[:kz]
Бұл туралы Бекболат Тілеухан Нартай Аралбайұлының YouTube-арнасына шыққан су жаңа сұхбатында бөлісті.
Экс-депутат, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының вице-президенті Бекболат Тілеухан Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында қазір өзіне қарсы тұтас институт жұмыс істеп жатқанын айтты, — хабарлайды Skifnews порталы.
Халық арасында «Тоғыз жыл бұрынғы бір сұхбатында ет жеп, қымыз ішпей, басқа елде ұзақ жүре алмаймын дейтін еді. Қазір қайтіп айлап жүр» деп жатқандар барын жеткізген журналистке Бекболат Тілеухан былай жауап берді:
«Маған қарсы бір ғана топ емес, тұтас бір институт жұмыс істеп жатыр. 9-10 жыл бұрынғы сұхбаттарымды тауып алып, онда айтылған сөздерімді өзіме дәлел ретінде қолдануы кездейсоқ нәрсе емес» — дейді ол.
Сондай-ақ, сұхбат барысында Бекболат Тілеухан өлімнен аман қалғанын еске алып, бұрынғы өміріне баға берді.
«Мен 2020 жылдың 10-12 маусым күні өлімнің табалдырығын аттап, бұл дүниеге кері қайттым. Ковидтан өлдім деп ойлаған едім. 78 пайыз өкпе қабынған еді. Қоштасып, мирасымды айтып, қайтып келгеннен кейін мүлдем басқа ой келді. Кейбір нәрсеге жала жауып, жанды қинап жатқан кездерім… Қазір «сол кезде өліп қалсам, не болар еді» деп күлкім келеді. Жиған-тергенім көп. Парламентте отырасың, саясатпен айналысасың… Мұның бәрі өткінші нәрсе екен. Негізі артында қалатын нәрсе — сенің творчестволық мұраң. Қазаққа керегі де сол екен», — дейді экс-депутат.
Сонымен қатар, сұхбатта Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлымен қарым-қатынасы жайында да әңгіме қозғалды.
«Қайрат менің жан досым, оны мен жақсы көрем. Алла тағала мына сынақтан құтқарсын деп тілеп, дұғама қосамын. Маған көпшілік Қайрат қамалғалы тіл қатпадың дейді. Мысалы әкесі Нұрсұлтан Әбішұлының өзі ештеңе демеді. Тергеу ісіне араласуға болмайды», — дейді ол.
Сондай-ақ, жұмыссыз қалған кезінде оны Ұлттық спортқа алып келген Қайрат Сабылдыұлы екенін айтады.
[:]