АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Орыстар тағы да шеруге шықты[:]

[:kz]

Ресейде жұртшылық тағы да шеруге шықты. Халық бұл жолы да елдегі шектен асқан жемқорлықты жоюды талап етті.

Естеріңізде болса, өткен наурыз айында да Ресейдің көптеген ірі қалаларында осындай шерулер орын алып, полиция күшімен басылған еді. Оған оппозиция серкесі Алексей Навальныйдың Премьер-министр Медведевке қатысты түсіріп, таратқан деректі фильмінде айтылған жайлар себеп болғаны белгілі.

Сол кезде бірқатар адамдармен бірге Навальныйдың өзі де тұтқындалып, әкімшілік жазаға тартылған, 15 күн қамақта отырып шыққан болатын. Ол бостандыққа шыға салысымен-ақ әлеуметтік желі арқылы халықты жаздағы «Ресей күні»  (12-маусым) мерекесіне орай тағы да шеру ұйымдастыруға шақырған еді.

Бұл жолы Ресейдің 200-ден астам қаласында шеру ұйымдастыру көзделген болатын. Шеруге шыққандар аз болған жоқ, ол Ресейдің батыс аумағынан қиыр шығысындағы ірі қалаларға дейін қамтыды.

Арнайы рұқсат берілмегендіктен шерулерді полиция күшпен таратты. Тағы да төбелестер орын алды, адамдар жарақаттанды, қамауға алынды. Кешегі 13-маусымның өзінде 500-ге жуық адамның қамауға алынғаны белгілі болды. Олардың қатарында атышулы Навальныйдың өзі де бар. Ресей заңы оны бұл жолы 1 айға әкімшілік жазаға тартты.

Т.ТҰРАН.

 Zamana.kz

[:]