АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Қант қызылшасының морфологиялық және биологиялық ерекшеліктері

Жоспар

 

  1. Қант қызылшасының морфологиялық және биологиялық ерекшеліктері
  2. Қант қызылшасының тұқымдық егістігінің агротехникасы
  3. Тұқымдық қант қызылшасын қайта отырғызбай өсіру.
  4. Қызылшаның полиплоид тұқымын алу
  5. Қант қызылшасының минералды қоректенуін оптимизациялау

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қант қызылшасының тұқым шаруашылығы

 

Морфологиялық сипаттамасы және биологиялық ерекшеліктері. Сорттары. Қант қызылшасы (Веtа vulgaris L. v.saccharifera) — Алабұталар тұқымдасы (Chenopodiaceae) Қызылша туысының (Веtа L.) малазықтық (v.сrаssа), жапырақты (v.сісlа) және асханалық (v.еsсulenta) түр тармақтары кіретін түрдің — екіжылдық өсімдігі.

Қант қызылшасының ұзын жіңішке тамыршалары бар олар жанына 40-50см тарайды, ал негізгі кіндік тамыры 2-2,5 м топырақ тереңдігіне дейін бойлауға қабілетті. Оның орталық тамыры өсіп-толысып тамыржеміске айналады. Жетілген өсімдігінің тамыржеміс массасы 500-800 г және одан да жоғары болады.

Тамыржемісінің формасы – конус тәрізді. Құрылысы: басы, мойны және нағыз тамырдан тұрады.

Басы — тамыржемістің үстіңгі бөлігі, түрі өзгерген сабақ, онда жапырақтар орналасады. Басында тамыржемістің басқа бөлігіне қарағанда қанттың мөлшері аз.

Мойын — тамыржемістің басы мен нағыз тамырдың арасында орналасады. Онда жапырақтар мен тамыршалар болмайды. Тамырдың өзі — тамыржемістің төменгі конус тәрізді бөлігі. Тамырдың ұзына бойындағы жырықшаларынан көп жанама тамыршалар тарайды. Қанттың көп мөлшері (19-20 %) тамыржемістің ортаңғы бөлігінде болады.

Пісіп-жетілген тамыржемісте шамамен -75% су, 25% құрғақ заттар (сорты мен өсіп-жетілу жағдайына қарай 16-24% қант) болады. Қанттылығына жоғары агротехника көп әсер етеді.

Қант қызылшасының жапырақтары ірі, бүтін, жүрек тәрізді, сағақты. Формалары жасына қарай өзгереді: жас жапырақтарының сағақтары қысқа және алақаны дөңгелек, ал үлкейгендерінің сағақтары ұзарады да жүрек тәрізденеді. Жапырақ алақанының толқынды, ойықты немесе тегіс болуы сорттық белгі және өсіру жағдайына байланысты. Жеке жапырақтың ұзындығы 50-70 см дейін. Бірінші жылы өсімдік 60 таяу жапырақтар түзеді.

Қант қызылшасы тұқымды тіршілігінің екінші жылы — қыста сақталған тамыржемісті көктемде топыраққа отырғызғанда гүлді өркендер пайда болғаннан кейін береді.

Гүлдері — қосжынысты, гүлсеріктері жасылдау. Гүлдеуі 20-40 күнге созылады. Қант қызылшасы айқас тозаңданады. Тозаңдануы жел мен насекомдар арқылы жүреді.

Жемісі-жаңғақша. Көп дәнді қант қызылшасының жемістері 2-5 дәннен тізбектеліп шоғырланған. 1000 тұқым салмағы 20-дан 50 г дейін. Бірдәнді қант қызылшасының жемістері бір жаңғақшадан тұрады, сондықтан механизацияны пайдаланып себуге ыңғайлы.

Тұқымының сыртында бурыл жылтыр қабықша болады. Тұқымның ұрығы перисперманың (қоректік заттар қоры орналасқан жер) айнала сақина тәрізді қоршап тұрады, ол екі тұқым жарнағынан, орталарында орналасқан бүйрекшеден және ұрық тамыршаларынан тұрады.

Биологиялық ерекшеліктері. Қант қызылшасы екі жылдық өсімдік.

Қант қызылшасының бірінші жылындағы вегетациялық кезең ұзақтығы 150-170, ал екінші жылы — 100-130 күн. Алғашқы 50-60 күнде негізінен жапырақ өседі, келесі 50-60 күнде — тамыр, ал соңғы 50-60 күнде тамыржемісіне қанттар жиналады.

Қант қызылшасының тұқымы 3-4°С өніп шыға бастайды. Дәннің бөртуі үшін құрғақ тұқым салмағымен салыстырғанда 130-150% ылғал қажет.

Қант қызылшасы тұқым жарнағын топырақтың бетіне шығаратындықтан, тұқым себер алдында топырақты мұқият өңдеп, өсімдік көгінің уақытында пайда болуына кедергі келтіретін топырақ қабыршақтары жойылуы керек.

 

 

 

 

 

 

Тұқым жарнағының топырақ бетіне шығуы мен оның көгеруін қосқұлақтану сатысы деп атайды. Тұқымы өніп шыққаннан 8-10 күн өткеннен кейін, нағыз жапырақтардың бірінші жұбы пайда болады. Әрі қарай әр 2-3 күннен кейін үш жұпқа дейін жаңа жұп жапырақтар, сонан соң дара жапырақтар шығады. Барлығы 60-80, кейде одан да көп жапырақтар түзіледі.

Қант қызылшасы өсу жағдайына өте көп талаптар қояды. Қант қызылшасы тамырында жиналатын қанттың мөлшері жарық қарқынына тікелей байланысты болуынан, жауын-шашынды бұлыңғыр ауа райында тамыржеміс өнімі мен оның қанттылығы төмен болады. Қант қызылшасы ұзақ жарық күн өсімдігі.

Дақылдың жылуға талабы орташа. Өсіп-жетілуіне қолайлы температура 20-22°С. Қосқұлақтану сатысындағы өскіндер 3-4°С үсікті көтермейді, бірақ екі нағыз жапырақты сатыда 6-7°С үсікке шыдамды.

Қант қызылшасы ылғалды көп қажет етеді. Сонымен қатар, қант қызылшасы өзінің мықты тамыр жүйесінің арқасында топырақтың терең қабатынан өсімдіктерді ылғалмен қамтамасыз етуіне байланысты, құрғақшылыққа да төзімді өсімдікке жатады.

Бұл дақыл топырақ аэрациясына жоғары талап қояды. Ауа тұқымның өніп-өсуі мен тамыржемістер құралуының барлық кезеңдерінде қажет. Ауыр, нашар өңделген топырақтарда ауаның жеткіліксіз болуынан тамыржемістердің өсіп-жетілуі нашарлап, өнім төмендеп кетеді.

Топырақ қышқылдылығына қант қызылшасы сезімтал. Оған топырақ ортасының реакциясы бейтарап және әлсіз сілтілі болуы өте қолайлы (рН 6,5-7,5).

Қант қызылшасы қоректік заттарға бай  қара, қоңыр топырақты жерлерде мол өнім береді.

Республикада қант қызылшасы негізінен Алматы және Жамбыл облыстарында егіледі, ол жерлердің топырақ типі – қарапайым сұр.

Елімізде оның 28 сорты аудандастырылған: Ялтушковская односемянная, Ялтушковская односемянная 30, Рекорд, Ризор, Роксан, Амели және т.б. Соңғы жылдары аудандастырылған сорттары — Венера, Георгина, Ленора және будандар ЦКАЗМС-44, КазМС-19, КазСИБ-14.

 

Қант қызылшасының бірінші жылғы өсіру технологиясы

 

Ауыспалы егістегі орны және жақсы алғы дақылдары.

Қант қызылшасы тәтті түбірінің өнімділігін және сапасын жоғарлатуда арнайы ауыспалы егісте дақылдың аурулары мен зиянкестерімен тиімді күресуге мүмкіндік туады. Қазақтың егіншілік ғылыми-зерттеу институты қызылша өсіруші аудандарға 7-8 танапты (жоңышқа-қызылшалы) арнайы ауыспалы егіс нобайларын ұсынған болатын.

Қазіргі жағдайда фермерлік шаруашылықтарға арналып, екі-үш танапты ауыспалы егістер енгізілуде (Байоразов А., 2006). Мұндай қысқа ротациялы ауыспалы егісте қант қызылшасына жақсы алғы дақыл болып майбұршақ, картоп және мақсары ұсынылады.

Әрине қант қызылшасынан жоғары өнім алу үшін оны арам шөптерден таза, ылғал мен қоректік элементтері жеткілікті танаптарға орналастыру керек.

Қант қызылшасы топырақтан көп мөлшерде қоректік заттар пайдаланатындықтан және оның тамырларында көптеген зиянды ұсақ ағзалар орналасуынан қайтара егісті нашар көтереді. Қайта егісте қант қызылшасы зиянкестер мен аурулардан көп зардап шегеді, әсіресе тозған жерлерде.

Қант қызылшасын бәрінен бұрын жақсы өңделген, тыңайтылған ерте екпе сүрі жерден кейін орналастырған дұрыс. Егер күздіктер таза сүрі жерге егілген болса, онда ол танапты бірінші кезекті қант қызылшасына пайдалану қажет.

Ылғал жеткілікті аймақтарда қант қызылшасына, әдетте таза сүрі жерден кейін егілген күздіктер жақсы алғы дақыл. Бұршақ дақылдарынан кейін егілсе де қант қызылшасы жақсы өнім береді.

Суармалы жерлерде қант қызылшасының тамаша алғы дақылы жоңышқадан және сүрлемдік жүгеріден кейін егілген күздіктер болып есептеледі. Бұл жерлерде сүрлемдік жүгері, картоп және көкөніс дақылдары да жаман алғы дақыл болмайды.

Қант қызылшасынан кейін жаздық дәнді және бұршақты дақылдар жақсы өнім береді.

Топырақ өңдеу жүйесі. Қант қызылша танабы тереңге жыртылуы тиіс, өйткені өсімдік қуатты тамыр жүйесін қалыптастыруы және микробиологиялық үрдістердің белсенді жүруі, ылғал мен қоректік заттар қорының жиналуы топырақты өңдеуге тікелей байланысты.

Қант қызылшасы танабының топырағын өңдеу — негізгі (сүдігер) және тұқым себер алды өңдеулерден тұрады. Сүдігер тарту алғы дақылдар мен топырақ-климат жағдайларына байланысты. Ол негізінен танапты арам шөптерден тазартуға жене топырақта ылғал мен қоректік заттар жинауға бағытталуы тиіс.

Топырақты негізгі өңдеуге — аңызды сыдыра жыртудан және  тереңге сүдігер тартудан тұрады. Аңызды мүмкіндігінше ерте сыдыра жырту үшін қант қызылшасын егуге арналған танаптағы сабандарды жиналған астықтармен бірге алып кету керек.

Сыдыра жыртуды 10-12 см тереңдікке дискілі немесе түренді сыдыртқыштармен, сүдігер тартуды — мүмкіндігінше ерте, 30-32 см тереңдікке шолақ түренді соқамен атқарады.

Жинаудан кейін жылы ауа райы ұзақ болатын жағдайда жақсартылған топырақты жартылай сүрілеп өңдеу жүйесін пайдалануға болады. Мұндай топырақты өңдеу жүйесі арам шөптермен тиімді күресуді және топырақта көп ылғал мен қоректік заттардың жиналуын қамтамасыз етеді.

Суармалы жерлерде алғы дақылдар өнімін жинағаннан кейін танаптарға жеңіл түрде тегістеу жүргізеді, сонан соң гектарына 1000-1200 м3 мөлшерде жырту алдында суарады. Егер қант қызылшасы дәнді дақылдардан кейін егілетін болса, оларды жинағаннан кейін артынша суару жүргізіледі. Аңызды: 7-10 см, содан соң 12-14 см тереңдікке сыдыра жыртып тыңайтқыштарды топыраққа сіңіреді. Сүдігер 28-30 см тереңдікке тартылады.

Тұқымды себер алды өңдеу — сүйреткісі бар тісті тырмамен (екі ізбен) тырмалау және 5-6 см тереңдікке себер алды қопсыту мен тырмалаудан тұрады. Топырақты себер алды дайындауда гектарына 4 кг мөлшерінде эптам гербициді қолданылады.

Тыңайтқыштар жүйесі. Қант қызылшасы топырақтан қоректік заттарды басқа дақылдарға қарағанда көп пайдаланады, сондықтан оның егісін өте құнарлы топырақтарға орналастырады.

300 ц тамыр өнімінде қызылша дақылы топырақтан гектарына 150-200 кг азот, 45-80 — Р2О5 және 180-240 кг К2О сіңіреді, демек бұл дақыл көп тыңайтқыш бергенді қажет етеді. Тыңайтқыштарды бірнеше мезгілде қолданады: негізгі өндеуде, тұқым себуде және вегетацияда- үстеп қоректендіруде. Негізгі өңдеуде органикалық және минералдық тыңайтқыштар пайдаланылады. Органикалық тыңайтқыштарды алғы дақылдар немесе жергілікті жердің жағдайына қарай, қант қызылшасына арнап күзде (гектарына 10-30 т көң) береді. Минералдық тыңайтқыштарды топырақ-климат жағдайларына байланысты гектарына: азотты 40-90 кг, фосфорды — 30-90, ал калийді 45-100 кг шамасында береді.

Тыңайтқыштармен үстеп қоректендіруді бірнеше рет жүргізеді, үстеп қоректендіру қатараралықты өңдеумен бірге беріледі. Өсімдіктерді сиретуден кейін бірінші үстеп қоректендіруде 1 гектарға 10-15 кг азот, 15-30 –фосфор және 15-20 кг калий қолданады. Екінші және үшіншіде — 15-25 кг Р2О5 мен 20-30 кг К2О, ал азотты аз мөлшерде (7-10 кг) пайдаланады.

Қант қызылшасын үстеп қоректендіруде минералдық тыңайтқыштармен бірге микроэлементтерді де (бор, мырыш, марганец) пайдаланады.

Суармалы жерлерде үстеп қоректендіруді суарудың алдында жүргізеді.

 

 

Тұқымды себуге әзірлеу және себу.

Егістік материал ретінде қант қызылшасының өңірде аудандастырылған сорттары мен будандарының тұқымдары пайдаланылады. Олар өздерінің егістік сапа көрсеткіштері бойынша стандарт талаптарына сәйкес болуы керек.

Қант қызылша тұқымын егіске қант зауытында даярлайды, онда оларды іріктейді және 3,5-4,5 мм және 4,5-5,5 мм фракцияларға бөледі.

Тұқымның сусып түсуін жоғарлату үшін оны жылтырлатады, яғни жеміс серігінен айырады.

Тұқымды дражелеу, сыртына арнайы дражелегіш массасы бар қабықша кигізу. Тұқымды дражелеуге көң, минералды және бактериялды тыңайтқыштар, микроэлементтер қоспалары пайдаланылады.

Қант зауытында тұқымдық материал ТМТД препаратымен 4-6 л/т мөлшерінде дәріленеді.

Қант қызылшасының себетін тұқымының өнгіштігі мен өну энергиясын көтеру үшін, оны жылы ауамен өңдейді. Жылумен өңдеу қызылшаның өнімі мен қанттылығын және тамыр жегісі ауруына төзімділігін арттырады.

Себу мерзімінің қант қызылшасының өнімділігіне үлкен әсері бар. Себуді кешеуілдетуге болмайды, себебі тұқымның өнуі нашарлайды, әсіресе құрғақшылық жылдары. Кеш себу вегетациялық кезеңді қысқартып өнім деңгейін төмендетеді.

Қант қызылшасы тұқымын себуді ерте, дәнді дақылдарды сепкеннен 5-6 күннен кейін, топырақтың 10 см тереңдігінде температура 5-6°С жылынғанда бастай беруге болады.

Тұқым себу тереңдігі ауа райы мен топырақтың механикалық құрамына байланысты қойылады. Көбіне тұқымды 3-4 см тереңдікке енгізеді. Жеңіл топырақ пен құрғақшылық жағдайында себу тереңдігі 5-6 см дейін тереңдетіледі.

Себу тәсілі — кеңқатарлы (қатараралықтары 45 см). Суармалы жерлерде көбіне қатараралықтар 60-70 см. Көпдәнді қант қызылшасы сорттарын себу мөлшері 1 гектарға — 30-32 кг, ал бірөскінді сорттарды- 10-12 кг.

Қант қызылшасын арнайы ССТ-12А, ССТ-12Б және ССТ-8А сепкіштермен себеді.

Егер қант қызылшасы себілетін танап арамшөптермен ластанған жағдайда 1 қума метрге (п.м.)-35-38 дана тұқым себіледі немесе 10-12 кг/га, ал арамшөптері аз, егіншілік мәдениеті жоғары жерлерде 23-25 дана тұқым жеткілікті, ондай жағдайда 1 м  12-14 өскінді қамтамасыз етеді.

Егісті күтіп-баптау.

Қант қызылшасының топырағы бос және арам шөптерден таза болуы керек. Тұқымды сепкеннен 3-4 күннен кейін арамшөптер және топырақ қабыршақтарымен күресу үшін жеңіл тырмаға шынжырлы сүйретпені тіркеп көк шыққанға дейінгі тырмалау жүргізеді. Шынжырлы сүйретпе тырмалағанда пайда болған жалдарды тегістеп өтеді. Топырақ қабыршағын бұзуға ротациялық шабықтауыш қолданады.

Қызылшаның көгі пайда болғаннан кейін қатараралықтар топырағын қопсыту, арам шөптерді жою үшін таяз (4-5 см) өңдеу-шабықтау жүргізеді. Нағыз жапырақтың бірінші жұбы пайда болғанда өскіндер қатарына көлденең бағытта қопсытқыш салып оларды сиретеді. Қопсытқыштың табан-пышақтары қатарды (20-23 см ені) қиып өтіп, ұзындығы 23-25 см болып келетін жеке шоқтар қалдырады. Сонан соң шоқтарды қолмен айырып, әрқайсында екі жақсы жетілген өсімдік қалдырады. Бірнеше күннен кейін шоқтарды қайта тексеріп, қате қалдырылған және жаңадан пайда болған өсімдіктер мен арам шөптерді жұлып тастайды. Сөйтіп 1 м қатарда 5-6 өсімдіктен қалдырады. Жинауға дейін қант қызылшасының 1 га орналасқан жиілігі 90-100 мың болуы керек.

Еліміздің қант қызылшасын өндіретін негізгі аймақтарында үлкен алқаптарға арнап еңбек шығынын азайтатын өсіру мен жинаудың жаңа технологиясы қолданылуда. Жаңа технологияның ерекшелігі арнайы тұқым сепкішпен бірөскінді, іріктелген, өнгіштігі жоғары тұқымды нүктелеп себу. Сонымен қатар өсімдіктерді сирету толық механизмнің көмегімен атқарылады. Бірөскінді сорттарды нүктелеп сепкенде тұқым қатарға бірдей арақашықтықта егіледі (1 м қатарға 25-35 тұқымнан). Себумен бірге тыңайтқыш беріліп, топырақ нығыздалады.

Толық қосқұлақ сатысында нағыз жапырақтардың екінші жұбы томпайып біліне бастағанда өскіндерді сирету мақсатында қатарға көлденең торлы тырмамен немесе қатарды бойлай УСМП-5,4К өскін сиреткішін қолданып жаппай қопсытады, Бұл жағдайда қолмен сирету болмайды, ал арамшөптерді отау аракідік жасалынады.

Бірінші сиретуде – қатардың 1 метрінде 7-8 өсімдік қалдырылады. Қажет жағдайда 4-5 күн өткеннен кейін осы агрегаттармен қатарға 45° бұрышпен екінші тырмалауды жүргізеді, сонан соң қатардағы өсімдіктердің орналасуын бір тексеріп, арамшөптердің қалғанын қолмен жұлып тастайды.

Қант қызылшасының вегетация кезендерінде қатараралықтарды 3-4 рет қопсытып үстеп қоректендіреді және бойы биік арам шөптерді бір-екі рет отайды. Қызылша жинайтын комбайндардың жұмысын жақсарту мақсатында жинар алдында қатараралықтарды қопсытуға болады.

Қант қызылшасын суармалы жерлерде өсіргенде сиретуден кейін үстеп қоректендірумен бірге суаратын арықша тартып барып суарады. Оны вегетация кезінде 6-7 рет суарып, артынша қопсыту жүргізеді. Әр суару мөлшері 700-900 м3/га.

Егіс алқабында зиянкестер мен аурулар байқалысымен улы химикаттармен (40% БИ-58, 25% Арриво және т.б.) өңдеу жұмыстарын жасайды.

Тамыржемісті жинау. Қант қызылшасын тамыржемісінің техникалық пісуі басталғанда жинай бастайды, ол кезде тамыржеміс клетка шырыны ағарып, қызылша қатараралықтары ашылады, жапырақтар бояуы түссізденеді, төменгі жапырақтар сарғаяды, тамыржемістің өсуі баяулайды және қант жинау қарқыны азаяды.

Республиканың оңтүстік-шығысында қант қызылшасын жинауды қыркүйек айының бірінші онкүндігінде бастайды.

Қант қызылшасы тамыржемісін жинауда лекті және танап шетіне үйіп-жинау тәсілдерін қолданады. Осы тәсілдер көмегімен жинау операцияларын толық немесе жартылай механизациялауға болады. Лекті әдіс – ең прогрессивті тәсіл, онда қол күшімен істелетін жұмыстарды және шығындарды азайтуға мүмкіндік жасалады. Қант қызылшасы тамыржемісін лекті әдіспен жинағанда комбайнмен қазылған тамыр жеміс іле машина қорабына салынып бірден зауытқа жөнелтіледі, ал үйіп-жинау тәсілімен жиналған тамыр жеміс танап жанында жасалған уақытша қырманға төгіліп, содан соң мүмкіндігіне қарай зауытқа тасымалданады.

 

Тұқымдық қызылша өсіру. Бірінші жылы өсірілген және тұқым алу үшін сақтауға қойылған тамыржемістер аналықтар, немесе тұқымдықтар деп аталады.

Тұқымдық қызылша өсірудің негізгі тәсілдері фабрикалық қызылша өсіру технологиясына жақын. Тұқымдық қызылша егістерін фабрикалық бірге ауыспалы егістің сәйкес танаптарындағы құнары жоғары учаскелерге орналастырады.

Өсіру жағдайлары тамыржеміс өнімінің артуына ғана емес, оның тұқымдық өнімділігі мен алынатын тұқымның өнімдік сапасына үлкен әсер етеді.

Тұқымдық қызылшаны қатараралықтары 45,0 см етіп жақсы агротехникалық мезгілдерде себеді.

Тұқымдық қызылша өсірудің басты ерекшелігі өсімдіктерді өте жиі орналастыру – гектарға кемінде 140-160 мың өсімдік. Оған қатардағы өсімдіктерді жақын орналастырумен қол жеткізуге болады. Кәдімгі қатараралықпен сепкенде қатардағы өсімдіктердің ара қашықтығы 14-16 см аспауы керек. Тұқымдық қызылшаның өте біркелкі орналасуына нүктелеп себетін тұқым сепкіштермен жетуге болады.

Тұқымдық қызылшаны жинау мерзімінің маңызы зор.

Ыстық мерзімде ерте жиналған тамырлар тез солып қалады және шоқалап сақтауда зең басып кетеді. Ерте жинауда да «қыңырлар» саны көбейеді. Сондықтан тұқымдық қызылшаны мүмкіндігінше тәуліктік орташа температура 6-8°С дейін төмендеп тұрақты салқын түскенде, бірақ үсік ұруға дейін жинаған дұрыс.

Тұқымдық қызылшаны жинау үшін пышағы алынған қызылша комбайнын пайдаланады. Онда қызылшаны қазу мен жерден суырып алу толық механизацияланады. Қазып алынған тамыржемісті топырақтан тазартады және бүршіктерін зақымдамай жапырақтарын кесіп тастайды. Тек орталық бүршікті ғана қалтырып, қалғандарын біркелкі жетілу мен тұқым өнімі арту үшін кесіп тастауға да болады.

Тазалау кезінде ауру, бұтақтанған және зақымданған тамыржемістерді алып тастайды. Тазаланған тамыржемістерді уақытша жауып қояды да жалпы өнімді жинауды бітірісімен қыста сақтайтын жерге алып кетеді.

Тамыржемістерді шоқалап немесе ені 70 см (екі тамыр ұзындығы), тереңдігі 75-90 см, ұзындығы өз ыңғайына қарай қазылған жерде сақтайды. Шоқада тамырларды қабатпен, тегіс қатарлап қояды. Тамырлар өзара жанаспас үшін тамырдың әр қатарын 3-4 см қабатты топырақпен жабады. Шоқаның үстін қатып қалудан сақтау үшін топырақпен жауып тастайды, қыста қар жетіспейтін жағдайда шоқаны қосымша көңмен жабады. Жақсы сақталу үшін қажет температура 3-4°С.

Қызылшаның тұқым өнімі топырақтың құнарына тікелей байланысты. Сондықтан тұқымдық  тамыржемістерді жақсы алғы дақылдардан кейін орналастырады, органикалық және минералдық тыңайтқыштар береді. Оған ең жақсы алғы дақыл тыңайтылған сүрі жерден кейінгі күздіктер мен дәндібұршақтар.

Көктемде тамыржемістерді отырғызғанда жергілікті органикалық-минералдық тыңайтқыштарды гектарына мынандай мөлшерде береді: көң 5-6 т, N — 15-20 кг, Р2О5 -30-40, К2О — 10-15 кг. Одан басқа жертаған жапырақтанғанда гүлсидам пайда болар алдында 20-30 кг-нан толық минералдық (NРК) тыңайтқыштармен өсімдіктерді үстеп қоректендіреді.

Тамыржемістерді отырғызуға дайындауға — алдынала (5-6 күн бұрын) шоқадан оларды аршып алу, шіріген, ауру және мүрік тамырларды алып тастау, үйіндіде оларды ояту, немесе жылумен өңдеулер жатады.

Тамыржемістерді дала жұмыстарының бірінші аптасында отырғызады. Тұқымдықтарды отырғызуды кешіктіруге болмайды, 10-14 күнге кешігуден тұқым өнімі 25% төмендейді. Тамыржемістерді алдын-ала белгіленген танап жерлеріне топырақ бетінен 2-3 см төменге тігінен отырғызады. Тамырдың қоректену алаңы 4900 см2 (70×70) болғанда 1 га жерге 20,4 мың тамыр орналасады.

Өсімдікті күтіп-баптаудағы көп рет кесе-көлденең қопсытулардан басқа, гүлдеу алдында гүлсидам өркендердің бас және бүйір бұтақтарын қырқудың топырақты қопсыған және таза күйде ұстап тұрудың маңызы зор. Жаппай гүлдеу кезеңінде өсімдіктерді қосымша тозаңдандырудың да атқаратын рөлі ерекше.

Қант қызылшасы тұқымының пісуі, гүлдеу сияқты бірдей емес. Гүлдеудің біркелкі еместігі тұқымдық егісті жинауды қиындатады, онымен қоймай піскен тұқымдар тез шашылады. Піскен бұтақтарды таңдап кесу, көп қол еңбегін қажет етеді. Бірақ тұқым орылған бұтада да пісіп-жетілетіндіктен тұқымдық егісті жаппай оруды ерте мезгілде, барлық тұқымның үштен бірі піскенде лафетті және аспалы дестелегішпен жүргізіледі. Тұқымның піскендігінің белгілеріне тұқым тізбесінің қоңырлануы, тұқым жарығының ұн сияқты болуы жатады.

Тұқымдықтың орылған бұталарын қалыңдығын 30 см етіп бостап баулайды да қатарлап қойып кептіреді.

Соңғы кездері тұқымдықты дестелеу тәсілімен жинау қолданыла бастады.

Тұқымдықтарды жинау алдында кейде химиялық заттардың (магний хлораты, натрий хлораты, кальций цианамиді) әлсіз ерітінділерімен жапырақтарды түсіру (дефолиация) және тамырында тұрған өсімдікті кептіру (десикация) үшін егісті өңдейді. Бұл тұқымдық егісті комбайнмен жинауға мүмкіндік береді.

Тұқымдық қант қызылшасын қайта отырғызбай өсіру. Қазіргі кезде қолданылатын екіжылдық көшіріп отырғызу тәсілімен қант қызылшасы тұқымын өсіру көп еңбек және қаражат шығынын қажет етеді: көптеген үрдістер (аналық тамыржемістер отырғызу, тұқымдықты жинау) осы кезге дейін толық механизацияланбаған. Тұқымдық қант қызылшасын қайта отырғызбай өсіру тәсілі Орта Азия елдері мен Ресейдің Краснодар өлкесінде кеңінен қолданылады.

Қант қызылшасы тұқымын көшірмей отырғызумен алу тәсілі АҚШ, Венгрия, Болгария, Турцияда көп таралған.

Көшірмей қант қызылшасы тұқымын алудың табиғи жағдайлардан басқа маңызды жайы — қант қызылшасы тамыржемісінің қысқа төзімділігін көтеруге бағытталған кешенді агротехникалық тәсілдерді қолдану болып саналады. Ксероморфты, ұсақ ағзалы құрылымды, жақсы өткізгіш ұлпалы тамырлы қант қызылшасының қысқа төзімділігі өте жоғары. Сондықтан көшірмей отырғызу тәсілімен қызылша тұқымын алу агротехникасының негізі аналық өсімдікті қатаң жағдайда баптау — оларды жиі орналастыру, бірқалыпты ылғал мен қоректену, қыстайтын тамыржемістердің көлемін кішірейту үшін кеш себу және т.б.

Аналық қызылшаның алғы дақылдары ерте жиналатын дақылдар — асбұршақ, күздік рапс, күздік арпа, күздік қарабидай мен бидай болуы мүмкін, егер оларды жинағаннан кейін жеткілікті жауын-шашын болса.

Аналық қызылшаны арпа, зығыр, қыша, рапс дақылдарымен бүркемелеп егуге болады.

Тамыржемістің қысқа төзімділігін арттыру үшін азот мөлшерін негізгі енгізуде кәдімгіге қарағанда екі есе азайтады, ал фосфор мөлшерін шамамен 30 кг көбейтеді. Егу кезінде қатарға тек фосфор мен калий тыңайтқыштарын енгізеді.

Тұқым себер алды қопсыту жырту қабатының тығыз құрылымын сақтау үшін беткі қабатта (4-5 см) жасалынады. Сонан соң, дереу себу ауыр таптауышты пайдаланумен бірге жүреді. Қатараралық ені 70 см немесе 70×15 см. Көп дәнді қызылшаны егістік жер гектарына себу мөлшері 18-20 кг, бір дәндіні — 12-15. Аналық қызылшаның қысқа төзімділігі мен тұқым өнімі көбінде себу мерзіміне байланысты.

Аналық қызылшаның жақсы қыстап шығуы үшін, топырақ қабатында орналасқан оның үстіне тұрақты салқын түскенде 10-15 см, ал солтүстік аудандарда 20-25 см дейін топырақ үйеді. Тамыржемістер өз орындарында қыстап шыққаннан кейін күтіп-баптау тәсілдері өсімдіктің дұрыс өсіп-жетілуіне бағытталуы керек. Ерте көктемде қызылша тамырларын топырақ үйіндісінен тырма, сүйреткілер мен егіс қатарына көлденең немесе қиғаш жүріп аршып босатады. Минералдық және органикалық тыңайтқыштармен, әсіресе көң садырасымен тамырларды үстеп қоректендірудің маңызы зор. Вегетация кезеңдерінде кемінде екі рет үстеп қоректендіру керек.

Қант қызылшасы плантациясы топырағын қопсыған және арам шөптерден таза ұстау үшін кемінде 2-3 рет қатараралықтарды өңдейді.

Көшірмей қант қызылшасының тұқымын алу тәсілінің ерекшелігі тұқымның біркелкі пісуі мен тұқымдық бұталардың жатып қалуының азаюында. Бұл қант қызылшасы тұқымдығын бөлектеп оруға мүмкіндік береді. Тұқымдықты өсімдік тұқымының 20-25% қоңырланғанда егісті қосарланған пышақпен жабдықталған лафетті және аспалы дестелегішпен орады. Дестедегі өнім кепкеннен кейін оны комбайнмен бастырады.

 

 

 

 

 

 

 

 

                           Қызылшаның полиплоид тұқымын алу

 

Ф.Пето мен Дж.Бойс (F.H.Peto, J.W.Boyce, 1940) қызылшаның диплоидты будандарына қарағанда триплоидты будандарының шырынының қанттылығы, тамыржемісінің салмағы жоғары екендігін дәлелдегеннен бері қант қызылшасының селекциясы мен тұқым шаруашылығы триплоидты будандарды пайдалану бағытында дами бастады. Будандық тұқым алу үшін диплодтық және тетраплоидтық формалар будандастырылады.

Триплоидтық қызылша алу үшін жылда будандық тұқым өндіру қажет. Ол үшін алдын ала диплоидтық және тетраплоидтық аталық және аналық формалар таңдалып алынады. 

Басқа дақылдарға қарағанда қызылшаның диплоидтық және тетраплоидтық формаларын будандастыруға еш кедергі жоқ, сондықтан оларды табиғи жағдайда тозаңдандыра береді. Ол үшін диплоидтық және тетраплоидтық формалардың қатарларын кезек орналастыру жеткілікті. Табиғи тозаңданудың арқасында триплоидты будандар алынады.

Әрине сортішілік тозаңданудың нәтижесінде тұқым құрамында диплоидтық және тетраплоидтық формалар да қалыптасады, тіпті анизоплоидтар да болуы мүмкін. Кейбір деректер бойынша диплоидтық және тетраплоидтық формаларды 1:3 арақатынасында орналастырған тиімді.

Диплоидтық формалардың тозаң түтікшелері тетраплоидтықтардікінен тезірек өсетін болғандықтан тозаңдану негізінен диплоидтық формалардың тозаңымен жүреді де, тетраплоидтық өсімдіктерде триплоидтық тұқым қалыптасып дамиды.

Тұқым екі нұсқа бойынша жиналады:

  1. Аталық және аналық формалар бөлінбей, бүкіл егістіктен.
  2. Аталық және аналық формалар бөлек жиналады.

Бірінші нұсқа бойынша жиналған тұқымның 70-75%-ы триплоидтық болады.

Екінші нұсқа бойынша жиналған тұқымның 90%-ы триплоидтық болады.

Мысалы Белоцерковский полигибрид 41 бірұрықты тетраплоидтық форманы диплоидтық көпұрықты формамен 3:1 арақатынаста орналастырып будандастыру арқылы алынады. Тұқым жинау екінші нұсқа бойынша жүргізіледі және тек бірұрықты тұқым пайдаланылады.

Келешекте 100% триплоидтық тұқым алу мақсаты тұр. Бұл мақсат аналық форма ретінде цитоплазматикалық аталық ұрықсыздықты қолдану арқылы шешілмек.

Триплоидтық қант қызылшасы ең жақсы диплоидтарға қарағанда гектарынан 15-20% қант жинауға мүмкіншілік береді және церкоспорозға төзімді келеді.

 

Қызылша тұқым шаруашылығында өзекті мәселе тұқымның бір ұрықты болуы. Белоцерковский полигибрид 2, Ялтушковская односеменная 30 сыяқты будандар мен сорттарды пайдалану қызылша өсірудегі шығынды өте көп төмендетеді. Аталған будандар мен сорттардың бірұрықтылығы 70-75%-ға жетеді

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                             Диплоид тозаңдары             Тетраплоид тозаңдары

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                            Диплоид өсімдік              Тетраплоид өсімдік

                                              аналығы (2х)                          аналығы (4х)

                                    Қант қызылшасының диплоид және тетраплоид өсімдіктері

                                                             тозаңының өсу жылдамдығы

 

 

 

 

                           Қант қызылшасының триплоид будан тұқымын алу үшін

                                  егістікте диплоид және тетраплоид өсімдіктерді орналастыру

                                2х — диплоид өсімдіктер;       4х – тетраплоид өсімдіктер