АЛТЫНОРДА
Жаңалықтар

[:kz]«Ол тірі, басынан контузия алған»: Тараздағы жарылыста жоғалып кеткен жігіттің туыстары көріпкелдерді аралап жүр[:]

[:kz]

Байзақтағы жарылыстан соң іс-түзсіз жоғалып кеткен Бауыржан Дәуітбаевтың отбасына әскери шенділер 300 мың теңге ұстатып кеткен. Жоғалған қызметкердің әйелі болса лауазымды тұлғалардан ақша емес, күйеуін тауып беруді тағы талап етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

 

Бесінші баласына аяғы ауыр Дильназ Данаеваның көңілі іздеу жұмыстарына толмайды. Тарыққан туыстары амалсыз бақсы-балгер, көріпкелдердің көмегіне жүгініп, ел аралап кеткен. Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларындағы балгерлердің болжамына көңілі толмаса керек, Бауыржанның туыстары Түркияның танымал көріпкелімен жұмыс істесіп жатыр.

«Бізге өте ауыр. Амалымыз таусылған соң жан-жақтағы туыстарымыз болып, көріпкелдерге барып, кейбіріне телефон арқылы хабарласып жатырмыз. Туыстар құмалақ аштырып, әр облыстағы аты шыққан көріпкелдерге жүгініп жатыр. Олардың болжауынша Бауыржан тірі. Бақсылардың бірі «күйеуің тірі, басынан контузия алған, қайтып оралады» деп айтты. Ондай жарылыстан әрине контузия алады. Жараланбақ түгіл қаншама адам өліп те кетті. Табылса екен, тіпті қос көзі көрмей, соқыр болып қалса да өмір бақи қасыма алып бағуға дайынмын. Тек табылып, үйге келсе екен. Әке-шешесіне де, балаларына да қиын болып жатыр. Не өлі, не тірі екені белгісіз», — деді іздеудегі әскери қызметкердің әйелі Дильназ Данаева.


Бауыржан Дәуітбаев


Дильназ Данаева

Оның сөзінше күйеуін іздеу жұмыстары Қорғаныс министрлігі тарапынан белсенді түрде жүргізіліп жатқан жоқ. Аяғы ауыр болса да тыныш отыра алмаған Дильназ ата-енесімен бірге жарылыс болған жерге де барған. Қамыққан отбасын жұбатпақ болған әскери шенділер болса Дильназдың қолына 300 мың теңге ұстатыпты.

«Әскери бастықтар маған балаларыңа мектепке қажетті заттарыңды ал деп 300 мың теңге тастап кетті. Маған ақша керек жоқ, өзімізге жететін дүниеміз бар. Берген ақшалары әлі тұр, тиіспедім. Әкелері балаларына қажетті заттарды алып қойған ертерек. Бізге жолдасымның табылғаны маңызды. Олар Бауыржанды аса қатты іздеп жатқан жоқ, 400 адам дейді, күзетші, кезекшілерді де қосып айтады. Күйеуіммен бірге жұмыс істеген 15 шақты жігіт қана қалайда табамыз деп іздеуді тоқтатпапты. Машинасының артқы терезесі сынған еді, оны үйге әкеліп, терезесін салып, жөндеп қойдық. Өзімен бірге қалатасында үнемі паспорты мен әскери билеті жүретін. Жеке куәлігі үйде, қалған құжаттары жоқ», — деді Бауыржан Дәуітбаевтың әйелі.

Дәуітбаев жарылыс ошағынан 30 метр жерде тұрған

Тараз гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы Дина Мұхаринованың сөзінше, іздеу жұмыстары тоқтаған жоқ. 34 жастағы жігітті табуға жеке құрамның 400-ден астам әскери қызметшісі, 50-ден астам техника тартылған. Одан бөлек, минаны табу және залалсыздандыру бойынша 10 топ құрылған. Ұлттық ұланның сарбаздары да ауылдарды аралауға көшкен.

«Туыстарымен үнемі байланыстамыз және олардың уайымын түсінеміз. Әрбір қарыс жерді аршып, қазып, тексеріп жатырмыз. Кинологиялық орталықтың 4 иті де іздеу тобына қосылған. Оның ішінде белгиялық «Моно» атты ит те бар. Ол осыған дейін жарылыс болған жерде топырақтың астына терең көміліп қалған екі әскери қызметкердің денесін тапқан. Өте иіссезгіш. Өрт, жарылыс болған сәтте қызметкерлердің, олардың қай маңда тұрғанына дейін анықтайтын арнайы схема дайындалды. Жараланған, тірі қалған әскерилердің де пікірі ескерілді. Физика, математика, геометрия заңдылықтары арқылы оқиғаны зерттеу жүргізіліп жатыр. Дәуітбаевтың әке-шешесін іздеу жұмыстарының тоқтамағанына көз жеткізу үшін бронжилет кигізіп әскери қоймаға, жарылыс болған аумаққа да кіргіздік. Әскерилер шаршаса да жұмысты тоқтатқан жоқ. Анықтауларға сүйенсек, Дәуітбаев сол кезде жарылыс ошағынан шамамен 30 метр жерде тұрған», — деді подполковник Дина Мұхаринова.

Жарылыстан тереңдігі – 20, диаметрі 100 метрлік алып шұңқыр пайда болған

Байзақтағы әскери оқ-дәрі қоймасының жалпы аумағы 170 гектарға жуықтайды. Базада ашық және жабық жағдайдағы 30-дан астам қойма болған. Олардың қаншасы жанғаны, жарылғаны белгісіз. Жарылыс №14 қоймада басталған. Жарылыстан тереңдігі 20 метрлік, диаметрі 100 метрге жетететін алып шұңқыр пайда болған. Одан бөлек, тереңдігі 4-5 метрлік шағын шұңқырлардың саны көп. Төтенше жағдайдан соң қойманың ішін 3-4 метрге дейін жететін топырақ пен қалдық жабындысы басып қалған. Кіші сержант Дәуітбаевты әріптестері соңғы рет қойманың жанынан көргендіктен, қазір оны іздеу жұмыстары жарылыс болған жерде жалғасуда. Әскерилер әлгі жабындыларды аршып, базадағы жер қыртысының әрбір сантиметр топырағына дейін екшеп, зерттеп жатыр.

Алматылық балгер қызметіне 180 мың теңге алған

«Ауылдағы көрші қыз түс көріпті, «жарылыстың маңындағы плитаны ашу керек, ол тірі, аш, тамақ сұрап жатыр» деген. Тараған тағы бір ақпараттарда адамдар оны өзге ауылдан көрген. Туыстарының көңілі қалмасын деп түс, болжамдар бойынша ауыр цемент бетондарды да қопардық. Жігіттер ауылдарды да аралады. Біз бақсы-балгерлерге емес, әскери заңдылықтарға, ғылымға жүгінеміз. Туыстарының көріпкелдерге жүгінгенін білем. Кеше ғана Дәуітбаевтың апайы Фатимамен сөйлестім. Ол Алматыдағы бір көріпкелдің 100 мың теңге алғанын, кейін «Бауыржанға төніп тұрған қауіптен, өлімнен құқарам» деп тағы 80 мың теңге сұраған. Туыстары солай 180 мың теңгені көріпкелге аудара салған. Ал біз іздеу жұмыстарын тоқтатпаймыз», — деді Тараз гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы Дина Мұхаринова.

Әскери оқ-дәрі қоймасындағы оқиғадан 100-ден астам адам зардап шегіп, 16 өрт сөндіруші мен әскери адам қайтыс болды. Оқиға орнында 18 техника толықтай жойылып кетті.  

Әмірболат Құсайынұлы, Жамбыл облысы

[:]