АЛТЫНОРДА
Қоғам

[:kz]Маңғыстауға 30 тонна шөпті бірінші болып жеткізген ақтөбелік келіншек елдің алғысына бөленді (ВИДЕО)[:]

[:kz]

 

Ақтөбеден Маңғыстау малшыларына деп халықтан жиналған 30 тонна шөпті ешбір кедергіге қарамастан жеткізген қазақ қызы елдің алғысына бөленді. KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында Балнұр Ермекбаева бұл істі жария етуді қаламағанын, оны қандай да бір танымалдық үшін жасамағанын айтады.

Балнұр Ермекбаева жолдасымен бірге мал шаруашылығымен айналысады. Олар былтырдан бері Алмасбек Садырбаев құрған «Шопан ата» қауымдастығының мүшесі. «Жолдасым бұрыннан мал шаруашылығын қолға алсақ деп жүрген. Бір күні Алмасбек Садырбаевтың желідегі видеоларын көріп, қызығушылық танытып, көптеген пайдалы ақпараттарды естіп білдік. Сөйтіп, «Шопан ата» қауымдастығына мүшелікке кіріп, «Қазына» ғылыми білім беру оқу орталығында білім жетілдірдік. Жолдасым — техник ұрықтандырушы, ал мен ЭВМ операторы мамандығы бойынша қысқа мерзімді оқуды бітірдік», — дейді Балнұр Ермекбаева.

 

Фото: Балнұр Ермекбаеваның жеке мұрағаты

Ақтөбе облысында Маңғыстауға шөп жеткізу жұмыстарын ұйымдастырған Балнұр бұл істің басына қалай келгенін айтып берді.

Оның сөзінше, Алмасбек Садырбаев Маңғыстауға сапарында Ақтөбе облысынан шөп жинау жұмыстарын өзіне сеніп тапсырған.

«Маған Ақтөбе облысынан көмек береміз деген азаматтар көп екенін айтты. Сол істі ұйымдастыру керек екен. Мені жауапты адам ретінде тағайындады. Мен бірден келістім. Шамам жете ме, жетпей ме деп ойланған жоқпын. Ұрыста тұрыс жоқ, күтетін уақыт жоқ, мал қырылып жатыр. Көмек берем деген адамдарға ешқандай уақыт жоқ екенін түсіндірдім. Сөйтіп біз ол кісілермен ақылдасып, бірігіп жұмысқа кірісіп кеттік. Жолдасым вахтада жұмыс істейтін.

Ол кісі үйде болған уақытты пайдаланып, көмек беруші адамдардың қоңырауына жауап беріп, кездесіп, қай жерде қандай шөп бар екенін білдім. Біреу 30 рулон, бір кісі 100 рулон, тағы бірі 400 рулон берем деген сияқты қоңыраулар көбейді. Сол кісілердің айтқандарын қорыта отырып, көлік іздестіре бастадым. Алғашқы көмек Қобда ауданынан болды. Тимур есімді азамат өзінен бір фура шөп беретінін айтты. Маған көлік табу жағы қиынға соқты. Шөп бар, бірақ көлік таба алмай екі күн жүрдік. Сөйтіп жүріп көлікті де таптық. Серікболсын есімді логистикалық компанияның иесі бізге қол ұшын созды. Қобда ауданындағы шөпті тиеп алып шығу керек болды.

Сол күндері Қобдада толассыз жаңбыр жаууына байланысты 30 тонналық жүкпен асфальтқа шығып кету өте қиын болды. Дөңгелектің жартысы батпаққа батып кетті. Қолда бар техникамен шығаруға әрекет етіп көрдік. Бірақ шығара алмадық. Солай түнгі сағат 11 болды.

Мен Алға ауданындағы басшылықта отырған ағаларымызды танитынмын. Арман Бошанов есімді азаматқа хабарластым. Жексенбі күні болса да бір ауыз сөзімді жерге тастамай көмек берді. Ол Қобда ауданындағы әріптесі Ізгілік Тынымгереев есімді азаматқа хабарласып, бізге көмектесуін сұрады. Қобда ауданы әкімдігінің қызметкері ертеңінде барлық техниканы жұмылдырып, шөп тиелген көлігімізді жолға шығарып берді. Сол кісілердің бәріне үлкен алғысымды білдіремін. Маңғыстаудағы Шетпе ауданына көмектесеміз деп айтқан едік. Сол жақта шөпті түсіріп алды. Бұл ешқандай ақылы емес, тегін беріліп жатқан көмек. 

Ақтөбе облысынан көмектің бас-аяғы бұл емес, әлі де жөнелтеміз. Жиналып тұрған шөп бар. Техника табу жағы тағы да қиынға соғып жатыр. Бірақ бұл ешқандай кедергі емес, бұл мәселені шешеміз, Жақын күндері тағы 2 фураға тиеп, жібереміз», — дейді ол. Балнұр Ермекбаева қоғамдық жұмысты атқаруда өзіне қолдау білдірген жақын жандарды да атап өтті. «Жұт — барлығымызға ортақ мәселе.

Бұл — халық болып жұмыла көтеретін жүк. Менің қайбір ісіме, жұмысыма қолдау білдіретін үйде ата-енем бар. Одан кейін жолдасым Ануар мені үнемі қолдап жүреді. Сондай-ақ, маған үнемі жол сілтеп отыратын бір адам болса ол — Алмасбек Садырбаев мырза. Бұл дүние қандай да бір мақтан үшін, танымал болу үшін жасалған дүние емес. Бұл маған берілген тапсырманы дұрыс орындау, нақты жұмысты жүргізіп көрсету үшін жасалған азаматтық парызым», — дейді Балнұр Ермекбаева. 

 

Елдің аманатын аман жеткізген ақтөбелік келіншекке желіде ел алғыс білдіріп жатыр. «Алла разы болсын!», «Жасаған қызметің өзіңе мың есе қайтсын», » Қызым бақытты бол, ер азамат орнына жүрген. Алла разы болсын!», — деп жазды желі қолданушылары. А

kaz.nur.kz/

 

[:]