АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Президентке өкпелімін…»[:]

[:kz]

2017060110471060680_20170522185112-jpgСонымен, өткен аптада атақты «Феникс» оқиғасына нүкте қойылды. Анығында, «осы көркем фильмді түсіруге мемлекеттен бөлінген 69 млн теңгені жымқырды» деген айыппен сотқа тартылған тоғыз адамға қатысты үкім шықты. Екі жарым айға созылған істе негізгі фигурантқа айналған Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловты Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша «сеніп тапсырған бөтен мүлікті аса ірі көлемде иемденіп алғаны немесе талан-таражға салғаны үшін» айыпты деп танып, танымал актерге жеті жылға шартты жаза тағайындады. Бұған қоса, сот (судья Тәкен Шәкіров) Тұңғышбай Жаманқұловқа мемлекеттік органдарда бес жыл басшылық қызмет атқаруға тыйым салды.
1 маусым күні үкім оқылған сотта судья Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай жарияланған рақымшылық заңы негізінде Т.Жаманқұловқа белгіленген жаза мерзімінің жартысын қысқартып, 3,5 жылға кесті. Жазаның аты – жаза, халық әртісіне сот тұрғылықты жерін өзгертпеуді бұйырып, ішкі істер бөліміне хабарламастан басқа жаққа, өзге елді мекенге шығуға тыйым салды. Заң қараға да, ханға да бірдей, Тұңғышбай Жаманқұлов үкім шыққаннан соң 10 күн ішінде ішкі істер қызметіне тіркелуге міндеттелді.
Бір айта кетерлігі, «Феникс» ісі бойынша сотқа тартылған басқа сегіз адамға да шартты жаза кесілді. Фильм режиссері Талғат Жәнібеков пен продюсер Наталья Юдина да жеті жылға шартты түрде сотталды.
Айтпақшы, бұған қоса, сот мәдениет және спорт министрлігінің талабын ішінара қанағаттандырып, Тұңғышбай Жаманқұловтан – 3 млн 405 мың, Талғат Жәнібековтен – 4 млн 397 мың, Ғиззат Сұлтановтан – 1 млн 54 мың, Данияр Әбдіқадыровтан 9 млн 636 мың теңге қаржы өндіртіп алу жөнінде шешім шығарғанын айта кеткен жөн. Бұдан өзге, сотталушылардан сот шығындары мен сараптама жасауға кеткен қаражат та өндіріліп алынатыны белгілі болды.
Үкім шыққаннан кейін БАҚ өкілдеріне берген түсініктемесінде халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов сот шешіміне көңілі толмайтынын, риза еместігін әрі президентке өкпелегенін жеткізді:
– Президентке деген ерекше азаматтық сүйіспеншілігімнен ешқашан айырылған емеспін. Бірақ бұл жолы қатты қапалымын. Жазықсыздан жазықсыз жала жабылып, осынша әділетсіздікке ұшырағанымды өзім үлкен азап деп есептеймін. Өз елімнен мұнша азап көрем деп ойлағам жоқ. Мен кісінің ала жібін аттамайтын қазақ деген халықтың баласымын. Өмірі ондай жасаған емеспін. Еңбек етіп жүріп бір кісінің нәпақасына қол жүгірткен емеспін. Осындай жағдайда арнайы үндеу жасаған президентіме інісі ретінде өкпелімін, – деді актер.

Г.НҰРМОЛДАҚЫЗЫ

www.zhasalash.kz

[:]