ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Тақырыбы: Мәдениет пен өркениет
Орындаған: Калханова Г.
Қабылдаған: Еркінбекова А.
Шымкент 2008ж.
Жоспар
- Мәдениет пен өркениетке жалпы түсінік.
- Мәдениет пен өркениеттің өзара қарым-қатынасы.
- Мәдениет пен табиғат арасындағы байланыс.
- Мәдениеттің қоғамға атқаратын қызметі.
Мәдениет пен өркениет
Мәдениет ұғымын тереңірек түсіну үшін, оған мағыналық жақындығы бар кейбір басқа ұғымдармен арақатынасын қарастырып өтейік. Осы сипатта біздің зердемізге бірінші түсетін ұғым — өркениет. Өркениет (цивилизация) семантикалық жағынан алғанда (латын тілінің – «civilis» сөзі) азаматтық дегенді білдіреді. Римдіктер бұл ұғымды «варварлықтар» деп өздері атаған, басқа халықтар мен мемлекеттерден айырмашылықтарын көрсету мақсатында қолданған. Яғни, «өркениет» олардың түсініктері бойынша азаматтық қоғамы, қалалық мәдениеті, заңға негізделген басқару тәртібі бар Рим империясының даму дәрежесін білдіреді.
Ғасырлар бойы қалыптасқан осы екі үғымның мағыналарын төмендегідей топтастыруға мүмкіндік бар:
- 1. Мәдениет пен өркениет бір. Олар синонимдер (И. Гердер, Э.Б. Тайлор).
- 2. Өркениет — мәдениеттің ақыры, оның кәрілік шағы, руханилықтың антиподы (Ж.Ж. Руссо, Ш. Фурье, О. Шпенглер).
- 3. Өркениет — мәдениеттің прогресі, болашаққа бой сермеуі, қоғамның парасаттылық деңгейі (Ф. Вольтер, Д. Белл).
- 4. Өркениет — тағылық пен варварлықтан кейінгі тарихи-мәдени саты (Л. Морган).
- 5. Өркениет — этностар мен мемлекеттерге тән мәдениеттің оқшау түрі (А. Тойнби, Н.Я. Данилевский жөне т.б.).
- 6. Өркениет-мәдениеттің техникалық даму деңгейі, оның материалдық жағы.
Бұдан көретініміз, мәдениет пен өркениет бір-бірімен байланысты ұғымдар екен. Мәдениеттанушы Г. Чайлдтың пікірінше, өркениетке еңбектің қоғамдық жолмен бөлінуі, қалалардың пайда болуы, жазбаша медениеттің дамуы, қолөнер мен сауданың өркендеуі, азаматтық қоғам мен мемлекеттің орнауы жатады.
Мәдениетті тұлғалық сипатта қарастырғанда, бірнеше елеулі түсініктерге тоқтала кету қажет, олардың ішіндегі маңыздылары: мәдени әрекет, мәдени орта, мәдени игіліктер мен қажеттіліктер және мәдени ұйымдар мен ұжымдар. Бұлардың арасында ең түбегейлісі — мәдени әрекет. Әрекеттену — жалпы адам мен қоғамның өмір сүру тәсілі, тіршіліктің тірегі. Мәдени әрекет деп, әдетте, мәдениет игіліктерін өндіруге, таратуға, тұтынуға бағытталған мақсатқа сәйкес әлеуметтік іс-қимылдарды атайды. Мәдени игіліктерді толассыз жасау нәтижесінде адам өзінің де мәдени деңгейін көтереді.
Осы әрекетгің қайнары, түпкі қозғаушы күші ретінде ғылым адамның талап-мұқтаждарын, мәдени қажеттіліктерді бөліп қарастырады. Осылардың қатарына біз мынандай адамдық қажеттіліктерді жатқызамыз: өмірдің мәні мен мағынасын іздеу, өмірден өз орнын табуға ұмтылу, шығармашылыққа талпыныс, алыруизм, гумандылық және тағы басқалары.
Мәдени орта ұғымы мәдениеттің коммуникаииялық (қатынастық) табиғатымен тығыз байланысты. Мәдени орта заттық-материалдық, әлеуметтік ұйымдар мен ұжымдардан, рухани қызмет орындарынан тұрады. Оларға техника мен құрал-жабдықтардың даму деңгейі, тұрмыстық мәдени дәрежесі, адамдардың білімділігі, кәсіптік шеберлігі, рухани мәдениетті сақтау және насихаттау ұйымдары (мұрағаттар, мұражайлар, кітапханалар, клубтар және тағы басқалар) жатады.
Ғасырлар бойы күнделікті іс-тәжірибе негізінде сұрыпталған жазу-сызу мен азаматтық, қоғам әлі жоқ кезде қалыптасқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар мәдени мирасқорлықтың жалғыз мүмкіндігі болды. Ескі ырымдар мен әдет-ғұрыптардан надандық, анайылықты емес, қазіргі ұлттық мәдениеттердің архетипін аңғарған жөн.
Ал шындығында діни Ренессанс («ренессанс» — француз сөзі — қайта жаңғыру) мәдени дамуда орасан зор роль атқарды. Дінге дейінгі дүниетаным ретіндегі мифте табиғат қасиетті күштерге баланса, ұлттық немесе дүниежүзілік діндерде адам мен қоғамның құдіреттілігіне басты назар аударылады. Осының нәтижесінде өркениет қалыптасады. Жалпы алғанда, дінтанусыз мәдениеттану жоқ.
Мәдениеттің өзекті бөлігі — өнер. Таңбалы тастағы кескіндер мен тағы адамдардың ырым-билерінен бастап, Рафаэль мен Микеланджелоның мәңгілік туындыларымен жалғасқан, халықтың шығармашылық рухынан туған талай сұлу дүниелерсіз, өнер әлемінсіз, қандай мәдениеттің болсын рухын сезіне алмаймыз. Шынында да, өнер мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі — оның әсемдікке, сұлулыққа ұмтылуы.
Осыған дейін қарастырылған анықтамалардан бір түйінді ой айтуға болады: мәдениет — адам әлемі. Мәдениет көріністерінде адамдық парасат, оқыл-ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылып, игіліктер дүниесі құралған. Сонымен бірге мәдениет адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал.
Әл-Фараби айтқандай, адам — «хайуани мадани», яғни, мәдениетті жан.
Адам — табиғат туындысы және ол үшін табиғи орта мәңгілік қажеттілік болып қалады. Мәдениет адамнан табиғатты бөліп алады деген пікір қанша рет айтылса да, адамның табиғи шығармашылықтың ең жоғары үлгісі екендігіне күмән жоқ. И. Гердердің тілімен айтқанда, адам — табиғаттың бірінші азаттық алған пендесі.
Ғасырлар — адамның мәдени дамуының куәсі. Бірақ осы алға қарай жылжу Жер-Анаға әр уақытта жайлы бола бермеді. Адам қоршаған ортаны өзіне ыңғайлы тұраққа айналдыруға тырысты, алайда осы белсенділік көп жағдайда табиғатты күйзелтіп, құлдыратып жіберді.
Мәдениет пен табиғатгы қарама-қарсы қоюдың бір түрі адамның табиғи антимәдениеттілігі жөніндегі ілімдер еді (киниктер, Ницше). Контрмәдениет атты XX ғасыр туындысы бұқаралық мәдениеттегі руханилықтың затқа, тауарға айналуына қарсы қозғалыс сипатында болды. Мәдениет пен табиғатты ұштастыруға тырысатын ілім — мәдени антропология. Оның негізін салушылардың бірі — Э. Уилсон.
Тағы айта кететін жайт, осы экология мәселелеріне байланысты Шығыс пен Батыстың арасыңдағы айырмашылық туралы. Интровертивтік Шығыс мәдениеті табиғатқа жақын, ол үстемдік етуге шақырған жоқ.
Сонымен, мәдениет адам мен табиғатты бөліп тұрған «қытай қорғаны» емес, керісінше, олардың арасындағы нәзік үңдестік және рухани қыл-көпір. Осы үндестікті (гармонияны) одан әрі жетілдіру — адамзаттың алдындағы келелі міндет.
Адам және мәдениет мәселесін тереңдете түсетін тағы бір жайт адамның қабілеттілігіне, жан-жақтылығына, шексіздігіне байланысты. Американ ғалымы К. Поппер айтқандай, адам бірдей үш дүниеге: физикалық, ментальдық (психикалық) және идеалдыққа жатады. Сонда мәдениет осылардың кайсысымен көбірек анықталады деген заңды сұрақ туады. Егер біз мәдениетті тек материалдық және рухани бөліктерге бөлудің қарадүрсін шеңберінен шыға алсақ, онда мәдениеттің өзінің ішкі мағынасында идеалды екендігіне көзіміз жетеді. Себебі, адамды қоршаған заттар, дүние — бұл мәдениеттің сыртқы көрінісі ғана, оның мәні — руханилықты адам әрекетінің нәтижесінде заттандыруда жатыр. Мәдениеттің ішкі мәні қоғамдағы өмір сүріп жатқан адамдардың өзіндік санасында, парасаттылық сезімдерінде, рухани ізденістерінде айқындалады.
Ж. П. Сартрлық көсемсөзді қайталасақ, адам әлемге еркін жіберілген, ол еріктілік жазасына кесілген. Осы сипатта мәдениеттің құпиясы — адамдағы «Мендік». Одан сыртқа ерекше бір нұр – азаттық жауапкершілік, адамгершілік сәулесі нұр шашып тұр. Мәдениетте адам ғажап биік деңгейге көтеріледі. Мәдениет дегеніміз менің өмірім, менен бөлінген, мен өлгеннен кейін де тірі болатын менің шығармашылығым.
Енді мәдениеттің қоғамда атқаратын қызметтерін талқылайық. Алдымен қоғам және мәдениет ұғымдарыңда қаншама ұқсастық, үндестік болғанымен, олардың арасындағы мағыналық, айырмашылықты естен шығармаған жөн.
Қоғам — әлемнің бір бөлігі, белгілі бір мақсаттарды іске асыру жолыңда әрекет етіп жатқан субъектілердің (тұлғалардың, топ-тардың, этностардың, мемлекеттердің) байланыс нысандары. Яғни, коғам ұғымындағы негізгі мәселе — адам және оның ұйымдасу нысандары, бұл ретте қоғамды зерттейтін басты ілімді әлеуметтану деп атайды. Ал мәдениет осы тұрғыдағы қоғамның , белгілі бір қасиеті, көрінісі, сипаты мазмұныңда қолданылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Ғабитов Т.Х……, «Мәдениеттану» Алматы, 2000 ж.
- Төкенов Ө.Мәдениеттану негіздері. Алматы 2001 ж.
- Н.Назарбаев «Сындарлы он жыл» Алматы, 2003 ж.
- Сорокин П.А. Человек. Цивилизация. Общество. М., 1992 ж.