АЛТЫНОРДА
Сот ісі

[:kz]»Не істегенімді білмеймін»: Игорь Дужнов адамдарды өлтіргеніне өкінетінін мәлімдеді[:]

[:kz]

Алматыда бес адамды атып өлтірді деген күдікті Игорь Дужновқа қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алматы ауданаралық мамандандырылған тергеу сотында Игорь Дужнов адамдарды өлтіргеніне өкінетінін жеткізді. Ол өзін мұндай жағдайға «сот орындаушысының заңсыз әрекеті, заңсыздық пен сот жүйесі» жеткізгенін мәлімдеді. 

 

«Өз үйімді, отбасымды, балаларымды қорғаймын деп аффект күйінде не істегенімді түсінбедім. Бұған өкінемін. Құрметті сот, мен жауап беруден бас тартамын. Бұдан артық сөйлей алмаймын», – деді ол.

Дужновтың адвокаты соттан күдіктінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сотты жабық режимде өткізуді сұрады. Алайда сот БАҚ өкілдерін қатыстырмау туралы өтінішті қанағаттандырмады және онлайн тыңдауды ашық режимде жалғастыру туралы шешім қабылдады. Бұдан соң заңгер судьяға қарсы наразылығын жеткізді. Адвокат күдіктінің мекенжайын құпия сақтап, күзет беріп, үйқамаққа жіберу қажеттігін айтты.

Алайда судья Жанәбіл Ақынов процесс ашық режимде өтеді деп шешті. Бұдан соң адвокат судьяны ауыстыруға өтінішхат жазды, алайда ол қанағаттандырылмады.

Судья Жанәбіл Ақынов Дужновты екі ай мерзімге қамауға алу туралы қаулы шығарды. Мерзім ұсталған уақыт 20 қыркүйек сағат 18:00-ден бастап есептеледі.

Журналистерге сот залында болуға да, процесті видео байланыс арқылы көруге де рұқсат берілді. Алайда материал жариялау үшін прокурор келісімі қажет. Өз кезегінде прокурор БАҚ бұлтартпау шарасын таңдауға қатысты сот шешімін ғана жариялай алады деп шешті.

Сондай-ақ, Алматы қалалық соты бұдан бұрын Дужновтың ақша алып, қайтармаған таныстары оны алты рет сотқа бергенін мәлімдеді. Тіпті, 18 рет жеке сот орындаушылары оны сотқа жауапкер ретінде шақырған. Бұдан бөлек, тағы тоғыз рет оның мүлкіне тыйым салуға және мәжбүрлеп сотқа келтіруге тырысқан.

«2014-2021 жылдары Игорь Дужнов алты азаматтық іс бойынша сотта жауапкер болған. Ол ұзақ уақыт бойы қарызын өтемеген: кейбіреулері үш, ал басқалары үшін алты жыл. Сондықтан екі адам одан жалпы сомасы 6,5 миллион теңге қарызды өндіріп алу үшін жүгінген. Сонымен қатар, ЖСШ бес миллион теңгені қайтару туралы және банк 118 миллион теңгені қайтару туралы талап арыз берген», — деді Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің маманы Нұрсұлтан Орынбасаров. 

Оның айтуынша, үш сот шешімі бойынша Дужновтан 130 миллионға жуық теңге өндірілген.

[:]