[:kz]
Абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел мектептегі дәріс кезінде қыздарды кеуіп қалатын маркерге теңеген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Sputniknews.kz-ке сілтеме жасап.
Отбасы, ошақ-қасы жайлы сөз қозғаудан алдына жансалмайтын Омар Жәлел, Назарбаев зияткерлік мектебінде оқушы қыздарды оқуға емес, бала тууға шақырған. Бұл туралы ол қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған дәріс кезінде айтқан.
«Қыз баланың мұраты – өмір бойы оқып, «академик-доктор» болу емес, жастайынан бес зәруді бойына сіңіріп, «академик-докторларды» туып, тәрбиелеу. Қыз деген маркер ғой. Ол жазбай қалса, біз не істейміз!? Әлбетте, тастай саламыз», — деген Жәлел дәріс оқу барысында.
Абайтанушының бұлай деуі оқушы қыздардың ашуына тиген.
Тіпті 11 сынып оқушысы Аяулым Қанатбек әлеуметтік желіде пост жазып, Жәлелдің сөзімен келіспейтінін білдірген. Ол әйелдерді өз құқықтарын қорғауға шақырды.
Оқушы қыздың позициясын білім беру ұйымының әкімшілігі де қолдап отыр.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Тараз қаласындағы зияткерлік мектептің 11 сынып оқушысы Аяулым Қанатбектің ұстанымын қолдайды және оның Instagram желісіндегі қыздардың заманауи қоғамдағы миссиясы туралы жазбасымен келіседі», — деп мәлімдеді НЗМ өңірлік филиалынан.
[:]