АЛТЫНОРДА
Әлеумет

[:kz]Неке қиғанда әйелдің мәһірге қымбат көлік, iphone талап етуі дұрыс па: Мүфтият өкілі жауап берді[:]

[:kz]

 
Мәһірдің ең төменгі мөлшері 10 дихрам, яғни 60 мың теңге.
 
Жастар арасында мешітте неке қию рәсімін өткізу міндетті іс-шаралардың біріне айналып барады. Ислам шарттарына сәйкес неке қияр алдында қалыңдық болашақ жарынан сый — мәһір талап етуге құқылы. Заман ағымына сай мәһірге берілетін сыйдың түрі де, мөлшері де өзгеріп келеді. Соңғы жылдары жастар арасында қымбат көлік немесе Iphone сұрау сәнге айналған.
 
ҚМДБ өкілі Хасан Аманқұл KAZ.NUR.KZ тілшісіне мәһірдің ең төменгі және жоғарғы шекті мөлшері турасында кеңірек айтып берді.
Ең алдымен ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл қалыңдық малы — мәһірдің не екеніне тоқталды.
«Мәһір (қалыңдық малы) – әйел затының неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 4-аятында: «Үйленетін әйелдеріңе мәһірлерін шын көңілден тарту етіңдер», – деп бұйырады. Шариғат бойынша мәһірді міндетті түрде беру керек. Келісілген мәһірді бермеу – күнә, бірақ қиылған некесі дұрыс болып саналады», — дейді ғалым.

Хасан Аманқұлов Ханафи мазһабы бойынша мәһірдің ең аз мөлшері – 10 дирхам екенін, қазіргі таңда елімізде белгіленген оның ең аз мөлшері қандай екенін атап өтті.

«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Он дирхамнан азы мәһір емес», – деген (Бәйһақи). Сахабалар өмір сүрген араб халифаты заманында 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммды құраған. ҚМДБ Ғұламалар кеңесі қабылдаған пәтуа бойынша, алтынның құны Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі белгілеген 585 сынама бағасымен есептеледі.

Бүгінде 585 сынамасы бар алтынның бір граммы ҚР Ұлттық банктің мәліметі бойынша 14030 теңге тұрады. Сонда 4,25 грамм алтын, яғни мәһірдің ең аз мөлшері шамамен 60 мың теңгені құрайды», — дейді ол. 

Маманның айтуынша, мәһірдің құны аталмыш мөлшерден төмен белгіленген жағдайда, оны 10 дирхамға толтыру керек. Мәһір ақшалай немесе заттай беріледі.

Оның сипаты мен мөлшері анық көрсетілуі керек. 
Дін қызметкерінің айтуынша, мәһірдің жоғарғы шегі көрсетілмеген, ол әдетте ер адамның материалдық деңгейіне, отбасының әлеуметтік жағдайына қарап белгіленеді.

«Мәһір күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін ренжітетіндей кем болмауы керек. Мәһірді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала беріп, қалғанын кейін бере алады. Әр елде мәһірдің өзіндік мөлшері қалыптасады. Оны мәһір-мисл деп атайды.

Мәһір-мисл деп қыздың әке жағынан туыстары арасында өзіне тең келер әйелдерге берілетін сыйлық мөлшеріне айтылады. Оны анықтағанда әйелдердің жасы, сұлулығы, мал-дүниесі, ақыл-ойы, білімі, діндарлығы, өмір сүріп жатқан жері мен уақыты ескеріледі. Мысалы, қыз бен тұл әйелдің мәһірі екі түрлі болуы мүмкін.

Сахаба Абдулла ибн Масғуд (оған Алла разы болсын) осы мәселеге қатысты былай деген: «Әйелге өзінің (әке жағынан) жақын туыстарына (қыздың әпке-сіңлілеріне және олардың қыздарына) берілгендей мәһір беріледі, одан азайтылмайды һәм арттырылмайды» (Тирмизи)», — дейді имам.

kaz.nur.kz

[:]