АЛТЫНОРДА
Жаңалықтар

[:kz]Протезсіз билеп, желіні жарған Аружан Үндістанда емделетін болды (видео)[:]

[:kz]

 

17 жастағы Аружан Рашид Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Туғанда сол аяғы оң аяғынан бес сантиметрге қысқа болыпты. Жеті рет операция жасатқаннан кейін аяғын кестіруге тура келген. Экспресс К тілшісі өмірге құштар Аружанды әңгімеге тартқан еді.

Жақында Аружанның үнді әніне билеген видеосы желіні жарды. Сөйтіп ол аз уақыттың ішінде «ғаламтор жұлдызына» айналып шыға келді. Видеоны YouTUBE-те 200 мыңнан астам адам тамашалаған.

instagram.com/aruzhanrashid
instagram.com/aruzhanrashid

Аружан бимен 12 жасынан айналыса бастаған. Қазір той-томалақтарда би билеп, ән салып жүр.

«Кішкентай кезімнен бастап ауруханада көп ем қабылдап жаттым. Сол кезде медбикелерге кішігірім концерт қойып беретінмін. Үнді әніне би билейтінмін. Сөйтіп жүріп биге деген қызығушылығым артты. Бірақ анам денсаулығыма байланысты рұқсат бермейтін. Ол кісіден тығылып билейтінмін. Бір күні анам менің билеп жатқанымды көріп қойды. Кейін рұқсатын берді. Қазір той иелері өздері шақырады. Аптасына үш тойға кіріп шығамын. Кей кездері шақыртусыз-ақ барамын», — дейді Аружан Рашид.

Өмірге құштар бойжеткен аяғынан айырылғанын кемшілік емес, артықшылық деп есептейді. Аружанның анасы Әсем Қамысбаева қызының қандай қиындық болса да мойымай, арманына қол жеткізе білетінін мақтан тұтады.

instagram.com/aruzhanrashid
instagram.com/aruzhanrashid

Алғашында қарсы болдым, шынымды айтсам, денсаулығы үшін қорықтым. Аружан билегенде, күндей жарқырап, гүлдей жайнап шыға келеді. Көзінен жалындаған отты байқаймын,

— дейді Аружанның анасы Әсем Қамысбаева.

Аружан би түрлерін ғаламтордан үйренсе, ал ән салуды әкесі үйренеді.

Отбасымда әкем, анам және інім бар. Әкем әскери бөлімде қызмет етеді. Анам үй шаруасында. Маған қарайды. Әкем әскери қызметкер болғанымен, өнерден құралақан емес. Ән айтуды әкем үйретуге тырысады,

— дейді Аружан.

Анасының айтуынша, бхаратанатьям биінің қыр-сырын меңгеріп, көпшілікті үнді биіне еліткен танымал биші Ақмарал Қайназарова Аружанды Үндістанда емдетпек.

«Ақмарал Қайназарова деген қазақтың биші қызы өзі Аружанға хабарласып, биге дайындайтынын айтты. Ол кісі қызымды Үндістанда емдетпек. Жақында МРТ-ны, анализдерін үнді тіліне аудартамыз. Сол жақтың дәрігерлеріне емдетіп, Аружанға «билейтін протез» алсақ, дейді. Болашақта сол протез арқылы түрлі биге билетпек», — дейді Аружанның анасы Әсем Қамысбаева.

Аружанның арманы — өнер адамы болу. Ал өмірлік ұстанымы — тек жақсылыққа ұмтылу.

[:]