мұрсат беруін талап етеді.
«Мен өзгелерді сыйлаймын, сондықтан үш сағат кезек күттім. Біреудің адвокаты болудың керегі жоқ», — дейді Кемелов.
«Мен ешкімге адвокат емеспін, тездетіңіз», — деп жауап береді Мұрашев «ей» деген сөзін қосып.
«Маған «ей» деме, атым бар», — деп шағымданады Кемелов. Осыдан кейін ол Мұрашевқа жақындау үшін орнынан көтеріледі, бірақ әріптестері тоқтатып алады.
Кемелов жанжалдан кейін мұның бәрі Ұлықбек Мариповтің кесірінен болды деп жауап берген.
«Бұл эмоцияның бәрі қоғамда шиеленісіп жатқан проблемалардан, — дейді ол Мариповқа. Себебі бізбен сіздің арамызда байланыс жоқ, пікір алмасу жоқ. Кешеден бері күтіп отырмыз. Өлімді күту өлімнен күшті. Бізді күттірмеңіз. Шақырғанымызда келіңіз».
[:]