[:kz]
Ресей президенті Владимир Путин Батыс елдерінің Сирияға қарсы тағы да шабуыл жасаса ол «сөзсіз халықаралық қатынаста бей-берекетсіздік орнауына әкеліп соқтыратынын» ескертті. Кремльдің хабарлауынша, Путин бұл туралы 15 сәуірде Иран президенті Хассан Роуханимен телефонмен сөйлескенінде айтты.
Екі ел президенттері 14 сәуірде АҚШ пен одақтастары Ұлыбритания және Францияның Сириядағы нысаналарға зымыранмен соққы беруін халықаралық құқықты бұзу деп атаған. Путин мен Роухани шабуыл «Сириядағы жағдайды саяси жолмен реттеу мүмкіндіктеріне елеулі кедергі келтіргенін» айтқан.
14 сәуірге қараған түні АҚШ, Ұлыбритания мен Франция 7 сәуірде Дума қаласында ықтимал химиялық қарумен жасалған шабуылға жауап ретінде Сириядағы үкімет бақылауындағы кей нысандарға әуеден соққы берген. Пентагон мәліметінше, Сириядағы үш нысанаға 105 зымыран жіберілген. Әзірше америкалық әскерилер де, Сирия билігі де зымыран шабуылы салдарынан құрбан болғандар туралы дерек жариялаған жоқ.
Мәскеу мен Дамаск Думада химиялық шабуыл болғанын жоққа шығарып, химиялық қару туралы хабарларды «арандату» дейді. Ресей президенті Владимир Путин Сирияға зымыран соққысын » агрессия» деп бағалаған.
[:]