[:kz]
Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында тілге қатысты бірқатар мәлелелерді қозғады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Еліміздің басты нышандарының бірі — мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді», — дейді Тоқаев.
Мемлекет басшысы тілдің бүкіл халықты біріктіретін құндылық екенін атап өтті . Оған қоса, мемлекеттік тілді үйрену маңыздылығын түсіндірді.
«Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе — ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты», — дейді мемлекет басшы.
Тоқаев тіл игеру үшін балалар әдебиетіне көңіл бөліну керек екенін айтты. Оған қоса, кітап мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.
«Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары», — дейді президент.
Мемлекет басшысы қазақ тілін білмейтіндерге үндеу жасап, ынталандыра түсті.
«Мемлекеттік тілді білу — Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», — дейді Тоқаев.
Оған қоса, жас ұрпақты ана тілін жетік меңгеруге шақырып, олардың бойында ұлттық рухты қалыптастыру керегін жеткізді.
«Ана тілімізді кеңінен қолдану — басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Жастарымыз бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал», — деп қорытындылады мемлекет басшысы.
Еске салсақ, мемлекет басшысы қазаққа ұлан-ғайыр аумақты ешкім сыйға тартпағанын айтты.
Мемлекет басшысы жастарға жаңа грант тағайындалатынын мәлімдеді.
[:]