[:kz]
Танымал айтыскер Балғынбек Имаш коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын салдырғанын айтты. Бұл туралы өнер иесі Nege.kz басылымына берген сұқбатында мәлімдеген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі. Журналистің «екпе алуға қарсысыз ба?» деген сұрағына айтыскер-ақын вакцинаға емес, мәжбүрлеуге қарсы екендігін жеткізді.
«Кім айтты? Өтірік айтпашы. Өзім вакцина салдырдым. Мен вакцинаға қарсы емеспін. Тек мәжбүрлеуге қарсымын. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей», — деп жауап берді ол.
Айтуынша, «Спутник V» екпесін салдырған. Ақынның сөзінше, оның әлеуметтік желіге жазған жазбаларын дұрыс түсінбей жатқандар көп.
Сонымен бірге, ол сұқбат кезінде «антиваксерлерге» қатысты пікір білдірді. «Олар да вакцинаға қарсы шығып жатқан жоқ. Мәжбүрлеуге қарсы. «Зорламаңдар, балаларға, екіқабат әйелдерге тиіспеңдер!» деп жатыр. Мұнда не жамандық бар? Басында үкіметтің өзі «Әркімнің өз құқы. Мәжбүрлемейміз» деді де, артынан басқаша әрекет жасауға көшті.
Сөзі мен әрекеті қабысып жатқан жоқ. Көптеген мекемелерде қызметкерлеріне қоқан-лоқы көрсетіп, «екпе алмасаң, жұмыстан шығарамыз!» деп мәжбүрлеп жатқан көрінеді. Өздерің де естіп жүрген шығарсыңдар. Енді келіп антиваксер етіп шығарайын деп жүрсіңдер ғой», — деп жауап берді ол.
Бұдан бөлек, сұқбат барысында журналист: «Таяуда ғана «Ұтыс жариялап, вакцина алмағандарға 500 баспана сыйлаймын» деген сөзіңіз ше?», — деген сұрақ қойып, одан бұған дейін желіні шулатқан жазбасының мәнін сұрады. «Оны да журналистер бұрмалап жіберген. Менің Instagarm-дағы парақшама кірсең, көресің. «Екпе алмағандарға, алса да желіге жарнамалап салмағандарға» деген сөз бар. Ал журналистер, түрлі пабликтер «Балғынбек екпе алмағандарға үй алып берейін деп жатыр» деп шығарып алды.
«Екпе алмағандарға…» деген сөз жоқ мәтінде.
Бұл да жала! Қазір шетінен сөзді бұрмалаудың шебері болып алған», — дейді ол.
Ақынның пікірінше, вакцина адамды вирустан қорғамайды.
«Жоқ-жоқ, қорғамайды. Вакцина тек имммунитет қалыптастырады. Бұл қорғайды деген сөз емес, тек вируспен ауырған адам жеңіл өтіп кетуі мүмкін. Тіпті, індетті қайта жұқтыруың да ләзім. Бұл жерде кепілдік жоқ. Өзім әрі-бері Дубай, Түркияға көп ұшамын. Шетелге жиі шығатын болған соң, екпе алдым», — дейді Балғынбек Имаш.
Ақын вакцина алғаны туралы әлеуметтік желідегі оқырмандарға неліктен айтпағаны туралы сұраққа: «Айтып жүрмін. Екпенің миллион түрін аламын, бірақ «балаларыма салдырмаймын» дедім. Ешкімге ештеңе айтпаймын. Әркім өзі біледі», — дейді ол.
[:]