АЛТЫНОРДА
Жаңалықтар

[:kz]«Путин соғыс жариялайтын болса, Петропавл мен Шымкентке дейінгі аралықты екі-ақ аптада жаулап алады» – Арман Шораев[:]

[:kz]

 

Бүгінде ұлтшыл Арман Шораевты танымайтын адам кемде-кем. Оған қатысты жұрттың пікірі де әркелкі. Арман Шораев кім: ел арасынан шыққан шынайы ұлтшыл ма, әлде «арнайы жоба» ма? Оның Дариға Назарбаеваға қандай жақындығы бар?

Сұхбат барысында қоғам қайраткері Арман Шораев осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап берді деп хабарлайды  nege.kz ке сілтеме жасаған sn.kz 

Ресеймен бір одақта болуымыз – саяси қателік

– Арман Төлегенұлы, Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталмай тұрып-ақ, Путинге қарсы көзқарасыңызды ашық айтып жүрдіңіз. Путинді тіпті түрлі теңеулермен ашық айыптайсыз. Ал сіз үшін Зеленский қандай тұлға?

– Мен үшін Путин – диктатор. Демократиялық ел басқа елге ешқашан соғыс жарияламайды. Егер Ресей демократиялық ел болса, сол жердегі демократия жолымен сайланған парламент соғысқа тосқауыл қояр еді.

Ал, Зеленскийді халық сайлады. Әділетті сайлауда Порошенконы айқын басымдылықпен жеңді.  Көбі оны саясаткер ретінде қабылдамай, «клоун» деп күлді. Міне, сол «клоун» күні-ертең алып Ресейді алып ұратыны сөзсіз.

– «Жаман айтпай жақсы жоқ», Украинаның күнін біз де кешуіміз мүмкін бе?

– Әрине, біз Украинаның күнін бастан кешіруіміз әбден ықтимал. Себебі, Ресей болмашы себеппен Укринаға басып кірді. «Ұлыорыстық шовинизм» деген түсінік бар. Егер біз өз елімізде қазақтарды дәріптеп, өз халқымызды бірінші орынға қойып жатсақ, біз Ресейге «нацист» болып көрінеміз.

Зеленский билікке келген соң украин тіліне үлкен мәртебе беріп, сол елдегі орыс халқына да «украин тілінде сөйлеңдер» деп дұрыс талап қойды. Осыны желеу еткен Путин оларды «нацист» деп айыптап, болмашы себеппен соғыс ашты.

Егер бізге Путин соғыс жариялайтын болса, Петропавл мен Шымкентке дейінгі аралықты екі-ақ аптада жаулап алады. Өйткені, біздің әсекерилердің жартысынан көбі – Ресейдің әскери училищесінде оқыған мамандар.

Генералдар да, полковниктер де, майорлар да – сол жақтан оқып келгендер. Сондықтан, Путин режимі үшін бізді басып алу өте оңай. Соғыс басталар кезде, біздің 36% халық Путинді жақтады. 36% дегеніміз, шамамен 6 миллион халық.

Өкінішке қарай, біз Украина сияқты тату, біртұтас ел емеспіз. Әлі күнге дейін біртұтас ел бола алмай келеміз. Тәуелсіздік алғалы аттай 30 жыл өтті. Бірақ қазақша білмейтін миллиондаған қазақ бар. Адам қай тілде сөйлесе, жаны сол тілде емес пе?!

– Біздің қоғамда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан, Еуразиялық экономикалық одақтан шығуымыз керектігі туралы көп айтыла бастады.  Сіздің ойыңызша, бізге қайтпек керек?

– Бізге тек бұл ұйымдардан ғана емес, басқа ұйымдардан да бас тартуымыз керек. Міндетті түрде! ҰҚШҰ (ОДКБ) – елді жаудан қорғау үшін емес, автократиялық мүддені қоғау үшін құрылған ұйым. Біз оны қаңтардағы  жаппай тәртіпсіздік кезінде де байқадық.

Украина қорғанып, Ресей оның аймақтарын бомбалап жатыр. Енді бізге Ресей: «Біз сендерге қаңтар айында көмектестік. Сендер де бізге көмектесіңдер!», – десе не істейміз? Өзіміздің аз қазақты соларға жіберіп, қыруымыз керек пе?! Әрине, жоқ! Сондықтан, біз бұндай ұжымнан бас тартқанымыз абзал.

«Теңізшевройлдың» 95% мұнайы КТК құбырымен Ресей арқылы тасмалданады. Сол құбыр екі айдан бері істемей тұр. Өйткені, Ресей әдейі жұмыс істетпей отыр. Себебі, құбырды зақымдайтындай ешқандай дауыл болған жоқ.

Менің ойымша, бұл – Ресейдің саяси шешімі, бізді осылай басынғылары келеді.  Қазір біздің ең үлкен жауымыз – Ресей федерациясы. Қазақстанды басқа елдер де қолдайды деп ойлаймын. Ресеймен бір одақта болуымыз – саяси қателік.

Дариға Нұрсұлтанқызының адами қасиеттері өте көп

– Ел аузында сіздің Дариға Нұрсұлтанқызымен байланысыңыз туралы көп айтылады. Бұған не дейсіз?

– Кезінде өте жақсы араласқанмын. Ол құрған «АСАР» партиясының құрамында да болғанмын. Мен ол уақытта отыздағы жас баламын. Ол кезде мен реформаладың болатынына сендім, үміттендім.

Сіздерге бір қызық оқиғаны баяндайын. Осыдан оншақты жыл бұрын «СКАТ» әуекомпаниясының Көкшетау-Алматы бағытындағы ұшағында апат болып, жерге құлады. Сол күні мен өз кабинетімде жұмыс істеп отырғанмын.

Бір уақытта Дариға Нұрсылтанқызы қоңырау шалып: «Арман, сен амансың ба?», – деп сұрады. «Аманмын», – дедім.

Менің көкшетаулық екенім есіне түсіп, ол кісі мені сол ұшақта болды деп ойлапты. Дариға Нұрсұлтанқызының адами қасиеттері өте көп, оны жоққа шығаруға болмайды.

Осы күзде «КТК» арнасынан кеткеніме 8 жыл болады. Сол уақыттан бері ол кісімен араласқан емеспін.

«Бір отар қой», «қуыршақтар театры» және «қариялар үйі туралы

– Бір кездері Парламентте отырғандарды «бір отар қойға» теңедіңіз. «Жаңа Қазақстан» туралы сөз көбірек айтыла бастады. Әлбетте, Жаңа Қазақстан құрғымыз келсе, жаңа кадрлар керек. Бірақ кадрлардың түгелге жуығы – бұрынғылар. Сізді билікке шақырса, барар ма едіңіз?

– Айтқанымнан қайтқаным жоқ, біздің депуттар – бір отар қой, қуыршақтар театры, қариялар үйі. Осындай үш теңеу айтқанмын олардың тарапына. Үшеуі де дәл келетін сияқты. Өкінішке қарай, баяғы жартас – сол жартас.

 «Жаңа Қазақстан» дейсіздер, бүгін «Ынтымақ» деген партия тіркеуден өтіпті. Ондай партияның бар екенін ешкім де білмейді. Күлкілі ғой! 20 000 адамның қолын олар қалай жинады?

Сол партияның құрылтайшыларының арасында ҰҚК адамдары жүр екен. Тағы бір үндемес партия өмірге келді. Бұл – оңбағандық. Мұндай жерде жұмыс істегім келмейді. Шақырса да бармаймын!

– «Тура айтқан туғанына жақпайды» деген сөз бар. Осындай турашылдығыңызбен көп адамға жақпай қалып жүрген жоқсыз ба?

– Осы мінезімнен зардап шеккен кездерім көп болды. Мектеп кезінде де, әскерде жүргенімде де осы мінезімнен көп таяқ жейтінмін. Екі жыл бұрын сөздерім біреуге жақпай қалып, мені қамап тастағанын білесіздер. Мұндайды мен айтпасам, басқа кім айтады?!

Қазақ елі демократиялық ел болса екен деймін. Қазақтың өркениетті ел болғанын көргім келеді. Қазақ елі үшін жанымды беруге дайынмын. Бүкпесіз айтпақ шындығым – осы!

 

[:]