[:kz]
Куәгерлер
Отбасылық жанжалдың соңы адам өлімімен аяқталды. Сұмдық жайт елордада болды. Ащы суға тойып алған 59 жастағы ер адам ашу үстінде өз әйелін атып өлтіріп, бес жастағы өгей ұлын жарақаттаған.
Қазір бүлдіршін ауруханада жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға елорданың дәл осы тұрғын үйінің 8-қабатында болған. Ішімдікке сылқия тойып алған ер азамат өзінің баласын және әйелін жарақаттапты. Ал, бүгін қанды оқиғаны ештеңе еске салмайды. Айналада сілтідей тыныштық.
Мұнда бір жанжалдың болғанын полиция қызметкерлерінің мөрлеп қойған белгілері ғана айқындап тұр.
Қанды қылмыс болған кезде қансырап жатқан 4 жастағы бала «Менің өлгім келмейді, менің өлгім келмейді» деп жанұшыра айқайлапты. Оны балақайдың басы-қасында болған оқиға куәгерлері де растап отыр. Ал, жалпы күдіктінің мұндай айуандық әрекет жасауға не түрткі болғанын көрші-қолаң түсінбей дал. Себебі, бұрын соңды оның мұндай әрекетін байқаған жоқпыз деп отыр.
«Мен шуды естіген соң үйіне барсам, әйелі мен баласын жаралаған адам не істерін білмей жүр. Тағы атпасын деп, мылтығын шетке алып тастадым. Жараланған баласын арбаға салып, жедел жәрдем көлігіне салып, қайта пәтерге кірсем қансыраған әйелі жан тапсырыпты. Оқиғадан соң түнімен көз ілмей шықтым. Отбасының бұрын-соңды мұндай әрекетін байқаған жоқпын», — дейді көршісі Галина Латыкова.
Күдіктімен 5 жылдан бері бір подъезде тұрып келе жатқан зейнеткер Галина апай болса, 59 жастағы ер азаматты бұл жағдайға әлдекімдер итермелегенін айтып отыр. Себебі, кеше қарудың даусы естілісімен көмекке жанұшыра барғанда, қатыгез әкенің аузынан алғаш болып «Олар мені осы жағдайға әкелді» деген сөз шыққан дейді.
Бір білгеніміз аса ауыр қылмысқа барған ер азамат еш жерде ресми түрде жұмыс істемейді. Көршілері оның 6 әйелі болғанын айтып отыр. Бақилық болған келіншек 5-жұбайы екен. Сол оқиға кезінде үйінде болған өгей баласы анасының өлімі үшін күдіктіні өлтірмек те болыпты.
«Түнде үйге келгенімде подъезде тәртіп сақшылары жүрді. Қайтыс болған әйелінің баласының қолы кісендеулі болды. Полицейлердің сөзінше ол анасын жарақаттағаны үшін, өгей әкесін өлтірмекке оқталған. Көрші болып келе жатқанымызға 3 жылдан асты. Бұрын-соңды мұндай әрекетін байқамаппын. Еш жерде жұмыс істемейді», — деді оқиға куәгері Ерлан.
Періштесі қағып, оқиғадан аман қалған 4 жастағы бала қазір Нұр-Сұлтандағы мына ауруханада ем қабылдауда. Ақ халаттылар, бүлдіршін ауыр жағдайда түскенімен, уақыт өте оңалып келе жатқанын айтады. Қазір, науқастың жанында психолог сынды мамандар жұмыс істеп жатыр екен. Дәрігерлер жақын арада үйіне шығарылады деген болжам жасап отыр.
«Іш жағында жарақаты бар. Сол шұғыл түрде баланы реаниация бөлімшесіне жатқызып, содан кейін дайындық өткізгеннен кейін, шұғыл түрде операция жасалынды. Лопаскапиялық операция жасалынды. Баланың қазіргі жағдайы тұрақты орташа. Өміріне ешқандай қауіпті жағдай жоқ», — дейді №2 қалалық балалар ауруханасының абс дәрігері Біржан Досмаилов.
Полиция департаментінің дерегінше, күдікті ер адамның негізгі кәсібі аңшылық болғандықтан, қару ұстауға рұқсаты болғанын айтып отыр. Отбасылық жанжал кезінде әйелі мен баласын жайратып салған ол қазір уақытша ұстау изоляторында екен.
«Осы дерек бойынша қазір, ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Күдікті ұсталып, қамауға алынды», — деді қалалық полиция.
Қаладағы ең қауіпсіз, ең тыныш саналатын бұл үйдің тұрғындарынан қазір маза кеткен. Себебі, жағаұстатарлық жағдай мұнда алғаш рет тіркеліп отыр екен.
[:]