Құқықтық сана және құқықтық мәдениет
Жоспар:
- Құқықтық сана — қоғамдық сананың формасы. Құқықтық сананың ұғымы
- Құқықтық сананың құрылымы
- Құқықтық сананың түрлері
- Құқықтық сана және құқық қолдану
- Құқықтық сана және оның деформацияға ұшырауы
- Құқықтық мәдениет және құқықтық тәрбие
- Қолданылған әдебиеттер тізімі
- Құқықтық сана — қоғамдық сананың формасы. Құқықтық сананың ұғымы
Философияда қоғамдық — сана қоғамдық болмыстан туындайтын идеялар мен көзқарастардың материалдық қатынастардың жемісі. Сонымен қатар сана болмысының қалыптасуына үлкен ықпалын тигізіп оны дамытуға үлесін қосады. Ал, қоғамдық сана құрамдық жағынан алып қарағанда көптеген түрлерге бөлінеді: саяси, көркем, теориялық, кәдімгі, эстетикалық, діни, этникалық және т.б. Құқықтық сана қоғамдық сананың бір түрі, бөлігі болып саналады. Басқа саналардың түрлеріне қарағанда құқықтық сананың өзіне ғана тән ерекшеліктері бар:
1 . Құқықтық сана мемлекетте қалыптасқан құқықтық жүйе әділ сот қызметтерінің айнасы болып табылады. Құқықтық реттеу барысында адамдар құқықтың әділеттілігін немесе оны қолдану барысындағы заңсыздық пен бассыздықтан туындайтын әрекеттер мен көріністерді ой-өріс, сана арқылы ой-елегінен өткізіп баға береді. Соның нәтижесінде индивидтердің мемлекеттегі әділеттілікке деген көзқарастары қалыптасады.
- Құқықтық сана қоғам тапқа бөлініп, мемлекет пен құқық пайда болғанда қалыптасады және әр түрлі мағындағы қасиеттерге ие болады. Мысалы, құл иеленуші мемлекетінде құл иеленушілердің құқықтық саналары негізінде құлдарды қанау, басып жаншу, баю сияқты ұғымдармен уланған болса, керісінше, құлдардың құқықтық санасының негізгі өзегі — азаттық, теңдіқ, бостандық. (Мысалы, б.ғ. дейінгі I ғасырдағы Римдегі Спартак, б.ғ. дейінгі I — II ғасырлардағы Қытайдағы «Сары тартқандар» және «Қызыл қастар» көтерілістері және т.б. сондай қарулы көтерілістер.) Таптық қоғамда сана да таптық сипат алады.
- Құқықтық сана саяси мазмұнға, сипатқа ие болады. Мемлекеттегі саяси процестер мен бағыттар әрқашанда құқықтық санаға өзінің әсерін тигізеді. Заңның өзі қоғамда жүргізіліп отырған саясатқа тәуелді. Мысалы, сталинизм кезінде саясат тоталитарлық жүйені және жеке адамның басына табынушылықты мемлекеттік дәрежеде нығайту болса, қоғамдық құқықтық сана сол саясаттың тікелей әсерінен халықтың құқықтық санасына «халық жауы» ұғымын жаппай қабылдатты, заңды екенін сіңірді. Фашизм де сондай сана қалыптасты.
- Құқықтық сана қоғамның қондырмасынан орын тебеді, оның құрамындағы саяси, көркем, эстетикалық, теориялық, кәдімгі, діни, этикалық саналардың түрлерімен тығыз байланыста қалыптасады және дамиды. Бірақ, бір сананың түрі құқықтық санаға мол әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда индивидтің құқықтық санасы не прогрессивтік, не регрессивтік, не конформистік, не ниглистік және инфантильдік қасиеттер мен мінез-құлықты қабылдауы мүмкін.
Құқықтық сана дегеніміз қоғамдық сананың формасы ретінде қабылданған адамдардың мемлекеттегі заңдарға, құқыққа олардың қағидалары мен мәніне әділсотқа және тілегіндегі құқыққа деген идеялар, теориялар және сезімдердің жүйелік жиынтығы.
Құқықтық сананың экономикалық негізін жеке адамдардың меншікке деген қатынастары құрайды. Сонымен қатар құқықтық сана құқықтың өзімен, құқықтық мекемелермен толыққанды дәрежеде әрекеттестікте болады. Атап айтқанда, әрекеттестік пен қарым-қатынастық бұзылған жағдайда бүкіл құқықтық реттеу дағдарысқа ұшырауы әбден мүмкін. Құқықтық сананың қоғам өміріне мынандай әсері бар:
- Құқықтық сана құқық жасау процесіне белсенді түрде өзінің әсерін тигізеді. Халықтың, депутаттардың, мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалардың құқықтық саналары неғұрлым жоғары болған сайын сапалы заңдар қабылданады, субъектизм мен лоббизмді шектейді, жалпы ұлттық мүддені жеке топтық, таптық, партиялық мүддеден жоғары қояды.
- Құқықтық сана мемлекет қабылдаған нормативтік-құқықтық кесімдерден өзінің көрінісін табады.
- Қоғамда қалыптасқан құқықтық сананың деңгейі құқық қолдану процесінде ерекше рөл атқарады, әділеттілік пен әділетсіздікке барудың айқын барометрі. Мысалы, мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғаның жеке адамнан пара алуы, бюрократияға жол беруі ақпараттық араластықтың нәтижесінде бүкіл халықтың құқықтық санасын дағдарысқа ұшыратып, нигнлистік көзқарас қалыптастырады.
- Құқықтық сана құқық бұзушылықпен күресудің, оның алдын алудың мүмкіндіктерін тудырады. Құқықтық сана деңгейі жоғары болған сайын мемлекеттегі қоғамдық тәртіп те нығая түседі.
- Құқықтық сананың құрылымы
Құқықтық сана мемлекет және құқық теориясының негізгі категориясы ретінде және күрделі, ең маңызды институты болғандықтан өзіне тән құрылымға ие. Заң әдебиетінде құқықтық сана дәстүрлі қағида бойынша екі құрылымға бөлінеді: құқықтық идеология және құқықтық психология.
Құқықтық идеология деп қоғамда жоғарғы деңгейде бейнеленген құқықтық көзқарастар, идеялар және теориялардың ғылыми негізде жүйеленген жиынтығын айтады. Құқықтық идеологияның өзіне тән мынандай ерекшеліктері бар:
- Құқықтық идеология негізінде мемлекеттің жүргізген саясатының негізінде қалыптасып билікке ие болған ұлттың, таптардың, топтардың мүдделеріне тікелей байланысты болып қалыптасады. Мысалы, Кеңес мемлекетінің жеке меншікті тәркілеу саясаты, бір ғана идеологияны қалыптастыру, коммунистік партияның диктатурасын орнату, еркін пікір, плюрализмге жол бермеу, жаппай репрессия қолдану сияқты саясаты қоғамдағы құқықтық идеологиядан да өзінің шешімін тапты. Соның нәтижесінде Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары оның жүргізген саясатының әсерінен «пролетарлық құқықтық сана» құқықтың қайнар көзіне айналды.
- Құқықтық идеология тікелей немесе жанама болса да қоғамдық және жеке адамның санасынан орын тебеді.
- Құқықтық идеология мемлекетке жүргізілген саясатқа байланысты халықтың санасына гуманистік-демократиялық, реакциялық немесе діни ұстаным, бағыттарды міндеттеуі мүмкін. Сондықтан саяси процестер мен кақтығыс, шиеленістер әрқашан құқықтық идеологияға тікелей әсерін тигізіп отырады.
Кұқықтық психология дегеніміз әлеуметтік топтардың, страттардың, жеке адамдардық құқық пен құқықтық құбылыстарға деген сезімдерінің, хал-ахуалдарының негізінде стихиялық түрде пайда болатын жиынтығы. Құқықтық психология мынандай сипаттармен ерекшеленеді:
- Құқықтық психология жеке адамдардың, топтардың, страттардың күнделікті өмірлері мен қызметтерімен сырттан қабылдаған ақпарат негізінде қалыптасады және қоғамдағы өзгерістерге байланысты өздерінің пікірлерін мінез-құлық арқылы білдіріп отырады. Мысалы, нарықтық қатынастарда бағаның күрт өсуі құқықтық психологиядан лезде көрініс табады, наразылық білдіріледі. Немесе емтихан тапсырған студенттерден оқытушы пара алса, бұл қылмыстық әрекет шәкірттердің құқықтық психологиясына кері әсерін тигізеді.
- Құқықтық психология негізінде заңдылықтың даму қағидасы бойынша құқықтық идеологияға жанасу бағытын көздейді. Себебі құқықтық идеология кең, қоғамның барлық саласына әсер етеді.
- Құқықтық психология әр адамның санасының ажырамас бөлігі, тыныс-тіршілігінің көрінісі болса, құқықтық идеологияны қоғам, жалпы мемлекет қабылдаған.
- Құқықтық сананың түрлері
Құқықтық сана субъектілері бойынша бірнеше түрлерге бөлінеді:
- Дербес Құқықтық сана — жеке адамның ішкі сезімінен туындайтын құқыққа және оның қағидаларына деген көзқарастары мен қатынастары.
- Топтық (корпоративтік) құқықтық сана — қоғамдық қатынастарға түскен субъектілердің кызметтері мен мүдделеріне байланысты қалыптасқан сана. Бұл сана негізінде адамдардың мамандықтарына байланысты қалыптасады. Мысалы, мұғалімдер, фермерлер, бір партияның мүшелері, қозғалыстар және т.б. ұжым біріктірген адамдардың топтары.
- Қоғамдық құқықтық сана — белгілі бір мемлекетте немесе жалпы қоғамда бастапқылық дәрежеде бүкіл социум мүшелері мойындаған сананың түрі: қоғамдық құқықтық сана өз дәрежесінде билікті тұрақтылықта қамтамасыз етуі мүмкін. Сонымен қатар адамдардың сана наразылығы бақылаудан шығып, қақтығыстар мен шиеленістерді қалыптастыруы әбден мүмкін. Қоғамдық құқық сананың тұрақтылықта болуы көп жағдайда мемлекеттегі материалдық жағдайларға тікелей байланысты.
- Жасөспірімдердің құқықтық санасы — жас ерекшеліктеріне, кәмелетке толмағандығына байланысты, өзіндік ерекшеліктері бар сана. Бұл сана жасөспірімнің организмі қалыптасып, жетілу кезеңіндегі ерекшеліктерден туындайды. Құқықтық тәрбие барысында осы өлшемдер міндетті түрде ескеріледі.
- Студенттердің құқықтық санасы — жоғарғы білім алу барысында қалыптасатын сана. Бұл сананың өзіне тән мынандай ерекшеліктері бар:
а) Болашақта құқықтық белсенділікті қалыптастырудың іргетасы қаланады, азаматтық ұстаным және патриотизм рухы қалыптасады.
ә) Саяси процестерге тартылып, сана болмысы шыңдалады. Бұл көрініс негізінде ірі қалаларда (Алматы, Астана) білім алу барысында іс жүзіне асырылады.
б) Құқықтық сана білім алу сапасының төмен деңгейіне, сауатсыздығына байланысты маргиналдық (шетте қалу) деңгейінде қалып қоюы мүмкін. Бұл сана формасын ұялаған субъектілер Американың социологі Р.Парлатовтың айтуынша мазасыз, агрессилші, өзін ғана құрметтеуші, сезімтал, жасқаншақ, эгоцентристік қасиет мінездерімен сипатталады.
- Отбасылық құқықтық сана — негізінде отбасы, ошақ қасында некелік қатынастардан туындайтын және бір жанұяның дәстүрлік салт-санасымен қалыптасады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі», «Бала тәрбиесі бесіктен», «Мейірімділікті анадан үйрен, әділдікті данадан үйрен» және т.б.
- Әйелдердің құқықтық санасы — әйел заты ағзаның биологиялық процестерінің ерекшеліктеріне байланысты қалыптасатын сана нормасы. Оның өзіне тән ерекшеліктері бар, психологиялық әдебиеттерде көп жазылған.
Сонымен қатар құқықтық сана деңгейі (білімі) бойынша эмпирикалық, (кәдімгі) кәсіби және доктриналдық (ғылыми) болып саналады.
Эмпирикалық сана адамға сырттан қабылдаған ақпарат негізінде қалыптасады, теориялық тексеріске шалдықпай бағаланады. Сондықтан көп жағдайда бұл сана формасы дұрыс қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді, дау-дамай, жанжал, қайшылықтар тудыруы әбден мүмкін. Мысалы, сот отырысының залында отырған адамдар судьяның шығарған үкіміне наразылықтарын білдіреді. Ал, шынына келгенде үкім әділетті және заңды. Юриспруденциядан мүлдем бейхабар адам теориялық білімсіздіктен, іспен таныс болмағандықтан қызуқандылық негізінде әділетсіз деп бағалады.
Кәсіби сана — арнайы білімі бар заңгерлердің немесе арнайы дайындықтан өткен мамандардың кәсіби қызметтеріне байланысты құқыққа деген көзқарастары мен идеялары.
Кәсіби сана арнайы білім деңгейі арқылы қалыптасады.
Доктриналдық сана — юриспруденция саласында ғылыми жұмыстармен шұғылданып, заң ғылымында идея, тұжырымдама ұсынған құнды еңбектер жазған заңгерлердің санасы. Доктриналдық сана құқықтық сананың ең биік шыңы және қоғамның құқықтық ақиқатына баға беріп, болашақтағы құқықтық дамудың теориялық негізін қалыптастырады, тәжірибеден озық болады. Болжау, көргенділік таныту — доктриналдық сананың ең негізгі мақсаты.
- Құқықтық сана және құқық қолдану
Құқықтық сана құқық қолданумен тікелей байланыста және ара қатынастары өте тығыз. Құқық қолданатын мемлекеттік орган, лауазымды тұлға құқықтық сана деңгейін пайдалана отырып өз құзыры шеңберінде арнайы нормативтік-құқықтық кесімдер, шешімдер, үкімдер, бұйрықтар шығарады. Бірақ, құқықтық сананың негізгі идеялары қоғамдық қатынастарды реттейтін нормаларда бекітілген, жарияланған. Сонымен қатар құқық салаларында көрсетілген қағидалар құқықтық сананың негізгі талаптары болып саналады. Мысалы, Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 16-бабы: «Судья істе бар дәлелдемелерді олардың жиынтығымен әділ, жан-жақты және толық қарауға негізделген өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды, бұл орайда ол заң мен ар-ұятты басшылыққа алады». Бұл норма судьяны істі «жан-жақты», «толық» қарауға міндеттеп тұр және заң судьяға дәлелдемелерді «өзінің ішкі сенімі бойынша» бағалауға, бұл күрделі жағдайда тек «Заң мен ар-ұятты басшылыққа алуды» міндеттеп тұр. Құқық қолдану барысында да, яғни әділ шешім қабылдау үшін судья заңға бағынып, ар-ұяттың негізінде шешім шығару тиістігі көрсетілген. Ал, әділеттілік әрқашан жоғары, кәсіби дәрежедегі құқықтық сананың қалыптасуын талап етеді.
Сонымен катар құқықтық сана құқықтың өзіне де тікелей әсер етеді. Оның мұндай қасиеттері саналық әсер мынандай көріністерден байқалады:
- Құқықтық сана құқық нормаларының орындалуын тікелей қамтамасыз етеді. Құқықтық сана неғұрлым жоғары болған сайын, соғұрлым құқық бұзушылықтың динамикасы төмен.
- Қоғамда азаматтардың құқықтары міндеттерімен тікелей байланысты. Құқықтар мен бостандықтарды бір-бірінен еш уақытта бөліп қарауға болмайды. Құқықтық сана әрқашан азаматтардың конституциялық міндеттерін бұлжытпай орындауды талап етеді. Мысалы, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы Конституцияны сақтауға, салық төлеуге, отанды және табиғатты қорғауға міндетті. Сондықтан барлық жағынан алып қарағанда құқықтық сана заңдылықты нығайтудың берік кепілі ретінде танылады.
- Құқықтық сана құқық нормаларының мәнін, мазмұнын түсінуге мүмкіндік береді. Құқық қолданатын субъект құқықтық сана мүмкіндігін пайдалана отырып, құқық нормасының мәнін ұғынады, содан кейін ғана оның мазмұнын түсіндіру, қолдану құқына ие болады. Мысалы, тергеуші, судья нақтылы іс бойынша жасалған қылмысты дәлелдемелер арқылы анықтап, Қылмыстык кодекстің нормасын қолданады. Бұл күрделі және асқан жауапкершілікті талап ететін әрекет болғандықтан құқықтық сананың іс бойынша жиналған дәлелдемелерді бағалаудағы рөл өте зор. Сондықтан Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 25-бабы мынандай норманы бекітеді: «Судья, прокурор, тергеуші, анықтаушы дәлелдемелерді қаралған дәлелдемелердің жиынтығына негізделген өздерінің ішкі сенімі бойынша бағалайды, бұл орайда заң мен ар-ожданды басшылыққа алады».
- Құқықтық сана құқық жасау, қабылдау қажеттілігін анықтайтын, талап ететін негізгі көрсеткіштердің бірі, әлеуметтік барометрі. Себебі, қоғамның дамуы барысында нормативтік-құқықтық кесімдер ескіреді қоғамдық реттеуге дәрменсіздік танытады. Даму — соның айғағы. Жаңа заң қабылдау, немесе оған өзгерістер енгізу қажеттілігі туындайды. Осы кезеңде құқықтық сананың рөлі өте зор болады. Сана идея ұсынады, оның қызметі реттеуді қажет ететін қоғамдық қатынастарды құқық нормасында бекітеді. Бұл үзіліссіз дами беретін үрдіс, қозғалыс.
- Құқықтық сана және оның деформацияға ұшырауы
Қоғамның дамуы тіке жол сияқты дамудан ада. Адам, индивидтердің саналары әр түрлі, дара сипаттарға ие болғандықтан қоғамдық қатынастар да қайшылықтар мен қақтығыстарға толы. Мемлекет құқықтық жүйе арқылы сол қақтығыстарды бір қалыпқа келтіріп, тиімді реттеу мақсатын көздейді. Бірақ, ондай нәтижеге жету мақсаты әрқашан бола бермейді. Оның негізгі себептерінің бірі құқықтық сананың деформацияға ұшырауы болып табылады. Оның мынандай түрлері бар:
- Құқықтық нигилизм (латын сөзі — nihil- еш нәрсе емес) — қоғамда қабылданған, мойындалған құқықтық құндылықтарды, қағидалар мен заңнаманың мүмкіндіктерін жоққа шығару, сенімсіздік таныту арқылы биліктің заңсыздығымен бассыздығына көз жұмып қарау. Құқықтық нигилизм жалпы қоғамдық нигилизмнің құрамының бөлігі болып саналады. Саяси-құқықтық ой-пікірдің тарихында нигилизм әлеуметтік прогреспен азаматтың даму заңдылықтарын жоққа шығарып, әсіресе Батыс Еуропаның, Америка демократиясының құндылықтарын мойындамаушылық танытқан, әлі де баршылық. Мысалы, Ресейде славянофилдер орыс халқына Конституция, тіпті құқық мүлдем қажетсіз деп санады. Бұл ағымның ірі өкілдерінің бірі И.С.Аксаков: «Батысқа қараңдаршы. Халықтары менменшілдікке ниет білдіруге еліктеп кетті, үкіметтік жетілу мүмкіндігіне сенді, республикаларды жасап тастады, конституцияларды құрды және рақымшылдықсызға ұрынды, әр минут сайын күйреуге дайын».
Ал, анархизм ілімінің ірі өкілдерінің бірі М.А.Бакунин мемлекеттің болуына, оның басқару, билік жүргізу арқылы азаматты қорғау, топтастыру функцияларына нигилистік көзқарас танытты. Белгілі ғалым С.Ф.Ударцевтың тұжырымдары бойынша: «Бакунинше мемлекет — зорлықшыл, қылмыскер, ол оның пікірінше құқықтық сыңардан айырылған. Осы мағанада ол құқықтық мемлекет теориясына жат. Оған мемелекет өзінің мәнісі жағынан құқықтық емес институт».
Құқықтық нигилизм орыстың ұлы жазушысы, ойшылы Л.Н.Толстойда да жиі кездеседі. Мысалы, ол өзінің көптеген шығармаларында құқық пен мемлекетке сенімсіздікпен қараған, жоққа шығаруды көп пайдаланған. «Студентке құқық туралы хат» деген еңбегінде құқықты «жексұрын алдаушы» деп бағаласа, заң ғылымын саяси экономиядан да асқан өтірікші деген пікір білдірген.
Құқықтық нигилизмнің ең негізгі себептерінің бірі мемлекеттегі үш билік саласында әділетсіздіктің және коррупция кең қанат жаюы болып табылады. Соттың шығарған әділетсіз үкімі (мысалы, бір тауық ұрлаған адамды бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаласа, түйені түгімен жұтқан адамды бір жылға соттау). Атқарушы биліктегі коррупция (қызметке пара беру арқылы орналасу және т.б.) халықтың заңдылыққа деген сенімсіздігін арттыра түседі, Құқықтың мүмкіндіктерін жоққа шығарады. Сайлау барысында халықтың дауыс беруден саналы түрде бас тартуы да құқықтық нигилизмнің көрінісі.
- Құқықтық инфантилизм — латын сөзі — infanteles — балалық, жетілмеген) — құқықтық білімнің, ақпараттың жетіспегендігінен қалыптасып, жеке адамның өз сезімі бойынша құқық туралы білетін болып көрінуі, соның салдарынан құқықтық сананың бұрмалануы. Мұндай сана индивидтті жалған жолға бұрып, оның мінез-құлқында көптеген түсінбеушіліктерді туғызуы мүмкін. Адам білмейтін нәрсені «білемін» деп, заңсыз әрекеттерге барады.
- Құқықтық идеализм — құқықтың қоғамдық қатынастарды реттеудегі рөл мен мүмкіндіктерін асырып бағалау. Негізінде сананың негізгі идеясы халықтың «әділетті заңға» сенуінен туындауы. «Жақсы заңдардың» мүмкіндігінің мол екендігіне үлкен үміт арту. Заңның мүмкіндігі өте зор, бірақ адам санасы одан да пәрменді. Сондықтан қоғамдық қатынастардың барлық санасын құқық нормасымен реттеу, қалыпқа салу мүмкін емес. Тиімді реттеу үшін әлеуметтік тәжірибе мен халық психологиясын жетік, ғылыми деңгейде танып, меңгеру қажет. Құқық қоғамдық қатынастардың арнайы бір сатыдағы қажеттілігі.
- Құқықтық демагогия — саналы түрде алдау, жалған мәліметтер тарату мен өтірік уәде беру арқылы халықты, әлеуметтік топтарды қоғамдағы құқықтық ақиқатты өз мақсаттарына жету үшін бұрмалап көрсету және насихаттау. Мысалы, халықты жалған ақпарат арқылы сайлауда дауыс бермеуге, сот үкімін «әділетсіз» деп аштық жариялауға шақыру және т.б. әрекеттерге бару. Құқықтық демагогия, баспасөз, мегафон құқы арқылы іс жүзіне асады.
- Құқықтық мәдениет және құқықтық тәрбие
Құқықтық сана құқықтық мәдениетпен тығыз байланысты. Құқықтық мәдениет жалпы қоғамдағы мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде бірге дамып отырады. Кейбір ғалымдардың мәліметтері бойынша мәдениеттану ғылымында мәдениеттің 200-ден астам анықтамасы бар. Ал құқықтық мәдениеттің анықтамасы заң әдебиетінде әр түрлі мағанада беріліп жүр.
Құқықтық мәдениет дегеніміз қалыптасқан қоғамдық қатынастардағы жеке адамдардың, әлеуметтік топтардың, халықтың құқықты тану, меңгеру барысындағы немесе оны жалпы сыйлаушылықтан туындайтын құқықтық сана деңгейі өлшемінің жиынтығы. Құқықтық мәдениет негізінде мынандай факторларға байланысты қалыптасады:
- Құқықты білу, санаға сіңіріп, құқыққа сәйкес мінез-құлықты қалыптастыру;
- Құлықтылық (моральдық) және діни тәрбиенің жоғарғы деңгей нәтижесінде болуы. Бұл жерде жалпы адамзат қабылдаған, тәрбиелік мәні зор құндылықтарды бұлжытпай орындау. (Мысалы, өлтірме, ұрлама, жаманшылық жасама, үлкенді сыйла).
- Дәстүрлі ұлттық этика бойынша тәрбиелену. Қазақтың дәстүрлі тәрбиесі ғасырлар бойы әдепсіз қылықтарға тыйым салатын ұғымдарды қалыптастырған және оларды бұлжытпай орындауды жас кезден бастап қоғам мүшелеріне міндеттеген. Сол нормалар мен талаптарды орындау барлық жағдайда құқықтық мәдениетті қалыптастырған. Мысалы, әдепсіз болма, әлсізге күш көрсетпе, әкенді ренжітпе, бейітке қарап түзге отырма, боқтампаз болма, жаманға ерме, зорлықшыл болма, иесіз үйге кірме, өтірік күәлік берме, пышак кезеңбе, күш көрсетпе, құдайға тілінді тигізбе, қабірді баспа, құранды баспа, қызға қол жұмсама, тентек болма, үлкенге орын бер, ұрлық қылма және тағы басқа көптеген осындай тыйым салатын нормалар қазақ халқының дәстүрлі құқықтық мәдениетін жоғары деңгейде қалыптастырды. Бірақ, отарлық саясат пен коммунистік-тоталитарлық жүйе ұлттық тәрбиенің құндылықтарын жоққа шығарады, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді «ескінің қалдығы» деген айдармен тыйым салды. Этникалық тәрбиені жандандыру құқықтық мәдениетті қалыптастырудың негізгі кепілі, құқыққа сәйкес мінез-құлықты қалыптастырудың іргетасы.
- Құқықтық мәдениет индивидтердің құқықтық белсенділігін арттырады. Біріншіден, адамдарды азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға жұмылдырады. Екіншіден, құқықтық жауапкершілікті күшейтіп, заң талаптарын бұлжытпай орындауды талап етеді.
- Құқықтық мәдениет құқықтық тәрбие арқылы қалыптасады. Құқықтық тәрбие дегеніміз мемлекетте барлық құқықтық, дәстүрлі этикалық тетіктерді пайдалана отырып, субъектілердің құқықты құрметтеуге деген құқықтық саналарын қалыптастыру. Құқықтық тәрбие мынандай шараларды қамтиды:
а) Субъектілердің құқықтары мен бостандықтарын жетік білу арқылы өз құқықтарын қорғаулары.
ә) Заңсыздық пен бассыздыққа, адам құқықтарын аяққа таптауға жол бермеу және күресу.
б) Құқық бұзушылықтың қандай түрі болмасын бәрімен белсенді күресу, алдын алуға құқықтық шеңбер аясында ат салысу.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
- Е.А. Лукашева. Право, мораль, личность. М., 1986.
- В.А. Шегорцов. Социология правосознания. М., 1981.
- Е.К. Нурпеисов. Психология правомерного поведения. Алма-Ата, 1984.
- Социалистическое право, сознание и поведение личности. Алма-Ата, 1988/ Под редакцией М.Т.Баймаханова.
- И.Е. Фарбер. Правосознание как форма общественного сознания. М., 1963.
- Р.С.Байниязов. Правосознание: Психологические аспекты. // Правоведение, 2000, № 2.
- Р.С. Байниязов. Правосознание и российский правовой менталитет. //Правоведение, 2000, № 2.
- Е.В. Аграновская. Правовая культура и обеспечение прав личности. М., 1988.
- И.А. Иванников. Концепция правовой культуры. //Правоведение, 1998. № 3. Известие вузов.
- О.Р. Тулина. Исторические корни и особенности правового нигилизма в современной Россини: Автореферат дис.На соиск. Ученой степени канд. юридических наук. Уфа, 2002.
- Д.Г.Умуркулова. О сущностных признаках понятия правосознания. //Проблемы совершенствования системы воздействия на преступность в современных условиях. Караганда, 2002.