АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Орыстарды таңқалдырған[:]

[:kz]

Сіз көзді жұмып сурет сала аласыз ба? Әрине, жоқ дерсіз. Иә, көзді байлап, қолға қалам ұстатса, шимай-шатпақ бірдеңе шығаруымыз мүмкін. Ал картиналарды сезіну қабілетіне сүйеніп, түйсікке сеніп салу тек Ренат Елубаевтың ғана қолынан келетін шығар. Ол – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, халықаралық конкурстардың лауреаты, импрессионизм бағытындағы суретші. Таяуда біз ол кісімен сұхбаттас болдық.

 

 

– Ренат мырза, сурет салуды қай кезден бастадыңыз?

 

– Сурет салуды бала кезімнен бастадым. 2-3 жасымнан бастап қолыма қылқалам алдым. Содан бері тоқтаған емеспін. Кей кезде суретші болайын деп туылған шығармын деп ойлаймын.

 

Мені бейнелеу өнеріне баулыған –  анамның үлкен әпкесі, екінші анам болып кеткен Шайзат апам еді. Есімімді қойған да, мені көркемсурет мектебіне берген де сол кісі. Менің әрбір салған суретім оған ұнайтын. «Сен ұйықтаған кезде мына суреттер тіріледі де, өз өмірін сүреді», – дейтін маған. Өзім баламын, «Қалай сонда?» – деп таңқаламын. «Иә, олар тұрады, жүреді, өзара әңгімелеседі, қыдырады, содан соң ұйқыдан оянғанда сурет болып, қайта тұрып қалады», – деп жалғастырып алып кетеді. Мен сол әңгімеге шын сеніп, адам салсам, жалғызсырамасын деп жанына тағы біреуін немесе ит-мысықты қоса бейнелеймін. Қолдарына таяқ ұстатамын, шөлдесе су ішсін деп сусынның суретін саламын. Сөйтіп, ерекше педагогикалық әдіспен менің балалық фантазиямды дамытқан еді. Апамның менің өнеріме қосқан үлесі зор.

 

– Көзді жұмып тұрып сурет салу деңгейіне қалай қол жеткіздіңіз? Ойлаған адамға мүмкін емес нәрсе секілді.

 

– Ең бірінші, әрине, тәжірибенің арқасы. Күнделікті жаттыға беретін болсаң, мұның бәрі өзінен-өзі автоматтандырылады. Бұл – бір ғана бөлігі. Ал негізгі бөлігі адамның жан дүниесіне байланысты. Көзді жұмған былай тұрсын, кейде жұмбай салған суреттер де жақсы шықпай қалуы мүмкін. Біреуге ренжіп, шаршап тұрған кездері де дұрыс болмай жатады. Сондықтан барлығы көңіл-күйге де байланысты.

 

Жалпы, менің бойымда өзім де түсіндіре алмайтын бір сезім бар. Ғарышпен байланыс дейміз бе, ол жағын білмеймін. Сондай ерекше сезім барысында салған суреттерім өте сәтті шығады.

 

– Кешегі Ресей еліндегі өзіңіз барып қатысқан «Удивительные люди» байқауында сізге бейнені алдымен экраннан бірнеше пазлдарға бөліп  көрсетті, оның үстіне ол айналып, қозғалыс үстінде тұрды. Сол пазлдағы суретті көзді жұмып, айна-қатесіз салып шыққанда өзіңіз қандай әсерде болдыңыз?   

 

– Иә, ол туралы баршаңыз білесіздер, көріп те жатырсыздар. Айта кетерлігі, бұл байқауға қатысқан таңқалдырушылардың барлығы да өз саласының чемпиондары. Ол жерге белгілі бір жеңісі жоқ адамдар қатыса алмайды. Сол әлемнің түкпір-түкпірінен келген 60-қа жуық чемпиондардың арасынан іріктеліп, ондыққа кіру мен үшін үлкен қуаныш болды. Өйткені оған өтпей қалғандары да көп қой. Сол секілді, мен де бірнеше халықаралық байқаулардың лауреаты болғандықтан чемпиондардың қатарында болып саналдым. Дегенмен бұл қадамым, суреттің шықпай қалуы мүмкін екендігін ескерсек, өте үлкен тәуекел болды. Ал сондай тәуекелмен шетелге бару – өте қауіпті нәрсе. Неге десеңіз, мен қазақ елінің атынан шығып отырмын. Оның үстіне ондай кезде қобалжу, уайым, қорқыныш басым болады. Басыма киелі тақия киіп барғанымда суретім ойдағыдай болмаса, мазаққа қалып, бүкіл қазақ елін ұятқа қалдырған болар едім. Бірақ, Аллаға шүкір, бірінші турда барлығын таңқалдыра алдым.

 

Ал екіншісінде күш-жігерім сарқылып қалды. Оның үстіне мүсіндеу деген бұрыннан айналысып жүрген салам емес еді. Сонда да өзім қызығып, әрі тәжірибе жасап көрейін деген ниетпен алған едім. Дегенмен 5 минутта көзді жұмып, мүсін жасау оңай нәрсе емес. Таңқаларлықтай болмаса да жаман істеген жоқпын, алып шыға алдым. Бастысы – халқымды ұятқа қалдырмадым. Өнеріме сенбейтіндер де көп, тексеріп жатқандар да жетерлік. Кім не ойласа да, не десе де өз жағымнан бәрі де шынайы және адал. Барлық адамға жекелеп дәлелдеу мүмкін емес.

 

– Мысыр еліне де барыпсыз…

 

– Иә. Бірақ Мысырға барғанымды көбісі біле бермейді. Ол жаққа басқа елдің азаматтарының ұсынысымен барғанмын. Менің картиналарымды ұнатып, сатып алған олар көз жұмып сурет сала алатынымды біліп, ерекше таңқалды. Содан соң Мысырға барып, қойылым көрсетіп қайтуымды сұрады. Мен бас тартпадым. Ол жақта тек көзді жұмып сурет салып қана қойған жоқпын, ұлттық биіміз – «Қара жорғаны» да билеп бердім. Қойылым біткеннен кейін сол жақтағы итальяндықтар келіп, менен қандай би билегенімді сұрады. Мен қазақ ұлты, ұлттық биіміз «Қара жорға» туралы айттым. Өткен тарихымыздағы ғұндар, Алтын орда, Атилла, Шыңғыс хан жайында әңгімелегенімде таңқалыстарын жасырмай жатты.

 

– Осы уақытқа дейін қанша картинаны дүниеге әкелдіңіз? Санын білесіз бе?

 

– Негізі мен қолымнан шыққан туындыларымның санын есептемейді екенмін. Бірақ суреттерді үздіксіз салып жатқаным рас. Олардың арасында сатылғандары да, сыйға тартылғандары да бар. Ары-бері көшіп-қонып жүріп, жоғалтып алғандарым да, суықтан жылы жерге әкелген кезде температура дұрыс сақталмай, бұзылып, құртып алғандарым да жетерлік. Солардың барлығының бас-аяғын қосқанда… қаншаға келіп тірелетінін білмеймін.

 

Сонан соң, реті келгенде айта кеткім келіп тұр, біздер үшін ең қиын нәрсе – картиналарды сақтау. Сондықтан мемлекет тарапынан суретшілерге сәл қолдау көрсетіліп, ерекше туындыларымызды сақтап қоятын арнайы орындар жасақталса деген тілек те бар.

 

– Қай жанрда жұмыс істейсіз? Қандай тақырыптар жаныңызға жақын? Қандай бояу түрлерін пайдаланасыз?

 

– Мен өзім бейнелеу өнерінің кескіндеме түрімен жұмыс істеймін. Ал жанрға келетін болсақ, пейзаж, портрет, натюрморт саламын. Бірақ натюрмортты оқушы, студент кезімізде көп салғандықтан бұл бағыттағы суреттерді онша бейнелей бермеймін. Көбіне ұлттық нақыштағы суреттерді жақсы көремін. Тақырыптар да әртүрлі. Ашық аспан астында жұмыс істейтіндіктен табиғат тақырыбы да тыс қалмайды. Сол секілді композициялық-тарихи дүниелерді бейнелегенді жаным сүйеді. Жалпы, көңілім, ниетім, ықылас-зейінім қай тақырыпқа ауады, соған қылқалам тарта беремін. Ал бояуға келер болсақ, бұрын акварельмен салатынмын, қазір жұмыс барысында акрил және майлы бояуды пайдаланамын.

 

– Тақия тақырыбына оралайықшы. Сахнаға тақия киіп шығып та таңғалдырып жатырсыз…

 

–  Өзім кішкентайымнан тақияны жақсы көремін. Үйде сақталған атамның тақиясын мен киіп тоздырған болатынмын. Тіпті ұйықтап жатсам да шешпейтінмін. Кейіннен Шайзат апам тағы біреуін алып берген. Неге екенін білмеймін, тақияға ерекше әуес болдым. Шетелге шыққан кездерімде тақия киіп жүруді ұнатамын. Себебі ұлтымның жекеменшік бас киімі арқылы өзімнің қазақтығымды көрсеткім келеді.

 

Есімім Ренат болған соң көпшілігі мені татар деп ойлап қалады. Кейде ұяламын да. Шындығында татарға түк қатысым жоқ. Тек Кеңес үкіметі уағында аты шыққан футболист Ринат Дасаевтың құрметіне қойылған есімім ғана татардікі демесеңіз, қазақпын, әкем – қыпшақ, шешем – найман.

 

– Жетістікке жетудің сыры неде?

 

– Өз басым халықаралық, қалалық, облыстық деңгейдегі байқауларға, көрмелерге жиі қатысып тұруға тырысамын. Қатысқан сайын басқа суретшілердің туындыларын көріп, тәжірибе алмасып жатамыз. Өзімнің жетістігімді ұлт үшін қызмет ету деп есептеймін. Сол секілді, қандай маман болса да өз саласында биіктерді бағындырса, оны ұлтқа қызмет деп түсінемін. Сол ұлтқа қызмет ету жолында талмай еңбек еткен адам ғана ұтады деп ойлаймын.

 

– Ренат мырза, сұхбат үшін көп рахмет, сізді тек биіктерден көрейік!

 

Сұхбаттасқан – М. ЫБЫРАЙ.

.zamana.kz/

[:]