[:kz]
Инстаграм желісіндегі директен ешкімнің байланысуға тырысқанын байқамадым. Цой мырза, мені іздесеңіз директіге жазыңыз.
«Халық ковид-19 вирусынан бұрын дұрыс тағайындалмаған емнен өліп жатыр» деп ел президенті Тоқаевтың атына үндеу жолдаған шымкенттік дәрігер Айна Бакеева Денсаулық сақтау министрі Алексей Владимирович Цойдың курстасы болып шықты.
Бұл туралы кезекті бейнежазбаларының бірінде дәрігердің өзі айтқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Бізбен бірге сол кезде екі жігіт оқыды. Солардың бірі Алексей Цой болатын. Екіншісі – Слава. Екеуі Дон Кихот пен Санчо секілді жүретін», — дейді Айна Бакеева. Оның айтуынша, группаластары қазіргі министрімізді Леша деп атаған.
Шымкент қаласындағы жекеменшік аурухананың терапевті, реабилитолог Айна Бакеева бұл жазбасында негізінен қаншама үндеу жариялап жатса да жоғары жақтан еш қозғалыс болмай жатқанын айтпақ болған.
«Ешбір байланыс болмады. Үш күн бұрын Денсаулық сақтау министрі Алекцей Цойға үндеу жолдадым. Ақыры қызымнан Денсаулық сақтау министрінің іздеп жатқанын естідім. Бірақ Инстаграм желісіндегі директен ешкімнің байланысуға тырысқанын байқамадым. Цой мырза, мені іздесеңіз директіге жазыңыз. Мен телефонымды өшіріп тастаймын. Өйткені хабарласатындар өте көп», — деп атап өткен.
Естеріңізде болса, осыдан біраз бұрын Айна Бакеева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жасаған болатын. Онда халықтың ковид-19 вирусынан бұрын дұрыс тағайындалмаған емнен өліп жатқанын айтқан. Емдеу тәсілін өзгеру керек деген болатын.
Кеше Денсаулық сақтау министрі Алексей Қазақстанда емдеудің клиникалық хаттамалары әлем бойынша дәлелденген әдіс-тәсілдер негізінде жасалатынын айтып, денсаулық саласының мамандары шымкенттік дәрігерге хабарласып көргенін айтқан болатын. Бірақ, таба алмаған.
«Біз бәрін талқылайын деп едік, ғылыми ортада қарастыруды ойладық. Өкінішке қарай, хабарласты, үйіне де барған. Бірақ, ол маманды таба алмады. Біз бәрін талқылауға әзірміз. Қандай да бір тәртіп бұзушылықтар болса, комиссиямен жиналып, қарастыруға дайынбыз», — дейді Цой.
Сол секілді, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов та шымкенттік дәрігерге қызығушылық танытып отырғанын айтқан. «…мен бұл дәрігерге байланысты арнайы тапсырма бердім. Медицина саласының мамандары ол адаммен бірге жұмыс істеуге дайын. Егер нақты ұсыныс болса, онда бірге жасау қажет. Мұндай ұсынысты мамандармен бірге талқылауға ешқандай қарсылық жоқ», — деді Тоғжанов.
[:]