АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Макгрегордың жүрісін салып, бір күнде танымал болған балақай кім?[:]

[:kz]

Әлеуметтік желіде Конор Макгрегордың жүрісін салып, бір күнде жұлдызға айналған балақайдың есімі — Талант Әли Бақытжанұлы. 5 жасар Таланттың таэквондомен айналысқанына көп бола қойған жоқ деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

«Мен Қызылорда қаласының тұрғынымын. Жасым – бесте. Мектепке әлі барған жоқпын. Спортпен айналысқаныма жеті ай болды. Үйдегі үш баланың үлкенімін. Менен кейін қарындасым және інім бар. Әкем болашақта оларды да спортқа баулығысы келеді», — дейді Талант.

Таланттың талантын шыңдап, осы спорт түріне келуіне себепші болған әкесі екен. Ол: «Таэквондодан бөлек ережесіз жекпе-жекпен айналысып жүрмін. Оған да әкем үйретіп, дайындап жатыр. Сонымен қатар бос уақытымда шахмат, футбол ойнағанды жақсы көремін», — дейді.

Ⓒqamshy.kz

Спортқа келгеніне аз уақыт болса да, жарыстан жеңіспен оралуына жағдай жасап жүрген бапкерлері де жоқ емес. Олар – Гүлмырза Мәжіков, Әкежан Ертаев және Ербол Бейсенбай сынды спорт шеберлері.

«Қазіргі таңда мен аптасына үш рет, екі сағаттан дайындаламын. Спортты жақсы көргендіктен  таэквондомен айналысу маған аса қиындық тудырған жоқ», — дейді Талант Әли.

Әли Талант

Ⓒqamshy.kz

«Конор Макгрегордың сенің бейнежазбаңды өзінің парақшасында бөліскенін алғаш кімнен естідің, көргенде қандай сезімде болдың?» деген сауалымызға: «Мен ол жаңалықты әкемнен естідім, әкеме ағайларым айтқан екен. Жан-жақтан таныстарымыз қоңырау шалып, құттықтап жатты. Мен ерекше сезімде болдым», — деп  Талант қуанышын жасырмады.

 

Оның арманы – Конормен кездесу. Сүйікті спортшысының әр қимылын бақылап отыратынын да жеткізді.

«Конорды көргім келеді. Жаңа ғана менен әкем «Конор шақырса, барасың ба?», — деп сұрады. «Мен бармаймын, бірақ Конорды өзім Қазақстанға шақырамын» деп жауап қайтардым», — дейді 5 жасар таэквондошы.

Талант Әли аз уақыт ішінде көптеген жарысқа қатысып, жүлделі орындармен қайтқан. Оның қанжығасында халықаралық, облыстық, аудандық жарыстардың 1-2 орын жүлделері бар.

«Алға қойған мақсатым – спортта белгілі бір нәтижеге жетіп, Қазақстанды әлемге танытқым келеді. Қазір сол арманыма жету үшін спортпен барынша айналысып, жаттығудан қалмай дайындалып жүрмін», — деді Талант Әли.

Конор Макгрегордың  Instagram парақшасында жарияланған Талант Әлидің бейнежазбасын 11 миллионға жуық адам тамашалаған. Әлемге танылып үлгерген бейнежазба Мұсахан Қалмахановты еске алуға арналған таэквондодан балалар мен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде түсірілген екен. Талант Әли бұл турнирде 18 келі салмақ дәрежесінде екінші орын иеленген.

Әңгімелескен: Маржан Сәбет

«Қамшы» сілтейді

[:]