АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Маңғыстаудағы қуаңшылық: Тұрғындар асар ұйымдастырған шымкенттік азаматқа ақшалай сыйлық берді [:]

[:kz]

 

Маңғыстаулық азамат облыс халқының атынан жұтқа көмек ретінде шөп шабуды ұйымдастырған Құрмет Талапқазыға алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыстады. Шымкенттік жас жігіт еңбегі үшін ешкімнен алғыс хат күтпегенін айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Досбол Озғанбаев есімді Маңғыстау облысының тұрғыны өз сыныптастарының атынан Құрмет Талапқазыға алғыс айту үшін арнайы Сарыағашқа ат басын бұрған. Алғыс хат пен ақшалай сыйын табыстаған сәттен түсірілген видеоны желідегі парақшасында Жансерік Аманқожин бөлісті.

«Маңғыстаудан келіп, Құрметтей бауырымыздың шөп шауып жатқан жерінің үстінен өтіп кете алмай, ат басын бұрған жайым бар. Құрмет бауырымызға мың да бір алғыс. Сол жақтан арқалап әкелген аманатым бар. Өзімнің алтындай сыныптастарымның — астанадан, Алматыдан, Ақтаудан, Қызылордадан азғантай жинаған ақшалай сыйлығы бар. Мырзашөл ауданы Гагарин қаласында 1992 жылы мектеп бітірген түлектер атынан 60 мың теңгені осы бауырыма тапсырамын», — дейді Досбол Озғанбаев

 

Маңғыстаулық азамат облыс халқының атынан табысталған алғыс хатты да оқып берді. «Маңғыстаудағы жұтқа, қуаңшылыққа байланысты жұртшылық атынан қарлығаштай қанатымен су тамызған аты өзіне сай Құрметтей бауырымызға мың тағзым. Алланың назарында болып, әулиелер қолдағай! Жүз жаса!», — делінген Құрметке берілген алғыс хатта. Құрмет Талапқазы көрсетілген құрметке ризашылығын білдірсе де , мұндай алғыстың өзіне керегі жоқ екенін айтады. «Осындай көмектеріңізге Алла разы болсын, ауырмаңыздар, шаршамаңыздар. Мұны мен ешқандай дәметпеймін, бұл риясыз көңілім. Біраз болса да малдар жем-шөпке кенелсе болды. Осы істі соңына жеткізіп, барынша әрекет етемін», — деп уәде берді белсенді жігіт видеода. Сол сәтті пайдаланған маңғыстаулық азамат үндеу жасап, жерлестерін шымкенттік жас жігітпен бірлесіп шөп дайындауға шақырды. Т

«Осы сәтті пайдалана отырып, Маңғыстау халқына үндеу жасағым келеді. Міне, алдымызда алты вагон шөп жолданғалы отыр. Құрметтің алғашқы видеоларына жұрт күлген болатын, мысқылдап. Сол кезде ел «жалғыз бала не істей алады» дегендей болған. Бірақ шөбі дайын, бұйырса жөнелтіледі. Осындай қиын-қыстау кезеңде, Маңғыстаудағы төрт-түліктің аянышты халде тұрған кезінде біз де шет қалмауымыз керек! Әр ауылдан Шетпенің, Бейнеудің айналасындағы барлық ауылдар өзара топтасып, бригада шығарса деген ойым бар. Қолы бос адамдар, жұмыссыз адамдар, студенттер, тек жанұясының шаруасымен жүрген адамдар шығып ат салысса екен дейміз. Күштің бәрі бірлікте емес пе? Сіздерден, маңғыстаулықтар көмектесулеріңізді сұраймыз. Бұл өздеріңіз үшін. Елдің шөбін шауып жүрген Құрметке неге көмектеспеске?! Жататын жер, ішіп жемі бәрі ұйымдастырылады деп тұр. Сарыағаш ауданына келіп, қолын ұшын берейік. Жайылымдық, шабындық жерлерді келісіп алып, шабуға дайындап қойған. Тек шабатын қол керек. Ауылдың қалталы азаматтары жол шығынын көтерсе деген үмітіміз бар», — деді ол.

Құрмет Талапқазының сөзінше, Сарыағаш ауданындағы жерлерді шауып болған соң, белсенді еріктілер тобы шөбі шүйгін солтүстік, шығыс өңірлерге аттанбақ ниетте.

 

 

kaz.nur.kz

 

[:]