АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Отыз жылда сіңірді ғой зор еңбек. Елбасыға разымын»: Балтабек ақын Назарбаевқа арнау жазды[:]

[:kz]

 

Атышулы ақын Балтабек Нұрғалиев бұл жолы тұңғыш президентке «Ұлы даланың монологы» атты арнау жазды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. 

«Таң атпайын десе де, Күн қоймайды» халық даналығы. Біз – Ұлы Даланың балаларымыз. Елбасы», —  деп жазды ақын Балтабек өзінің фейсбук парақшасында. Оқимын деген жұртқа міне:

Елбасы

Ұлы Дала – ұлан-байтақ Даламын!
Тәлім еттім Тарихтың мол сабағын.
Жанарыма қамшы тиді қанша рет,
Жылай-жылай, аға жаздап жанарым!..

Мен – Даламын – елжіреткен аспанды,
Мен – Даламын – толғандырған асқарды.
Бодандықтың жарып өтіп түнегін,
Күнім шығып, ғажап ғұмыр басталды!

Жан қуанды, жүрегіме жыр қонып,
Ұлтын сүйген ұжданы зор ұл көріп.
Таң-Бостандық атқанына куәмын,
Назарбаев Нұрсұлтаным Күн болып!

Қайсар халқым Қазағыма сенем мен,
Бұл әлемде Қазақ барда – мен өлмен.
Қазағымның Таңы болды Бостандық,
Күн қоймады, Таң атпайын дегенмен!

Әлем көрді Қазағымның айбарын,
Тұңғыш мәрте Президентін сайлауын.
Нұрсұлтаным көш бастады жарқырап,
Берекемнің биік тігіп байрағын!

Нұрсұлтаным дәулетті қып көшімді,
Мемлекеттік мерейімді өсірді.
Жаппай қырып жоятұғын қаруды,
Таратпауға қабылдады шешімді!

Бостандық бар! Еш себеп жоқ үркінге!
Бостандық бар! Енді, тілім, іркілме!
Бөлінбейді Бостандық пен Елбасы,
Таң мен Күннің бөлінуі мүмкін бе?!

Нұрын шашып, сауын айтып бар маңға,
Елбасым кеп Елорданы салғанда,
Әлем танып Кеңдігі мен Елдігін,
Дүйім қазақ қол жеткізді арманға!

Елбасым бар – жеңістерге бастаған,
Мен еркінмін, енді кімнен жасқанам?!
Ынтымақтан ырыс жасап келеді
Сарыарқада асқақ тұрған астанам!

Елім куә! Ұлы Дала атандым!
Құшағым кең, қасиетті Отанмын!
Туым менің көк аспандай көрініп,
Желбіреп тұр төбесінде жаһанның!

Ақиқатқа айналды ғой арманым,
Өркендедім, гүл-гүл жайнап жан-жағым!
Қазағымның мәңгі болсын Елдігі,
Жасай берсін Бостандығым – Таң-Бағым!

Тәуелсіз боп, көтергенбіз Ту алғаш,
Жаңалыққа жүрек қалай қуанбас?..
Елдігіміз Елбасымен қаланды,
Ер еңбегін ешкім жоққа шығармас.

Дегені рас: «Қазақстаным гүлдесін!»,
Ойлап ылғи мемлекеттің мүддесін.
Отыз жылда сіңірді ғой зор еңбек,
Мығым етіп еліміздің іргесін!

Жансөзім бұл, жүректегі жазуым,
Жүректерге жетсін менің әз үнім.
Ұлы Дала – мендік есім ерекше,
Есім берген Елбасыға разымын!, — деп жазды Балтабек Нұрғалиев өз Facebook парақшасында.

«Адырна» ұлттық порталы

 

[:]