[:kz]
Пойыз басшысы мен жолсерік басқа келіншекті өздеріне алғыс айтқызып жаздырып, желіде таратып жіберген.
Пойызда босанған келіншектің оқиғасы дауға ұласты. Патологиясы бар Түркістандық келіншек пойызда босанды, деп жазды КТК арнасы.
Алла сақтап, Айгүл Жүзбаева сәбиін дін аман дүниеге алып келді. Алайда, осы оқиғадан кейін дау туындауда. Келіншектің босануына көмек бердік деп, өздеріне алғыс айтқызған жолсеріктерінің өтірігі шығып, ұятқа қалып отыр.
«Шымкенттен Алматыға шығып, жолда толғақ қысып, осы кісілердің арқасында аман-есен босанып алдым. Үлкен рақмет айтқым келеді. Жолсерік Бәменов мырзаға, осы пойыз басшысы Нұрманбет мырзаға алғысым шексіз»,-дейді вагонда отырып телефонның камерасына түскен келіншек.
Алайда, жолсерік пен вагон басшысының ортасына отырып алғысын жаудырған келіншек мүлдем басқа адам болып шықты.
Ал толғақ қысып, пойызда 4-ші перзентін босанған келіншек қазір Тараздағы перзентханада жатыр. Екеуі де дәрігерлердің бақылауында. Жас ана әлеуметтік желіге тараған видеодан мүлдем бейхабар.
Әйелінің орнына бөгде адамды сөйлеткені үшін де оның күйеуі ашулы. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның ресми өкілі Диас Ахметшәріп осыған қатысты түсініктеме беріп үлгерді. Оның айтуынша, Айгүл Жүзбаеваның босануына ықпал еткен жолаушының бірі алғыс-тілек айтуға өзі ниет білдірген.
Мақтау естігісі келгендер оған қарсылық білдіре алмаса керек. Ал 29 жастағы Түркістан облысының тұрғыны өзімен бірге абысыны және акушердің жүргенін айтып отыр. Оны босандырған да солар екен. Ал жас ананы шымкенттік ақхалаттылар Алматыға арнайы жіберген.
«Ертең босансаңыз көп қан кетіп қалады. Бұған біз жауап бере алмаймыз деп Алматыға жіберген. Толғақ кеп жатыр деп едім, үлгересің деді.Сонымен аман-есен босандым. Шүкір»,-дейді Айгүл Жүзбаева.
[:]