ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
О.Тансықбаев атындағы Алматы сәндік қолданбалы колледж
РЕФЕРАТ
Тақырыбы: «Ұлттық және саяси процестер мен технологиялар»
Тексерген:
Оындаған
Алматы, 2007
КІРІСПЕ
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің аясында, еліміздің барлық саласы түгелімен өзгеріп, рухани-әлеуметтік және саяси-экономикалық жүйесі қайта құрылу процесін атқару мүмкін болып тұр. Қоғамдық-саяси құрылыстың мәнін терең түсінуде, халқымыздың төл-тарихын, саяси-әлеуметтік жағдайын жете тану, ынтымақтыққа, бірлік пен елдікке бастайтын еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткерлердің саяси бағытын зерттеп, алға қойған мәселелерін, оның түйінді шешімдерін, халықтың саяси көзқарасын қалыптастырудағы мәнін ашу, оны қазіргі таңдағы қол жеткен тәуелсіздікке тигізген әсерін талдауға мүмкіндік береді. Ұлттық мемлекетіміздің қалыптасу тарихында орын алатын, ұлттың тәуелсіздігін қорғаған тұлғалардың есімі халықтың, тарихи санасында зерделенген.
Елдің санасында сақталған орасан саяси оқиғаларды, халқының қамын ойлаған ірі саяси көсемдердің өмірі мен қызметі, тарихта қалдырған іздері әлі күнге дейін бүгінгі ұрпақ жадында десе болады. Ғасырлар бойы ел азаттығы үшін күрескен саяси тұлғаларды зерделеу, ғылыми тұрғыдан талдау және оның нәтижесін бүгінгі заманымыздың талабына сай сараптау арқылы, анықталған құндылықтарды насихаттауға мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отыр.
Президент Н.Ә.Назарбаев “Алашқа айбын болған, азаттық ұғымының айдынын кеңейткен тұлғаларымызды ел саласына, тарихи беттеріне қайыра алып келген тәуелсіздікті осындай ұлтқа пана болар аруақтарымызды тірілтіп бергені үшін асқақтатуымыз керек емес пе?”[1, 355 б]-деп атап өткендей, мемлекет болашағына, ұлттың тағдырына қатысты саяси мәселелерді шешу нағыз лидерлердің қолынан ғана келеді. Бетегелі жерде берекелі елдің болуын, көршілес мемлекеттермен тереземіздің теңесуін, құтты жеріміздің тұтастығын сақтауға атсалысқан, соны армандаған Абылай ханның азаттықты аңсаған Қазақ мемлекетін қалыптастырудағы оның әрекеттерінің нәтижелерін жаңа заманда іске асырудың Қазақстандық үлгісін жасап, оны орнықтыруға үлкен үлес қосқан Н.Ә.Назарбаевтың саясатын салыстырмалы ғылыми тұрғыда зерттеу — қазіргі ұрпақтың ізгілікті борышы.
Абылай хан мен Н.Ә.Назарбаевтың қазақ қоғамының дамуына қосқан саяси-әлеуметтік қызметтерін ғылыми тұрғыдан зерттеу, олардың тұлғалық қасиетін ашып, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп тарту, халық арасында насихаттау, құнды идеялық пікірлерін сараптауды зерттеу нысанасына айналдыру — бүгінгі саясаттану ғылымының даму бағыттарының мәнділігін құрайды.
Абылай ханның азаттық пен тәуелсіздік жолындағы саяси қызметін, оның қазақ халқын саяси-әлеуметтік үрдіске бағыттаған әрекеттерін зерттеу арқылы, қоғамдық үрдістің саяси даму жолын түсінуге болады.
Тәуелсіздіктің символына айналған Абылай ханды терең зертттеу, қазақ халқының ұлттық санасын оятудың негізгі факторы, болашақ ұрпақты Отанына деген ықыласын арттырып, патриотизм рухында тәрбиелеуде маңызды құбылыс болып табылады. Қазақ халқының табиғи болмысындағы бостандыққа, еркіндікке, тәуелсіздікке деген ұмтылыстары саясаттану ғылымы тұрғысынан сарапталуы тиіс. Сонымен қатар келешек ұрпақты Отанына деген елжандылық рухында тәрбиелеу, қоғам дамуындағы ілгерілеуіміздің мәнін ұрпаққа жеткізу мақсатын ұмытпауымыз қажет. Абылай ханның қоғамдық саяси қызметін шынайылық тұрғыдан келер ұрпаққа жеткізу мақсатында, терең зерттеу обьективті қажеттіліктен туындап отыр.
Қазақ халқының қоғамдасу тарихында, мемлекеттік құрылыстың құрылымдарын құру мен анықтауда талай хандар мен билердің үлесі зор болды. Алайда тұлға ретінде, ел басшысы ретінде де, ақылгөй-данышпан тұрғысынан да Абылай хан тұлғасы жан-жақты зерттеуді, саралауды қажет етеді.
Әр қоғамның ерекшелігін түсінуде, онда болған саяси процестер мен қақтығыстардың алғышарттарын тауып шешуде саяси лидерлердің рөлі зор. Олардың қолданған саяси амалдары, саяси шешімдері арқылы қоғамға саяси талдау зерттеудің өзектілігін құрады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Тәуелсіз Қазақстанның саяси ғылымындағы бүгінге дейін жүйелі танылмаған, зерттелмеген мәселелердің бірі — қазақ хандарының лидерлік феноменін, қоғамдық саяси қызметінің саяси маңыздылығы, олардың саяси көзқарастары мен қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуына ықпалдылығы, саяси ойлардың сабақтастық себептіліктері деуге негіз бар. Абылай хан туралы зерттеулер мен ол туралы жарық көрген еңбектер бар. Олар көбіне тарихи құжаттар, архив материалдарына сүйене отырып жазылған тарихи еңбектер. Халық аузында қалған, ел арасына тараған фольклорлық ауыз әдебиеті тұрғысынан орын алған еңбектерде де, Абылай хан бейнесі талданған. Бірақ, Абылай ханның саяси қызметін зерттеп, оған түбегейлі саяси мән беріп, қазақ халқының бірлігін сақтай отырып, қоғам құруындағы рөлін саясаттану ғылыми тұрғысынан саралау дәрежесіне жетпеген. Сонымен қатар жоғары оқу орындарына арналған саяси оқу құралдары мен оқулықтарда Тәуелсіз Қазақстанның егеменділігіне алғаш қол жеткізген саяси лидерге саяси тұрғыдан берілген материалдар жан-жақты талданбаған. Осы Тәуелсіздікті ұранға айналдырып, бүгінгі Қазақстанды ХХІ ғасыр құшағына бейбітшілік, ынтымықтастық, бірлік, татулыққа бағыттаған, қоғам дамуын бір идеялық арнаға топтастыруға талпынып отырған ерен еңбегімен танымал Н.Ә.Назарбаевтың саяси қызметін алғаш рет ғылыми тұрғыдан салыстырмалы зерттеу мен сараптауға басты назар аударылды.
Абылай ханға саяси тұрғыда баға беру үшін, алдымен оның өмір жолдарын, қызметін, өмір сүрген қоғамының ерекшелігін білу қажет. Абылай хан туралы жазылған деректерді төмендегідей жүйелеуге мүмкіндік алдық:
Бірінші топты Ресей архивтері, қолжазбалары, тарихи құжаттар, осы материалдар негізінде жазылған еңбектер құрайды. Оларға: Казахско-русские отношения в ХҮІ-ХҮІІІ веках (Сборник документов и материалов), Сборник указов и узаконений за 1743 г, Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты, Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатын жатқызуға болады. ХУІІІ ғасырдың 60-шы жылдарында П.И.Рычков, Н.П.Рычков, П.С.Паллас, И.Г.Андреев, И.Георги, И.А.Левшин еңбектерінде Абылай хан туралы көптеген мәліметтер жинақталған. ХУІІІ ғасырда жазылған осы авторлардың еңбектері құнды құжаттар болып саналады. Мысалы П.И.Рычков Орынбор губерниясының ірі чиновнигі бола отырып, қазақ халқының табиғатын, өмірін, шаруашылығын, мәдениетін мүмкіндігінше зерттеген. Бұл еңбекте қазақ қоғамының жүздік, рулық ерекшеліктерін қарастырған. Тарихшы ғалым А.И.Левшин шығармаларында қазақстан этнографиясы мен саяси-тарихи дамуы туралы құнды мәліметтер кездеседі. Аталған мәтіндер мен құжаттар ХУІІ-ХУІІІ ғасырлардағы қазақ қоғамының саяси деңгейін, Абылай ханның өмірі мен қызметінің саяси ұстанымдарын, саяси жолдарын, өз халқына деген сүйіспеншілігін, Ресей мен Қытай империяларымен қарым-қатынасындағы саясатын жүргізгендегі өзіндік шеберлігі, жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық көтерілістегі Абылай хан рөлін айқындауымызға негіз болды.
Сібір әскери линиясын бекіндіру міндетін атқарушы И.Г.Андреевтің рулық құрылым жөнінде жазған маңызды деректері қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік құрылымын айшықтау бағытында рулық қатынастың мемлекет құрылымының ерекшелігін саралауға қолданылды.
Н.Я.Бичуриннің “Средняя Азия и Восточный Туркестан” еңбегінің саяси ойлары Қытай, Орта Азия мемлекеттерінің арасындағы саяси қарым-қатынастарын анықтау мен пайымдауға септігін тигізді. Ресей тарихшыларының қазақ өңірін зерттеу туралы еңбектерін қолданғанда, аса саяси мұқияттылық қажет етеді. Айталық, ХУІІІ ғасырдағы қазақ өңіріне келген ресей тарихшыларының басты міндеті Ресей империясының мүддесін құптайтын саяси көзқарастар болды. И.Я.Златкин, П.Б.Гурьевич, В.Кузнецов еңбектерінде Абылай ханды зұлым, айлакер ретінде аталынған.
Екінші топқа Қытай мәліметтері мен архив деректері, тарихи құжаттары, осы материалдар негізінде жазылған авторлар еңбектері жатады.Оларға: 100 құжат (Қазақ хандығы мен Чин империясы арасындағы қарым-қатынастарға байланысты құжаттар), Гәузің патшаның орда естеліктерін атау қажет, сонымен қатар тарихшы Н.Мұқаметқанұлының “Тарихи зерттеулері” еңбегін қолдана отырып, Абылай ханның геосаяси мәселелерді шешуде қолданған саяси технологияларын талдауда, Қытай архивтеріндегі құнды құжаттар мен деректеріне көңіл бөлінді.
Үшінші топқа қазақ ауыз әдебиетінің жинақтарын жатқызуға болады. Оларға: қазақ ауыз әдебиетінің жинағы ретінде Абылай хан туралы екі еңбек жарық көрді. Бұл еңбектерде ХУІІІ ғасыр арнасында бейнеленген толғау, аңыз, поэтикалық толғаныс жырлар енгізілген. Халық ауыз әдебиетіндегі хандар мен батырлар жөніндегі құнды пікірлер, соның ішінде Бұқар жырау, Үмбетей, Тәттіқара жыраулары Абылай ханның ерлігі мен өмірін, саяси қызмет жолдарын саяси тұрғыдан пайымдауымызға көмек болды.
Төртінші топқа қазақ ұлтының Ренесанстық тұлғалары мен қазақ ғалымдары мен зиялыларының еңбектерін атау қажет. Оларға: Абылай хан туралы қазақ ағартушысы, Абылай ханның немересі Шоқан Уәлиханов жазған “Абылай” атты мақаласы мен 1910 жылы Қазан қаласында Қ.Халидұлының “Тауарих хамса” атты еңбегі қазақ-жоңғар қарым-қатынасы жөнінде жазылған қытай, түркі, парсы материалдары Қазақ хандары мен сұлтандары туралы генеологиялық кестелер құнды материалдар болып саналады.
ХІХ ғасырдың аяғында Абылай хан туралы жазған қазақ ұлтының Ренесанстық тұлғалары: А.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев еңбектері саяси-әлеуметтік, саяси философиялық сипаттарымен ерекшеленіп, ғылыми жұмысымызға мәнділік танытты.
ХХ ғасырдың 50-ші жылдарында қазақ мемлекетінің дамуындағы саяси-әлеуметтік мәселелерді қайта бағалауда, Е.Бекмахановтың еңбектеріндегі жаңаша көзқарас жұмысымызға үлкен септігін тигізді. ХУІІІ ғасырдағы қазақ-орыс қарым-қатынастарының маңыздылығы мен саяси аспектілері туралы мағлұматтарды талдауда С.Е.Толыбеков, Б.С.Сүлейменов, В.Я.Басин және т.б. ғалымдардың еңбектері саяси құндылықтарымен танылады. Қазақстан ғалымдары Р.Б.Сүлейменов және В.А.Моисеев еңбектерінде Ресей, Қазақстан архив материалдары, ХУІІІ ғасырға саяси тұрғыдан талдау жасауға, баға беруге пайымдаулар жасауға өз септігін тигізді.
Қазақ халқының саяси тағдырына Абылайдың шешуші әрекеттері туралы жазылып жатқан еңбектер бар. Қ.Ш.Хафизованың ғылыми монографияларының тұжырымдары, Абылай ханның саяси көрегенділігін, дипломатиялық шеберлігін, саяси мәдениетінің жоғары дәрежесін, саяси лидерлік болмысын сараптауға негіз болды. Ж.Қасымбаевтың еңбегі қазақ мемлекетінің даму үрдісіне еңбектері мен қызметтері сіңген хандар мен сұлтандардың саяси әрекеттерін салыстырмалы негізде талдауымызға құнды дереккөз болып табылды.
С.З.Зимановтың, Қ.Данияровтың еңбектері Абылай ханның ішкі және сыртқы саясатындағы қазақ елінің саяси даму ерекшелігін, хандық биліктің құрылымын, Абылай хандай қолбасшының қажеттілігін тудырған саяси қақтығыстар мен шиеліністердің себептерін, алғышарттарын сараптауға негіз болды. Абылай ханның саяси лидерлік табиғатының ояну сатысы болған қазақ-жоңғар соғысын саяси тұрғада талқылауда, К.Мамырұлының монографиясы сол кездің саяси сахнасын айғақтауға және Абылайдың лидерлік қасиетінің ерекшелігін талдауымызға көмегін тигізді. Сонымен қатар қазақ зиялыларының: Ө.Жәнібеков, Ч.Әбуталипов, М.Қозыбаев, Г.Сапаргалиев, Ш.Ы.Уәлихан, Ө.Сұлтанғазин, Ж.Абдильдин, М.Жолдасбек, Ә.Нысанбаев, Т.Ақселеу, М.Құлмұхаметовтың ғылыми мақалары, Абылай ханның жорықтары мен бейбіт өміріндегі істерін, Абылай хан туралы тұтастану құбылысын шындық өмірде іс жүзінде орындалуының маңыздылығын талқылауда А.Әбсадықтың ғылыми тұжырымдары диссертацияның методологиялық негізін құрауға қолданылды.
Абылай хан тұлғасына саяси тұрғыдан баға беруде, оның өмірі мен қызметіне байланысты аңыз-әңгімелер әлемінен, ақиқат тұғырына ғылыми әділ саяси сараптама беруімізге, Қазақстан саяси ілімінің маңызды бағыттарын қалыптастыруға арналған ғылыми диссертациямызға З.Тайшыбайдың жинағы Абылай хан және оның замандастары, ХУІІІ ғасыр қоғамының саяси бітім-бейнесін ашатын ана тілімізде тұңғыш жарияланған басылым үлкен септігін тигізді.
Ғалым, тарихшы А.Қ.Әбуевтың еңбегі Абылай хан туралы жазылған деректерді жүйелеуімізге, геосаяси көзқарасын саралауымызға бірден-бір жаңа бағыт болып табылды.
Қазақ халқының саяси-рухани болмысының арнасын саралауда С.Нұрмұратов, А.Оразбаева, Тәтімов Д.Раев, С.Кенжебаев, Ю.Бұлықтаев, Т.С.Садықов, Б.Құдайбергенов, Е.Мұхамеджанов, Бикенов, Т.Сарсенбаев, Р.Әбсаттаров, Д.Жамбылов, С.Борбасов, Ж.Артықбаев, Н.Масанов, Г.Мұстафин, А.Ишмұхамедов, Е.Омар, С. Өзбеков және т.б ғалымдардың монографиялары мен мақалаларының саяси тұжырымдары мәселені жаңаша сараптауға негіз болды.
Салыстырмалы саясаттану немесе саяси компаративистика саясаттану ғылымының маңызды бағыты болып саналады. Себебі, салыстырмалы зерттеу жұмысы жан-жақты әдістеме мен амал-әдістерді, зерттелетін обьекті жөнінде терең тыңғылықты білімді қажет етеді. Салыстырмалы саясаттану тұрғысынан саяси зерттеуімізде, саяси лидерлердің қызметтерін салыстырмалы талдау барысында Р.Әбсәттаров, Б.Тілеповтың ғылыми тұжырымды еңбектері саяси құбылыстар мен саяси процесс ерекшелігі арқылы, саяси лидерлік мәселесінің Қазақстандағы болашағы мен сабақтастығын айқындауымызға септігін тигізді.
Саяси лидерліктің теориялық және методологиялық негізін ашуға батыстық ғалымдар: Ф.Ницшенің К.Ясперстің М.Вебердің, Ж.Блондельдің, Е.Богардустың, Т.Холкомның, орыс ғалымдарының: А.Бодалевтің, Е.Шестопалдың, С.Андреевтің, Д.Олшанскийдің, В.А.Бобичевтің, Н.В.Кейзеровтың: қазақстандық ғалымдар: Р.К.Кадыржанов, Е.Х.Аубакиров, С.М.Абенов, Г.В.Битюкова, Г.Х.Джуманова, Ж.Х.Джунусова, Г.А.Кушалиева, Б.Куппаеваның, Е.Саировтың және т.б ғалымдардың ғылыми мақалалары мен талдаулары диссертацияда айғақталды.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың “Мен үшін Абылай заманы ғана емес, бүкіл қазақ тарихы ұлт-азаттығы, мемлекет тәуелсіздігі үшін күрес сияқты көрінеді. Ел бостандығы, ұлт тәуелсіздігі біздің халық үшін еш уақытта да төбеден түскен сый болмаған. Ол әрдайым ел қамын жеген ерлердің жанқиярлық, жанпидалық еңбегінің, күресінің нәтижесінде ғана келгенін ешқашан ұмытпауымыз керек”-деген тұжырымы саяси ойлар тарихының сабақтастығын танытып, саяси құндылықтар негізін құрайтын идеяларды нұсқайды [2].
Халықты идеялық бірлік арнасына топтастыру мақсатында елдің тәуелсіздігін, тұтастығын, дербестігін, ынтымақтастығын сақтау жолындағы Президенттің саяси қызметін талдау, әрине күрделі іс.
Абылай ханның кезінде армандаған тәуелсіздік идеясын іс жүзінде қазақстандықтардың жүрегіне ұялатқан, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап, Қазақстанның тұрақты дамуына ешбір елге ұқсамайтын өзіндік “дамудың Қазақстандық үлгісін” енгізіп, оны жан-жақты дамытуда халқының мүддесін ұққан тәжірибелі саясаткер Н.Ә.Назарбаевтың саяси көзқарасы ман саяси іс-әрекетінің саяси-методологиялық, теориялық мәні зор.
Әрине, бүгінгі таңда ісімен сөзі жарасқан саясаткер әлем назарында. Н.Ә.Назарбаев туралы саяси сараптамалар, саяси талдау, өмірі мен қызметіне байланысты жазылған деректер мол, әрбір басылым өзінің құндылығымен, философиялық сипаттарымен ерекшеленеді. Бұл еңбектер Президентіміздің балалық шағына, өміріне, қызмет жолдарын саралауға арналған. Диссертациялық жұмысымызда Н.Ә.Назарбаевтың еңбектері арқылы саяси көзқарастар ұстанымын, стратегиялық бағдарламалары арқылы жүзеге асқан саяси жетістіктері мен мақсаттарын салыстырмалы деректер арқылы сараланды.
Бүгінгі Қазақстан саясатында, көршілес мемлекеттермен саяси байланыстарын дамытуда; Н.Ә.Назарбаевтың саяси лидерлік рөлін талқылауда О.Видованың, Ж.Х.Джунусованың, Ж.Сааданбековтың еңбектері және “Мир о Назарбаеве” атты еңбектері көңіл бөлерлік. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігінің қалыптасуының алғашқы қадамдарын көрсетуде, халықаралық қауымдастықта еліміздің алатын орнын талдауда А.А.Морозовтың, Е.Ертысбаевтың, В.Малиновскийдің еңбектері негізге алынды. Қазақ даласында тәуелсіздік үшін күрескен саяси лидерлердің саяси-тарихи сабақтастығын салыстырмалы талдауда “Первые лица государства: политические портреты (с точки зрения истории и современности)” авторлар коллективі ұйымдастырып шығарған еңбек көмек болды.
Тәуелсіз Қазақстанды демократиялық жолға реформалауда, тыныштық пен бейбітшілікті сақтап нығайтуда, этносаралық келісімді дамытудағы Н.Ә.Назарбаевтың көрнекті саяси қайраткерлік қызметін ғалым-теоретик тұрғысынан әлеуметтік-саяси мәселелерді талдауда Ә.Нысанбаев пен Г.Малининнің “Нурсултан Назарбаев Казахстан-Территория мира и согласия” деген атаумен жарық көрген еңбектің саяси тұжырымдары назар аударарлық.[3]
Хандық институт пен Президенттік институтты салыстырмалы түрде саралауда, президенттік институттың қалыптасу эволюциясын, саяси жүйедегі орнын, оның құқықтық мәртебесін анықтауда М.Б.Қасымбековтың, Е.К.Нұрпейісов және А.К.Котовтың еңбектері, “Институт Президентства в новых независимых государствах” деген атпен өткен халықаралық конференция материалдарының қорытынды идеялары зерттеу барысында ескерілді.
Абылай хан қазақ халқының саяси өмірінде жарқ еткен ірі саяси тұлға. Ұлтты ұлылылары арқылы ұлықтайды. Абылай хан туралы зерттеулерге, құжаттар мен әдебиеттерге саяси тұрғыдан сараптаулар, тұжырымдар жасау арқылы, оның саясатының бүгінгі күнмен тарихи және саяси сабақтастығын анықтау өмір қажеттілігі.
Зерттеудің мақсаты. Жұмыстың негізгі мақсаты қазақ халқын тәуелсіздік пен дербестікке топтастырудағы саяси лидерлердің рөлін көрсету. Абылай хан мен Н.Ә.Назарбаевтың саяси қызметін талдау барысында қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік құрылымының, дамуының ерекшелігін ғылыми салыстырмалы тұрғыдан зерттеу.
Зерттеудің міндеттері. Бұл мақсатты жүзеге асыруға қазақ хандығы мен бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның саяси процесі мен саяси жүйесінің даму ерекшелігі, лидерлердің саяси феноменінің қалыптасу обьективті алғы шарттарын ашу міндетін қояды:
1.Қоғамдық сананы саяси-әлеуметтік мұраттарға бағыттауда саяси лидердің қажеттілігінің себептерін көрсету, саяси лидерге теориялық-методологиялық талдау жасау;
2.ХУІІІ ғасырдағы қазақ хандығының саяси-әлеуметтік құрылымы мен даму ерекшелігін, ішкі және сыртқы дағдарысының себептерін анықтау;
3.Абылай хан мен Н.Ә.Назарбаевтың қазақ халқын топтастырудағы саяси қызметтері арқылы саяси лидерлік феноменін талдау;
4.ХУІІІ ғасырдың екінші жартысындағы Еуразия аумағында қазақтардың этникалық топтасуын, Ресей, Қытай елдерімен қарым-қатынасын дамытудағы қазақ мемлекеттілігін құруда Абылай ханның лидерлік рөлін көрсету;
5.Хандық институт пен президенттік институт құрылымын, Абылай хан мен Н.Ә.Назарбаевтың саяси тұрақтылық пен тыныштықты сақтаудағы стратегиясы мен тактикаларының саяси құндылығын, көршілес мемлекеттер мен әлем жұртшылығының көзқарастары мен сынды пікірлерін салыстырмалы талдап сараптау;
6.ХУІІІ ғасырдың саяси кеңістігін саяси құбылыс, саяси процесс, саяси режим, саяси идеология, саяси дағдарыс, саяси элита, Билер кеңесі, елшілік саясат, этнополитогенез, саяси мәдениет, саяси билік, саяси лидер, “жеті ата ұстанымы”, руаралық байланыс, төленгіттер институты, ақсақалдар беделі, ұлттық бірігу, тұтастану, жасақтану, жүздік қауым сияқты категорияларды қолдана отырып, талдау;
7.Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескен Абылай хан мен сол тәуелсіздікті жүзеге асырушы Н.Ә.Назарбаевтың халқының болашағын дамытудағы істерін, көпвекторлы саясатының белсенділігін, көрегенділігін саяси және тарихи сабақтастығын айғақтау.
Негізгі бөлім.
“Қазақ қоғамының саяси әлеуметтік дамуы саяси лидерлік құбылысының қалыптасу іргетасы” деп аталатын бірінші бөлімде саяси лидерлік мәселесіне теориялық-методологиялық талдау жасалынып, қазақ хандығының саяси әлеуметтік құрылым ерекшелігі мен ХҮІІІ ғасырдағы саяси процесс қайшылықтарының саяси мазмұны және бүгінгі Қазақстанның саяси өмірімен сабақтастық принциптері
Ежелгі антик жылнамашылары Геродот, Плутарх, Светония, Ливия сияқты тарихшылар көсемдерді таңғажайып қасиеттердің иелері деп суреттеген. Аристотель еңбектерінде, мемлекет билеушілерінің қызметі адам бірлестігінің ұйымдастырылған түрі деп түсіндіре отырып, “мемлекеттік тұлға”, “патша”, “отбасы”, “билеуші” ұғымдарының аражігін ажыратады.[4] Платон мемлекеттік билік пен саяси философия қабыспайынша мемлекеттік құрылыс адам баласына мүмкін болмайтындығын атап өткен.
Күрделі әлеуметтік жағдайларда саяси лидердің қалыптасуына, саяси лидерлік теориясына, жетістіктеріне кеңінен Н.Макиавелли тоқталды. Саяси лидердің қандай жолдарымен жетістікке жеткенін, соның ішінде саяси жүйе арқылы ма,әлде өзіндік тәжірибесіне жүгінумен немесе белгілі бір топтың әсер етуі көмегімен келгені туралы мәселелерін теория тұрғысынан қарастырады.
Лидерлік туралы түсініктер ғылымда біркелкі емес. Мысалы, “саяси лидерлік бір немесе бірнеше адамдардың билігі, ұлт мүшелерін қозғалысқа оятушылар”-деген Блондельдің көзқарасы болса, екіншіден лидерлікті статус тұрғысынан әлеуметтік бағдар және әлеуметтік рөльдер қатарынан қарастырған жүйелік-құрылымдық көзқарастар болды. Лидерлікті әсер ету қабілеттілігі тұрғысынан түсіндірген пікірлермен қатар, лидерлік құбылысын кәсіпкерліктің бір түрі және лидерлікті халық символы ретінде қарастырған бағыттарда кездеседі.
Лидерлік құрылымының негіздеріне лидердің жеке қасиеті, билік ресурстары құралдары, саяси жағдай жатады. Егер саяси лидердің билік бағдары мен рөлі тұрақты болса, ол радикалды өзгерістерге сирек ұрынады. Диссертацияда лидерлік феноменге тоқталып, түсіндіріп келген бірнеше теорияларға талдау жасалынды. Соның бірі “теория черт” идеалды лидерлердің жеке қасиеттеріне тереңнен мән бере отырып, бүгінгі таңда лидердің жеке қасиеті (ақылы, еріктілігі, мақсатқа жетушілігі, ұйымдастырушылық қабілеті, дер кезінде жауапкершілікті өзіне алуы) күрделі саяси жағдайда маңызды орын алады. Нақты жағдайларға қатысты міндет түсінігін енгізген факторлық-аналитикалық концепция лидердің жеке қасиеттері мен алдына қойған мақсатына жетуде мінезінің стилі қалыптасады деген көзқарасты ұстанады.
Лидердің әлеуметтік жағдайға тәуелділігін, оны белгілі жағдайдың функциясы деп түсіндірген Стодильдің жағдайлық концепциясы лидердің қоғамға қатысты функциясын анықтайды. Саяси лидерлік мәселесін саяси билік, мемлекеттілік туралы түсінікпен, билеу формасының меншіктің бөлінуімен анықталатындығын, меншік пен билікке ұмтылу олигархияны дүниеге әкеледі, саяси үстемдігін құрады деген Мэдисон, Токвиль, Харрингтон, Адамс, Гамильтон идеялары талқыланды.
Саяси лидердің ұйымдастырушылық және басқару рөліне, бұқаралық әлеуметтік қозғалыстар арқылы түсіндіруге тырысқан орыс ғалымы К.И.Михайловскийдің пікірлері ескерілді. Тарихи үрдіс түсінігімен, саяси билік табиғатына саяси үрдістегі саяси жетекшінің рөлін қоғамдық қозғалыстардағы, саяси күрестегі стихиялық пен саналықты үйлестіру проблемасы тұрғысынан қарастырған Маркс пен Лениннің анықтамалыры қарастырылды.
Лидерлік табысқа жету жолындағы билікке ұмтылыс, деп Шопенгауэрмен келісе отырып, қоғамды “лидерге” және“әлсіздерге” тағдыры өзгелердің қолындағы жандарға бөлуге негізделген деген Ницшенің көзқарасы пайымдалды.
Саяси лидерлікті түсіндіруде саяси-философиялық бағыттағы жазбалар, соның ішінде “лидер құбылысы ерік жігер көрінісі”-деп дұрыс шешім табуға ұмтылатын, дұрыс шешім қабылдай алатын тек шын саяси лидер деген Ясперс көзқарасы қарастырылды. “Лидерлік тек тұтас бір адамдар тобы үшін маңызға ие болғанда ғана пайда болады”-деп саяси мәдениеттегі өзгерістермен тығыз байланыстырған Такердің пікірі ескерілді.
Саяси лидерлік құбылысының психологиялық негіздеріне назар аударған Острогорский, Михельс, Брайс, М.Вебер еңбектері болды. Саяси қайраткерді қолдаудағы олигархияның ықпалы мен оның рөліне тоқталған еңбектерде де саяси лидерліктің технологиялық негізі көрсетілді.
Диссертацияда саяси лидерліктің бірқатар функцияларына, олардың қоғам өміріндегі маңыздылығы аталынды. Атап айтсақ; саяси, ұйымдастырушылық, тәрбиелік, экономикалық, бейімділік, бағалы-бағдарлы, гуманистік, басқару жатады. Саяси лидердің негізгі қызметіне: қоғамды топтастырушы, саяси шешім қабылдау қабілеттілігі, әлеуметтік патронаж, коммуникациялық байланыстырушы, қоғамдық прогресті қамтамасыз етуші және т.б. жатады.
Саяси лидерліктің мәнін терең түсіну бағытында, лидерлікпен ортақ әрекеттес билік, бедел, сенім ұғымдарының негізгі ортақ және айырмашылық белгілерін табу міндеті тұрады. Билік саяси лидерлікті жүзеге асыруға қажетті құқықтық заңдық мүмкіндік береді, бедел саяси лидерліктің мінез-құлық компонентін құрайды, ал сенім діни және психологиялық құрамын бекітеді. Аристотель беделді, топ беделі және тұлға беделіне бөліп түсіндірді. Бедел құрылысын психологиялық тұрғыдан зерттеу теорияларында ерік күші, эмоциялық жеке тұлғалық факторлар қарастырылады. Лидерлік беделдің лауазамдық жеке тұлғалық екі түрі бар, беделді саясаткерге халықтың сенім білдіруі, үміт артуы жеке тұлғаның өткен тәжірибесіне, халқының бағдарлық, құндылық жүйесіне сай келуі.
Лидерлік мәселесіне замана тұрғысынан Абылай, Әбілхайыр, Кенесары сияқты саяси лидерлерге тарихи баға беру арқылы, олардың лидерлік бітім-болмысын ашуға ғылыми сипаттама беруге ұмтылыс жасаған Шоқан Уәлиханов болатын. Ш.Уәлихановтың “Орыс ғалымдары мен әдебиетшілері құрастырған энциклопедиялық сөздік” деп аталатын 1861 жылы шыққан 1-томында жарияланған “Абылай” атты мақаласы орыс және қазақ ғылымында Абылайтанудың іргететасы болып қаланған бірегей еңбек болып саналады”-деп көрсетеді М.Құл-Мұхаммед.[5]
Абай шығармаларында қазақ халқының жауынан ұтылуы халық арасында бірлігі мен татулықтың жоқтығы екенін, ішкі бірліктің негізгі тетігі ел болу екенін айта кетіп, ата-бабаларымыздың артық екі мінезі бар екеніне тоқталады. [6]
Ұлт-азаттық қозғалысының басшылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, М.Шоқай, М.Тынышпаев, Б.Қаратаев, Х.Досмұхамедовтардың мұраты қазақ халқының төлтумалығын сақтау, ұлттық санасын шыңдау, қазақ қоғамын рулық-тайпалық ұстанымдар бойынша бөлінуден арылту, отарлық үстем саясат жағдайында ұлттық бірлікті орнықтыру мәселелеріне арналды.
“Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме! Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме! Ел тірегі ері, ер тірегі елі бола білген қауымның басы бағынан кетер ме? ”- Құлтөбедегі Әйтеке бидің айтқан сөз жолдарынан саяси лидердің беделінің халық алдындағы жауапкершілік маңыздылығын танытады [7,190].
“Қазақ хандығының саяси әлеуметтік құрылымы: қайшылықтар мен үрдістерін” қазақ қоғамындағы хандықтардың саяси әлеуметтік құрылымы мен даму ерекшелігіне, қайшылығы мен үрдісін ашу қарастырылады. Соның ішінде қазақтардың рулық тайпалық құрылымы, жүз, ру, тайпа ата баласы бөлімдерін түсіндіре отырып, қазақ халқының этникалық құрылымының басты элементі ру екені атап өтілді.
Қазақ үшін рулық тамырды білу ерекшелігі, қазақ халқының біртұтас рухани этномәдени дамуын қамтиды. Қазақ қоғамының: “ақсақалдар беделі, ақсақалдар институты, жанұя рөльдерінің басымдылығын, рулық құрылымының ерекшелігінің саяси принциптері анықталды. Тап болмаса да, қоғамның үш әлеуметтік бөлімі (ақ сүйектер, қараша, құлдар) болды. Қоғамның аристократиялық тобы, биліктің институтционалдық негізін қалыптастырды [8]. Хан кеңесінің саяси функциясы мен негізгі құрылымы, билікті жүзеге асырудағы амал-тәсілдері көрсетілді.
ХУІІІ ғасырдағы мемлекеттің өзіндік саяси құрылымының ерекшелігі, міндеттері, мақсаттары, рөлі айқындалды. Қазақ хандығындағы басты ұйым жалпықазақ Құрылтайы, жергілікті билік, ру басыларының өзіндік басқаруының саяси ерекшелігі талданды.
Абылай хан билігі тұсындағы саяси институттардың негізгі белгілерінің бірі- мемлекеттің саяси құрылымы: Абылай хан тұсындағы ұлттық мемлекеттің мына белгілерін атап өтуге болады: территориясы, мемлекеттік басқару аппараты, ұлттық құрылымы мен саны, әскері, көршілес жатқан елдерді өзімен санастыра отырып елге, халыққа пайдасы бар халықаралық саясат жүргізуі, салық және сот жүйесінің болуы. Жыл сайын сұлтандар мен ру басыларының, билер мен қоғам аристократиясының жиналысы жалпы мемлекеттік істерді шешу үшін жиналып отырды. Мемлекеттік жоғары билік иесі-хан болды, Абылай хан өлім жазасын кесу, елдің, мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау негізінде әскер ұйымдастыру құқына ие болды, Абылай хан билігінің күштілігі оны қолдаушы батырларының болуы, ал саяси билігінің мықтылығы оның халық ойынан шыға білді, айналасындағы батырлары мен сұлтандары қолдап отырды.
Абылай хан тұсындағы қазақ мемлекеті хандық республика, монархия, аристократиялық және демократиялық белгілері бар әлеуметтік-саяси құрылым болды. Мемлекет басшысын хан тұғырына көтеруде сайлау әдісі орын алды. Сайлау-бұл демократиялық мемлекеттің орталық институты болып табылады. Абылай ханды халық ашық сайлау жолымен сайлады. Әрине, бұл жерде белгілі саяси топтар мен күштер, сұлтандар мен батырлар да үлкен рөль атқарды. Қоғам мен мемлекет басына саясатқа ешқандай қатысы жоқ, далада қаңғырып жүрген кез келгендер өтпеді. Хандық кандидатураның тіркелуінің өзіндік ерекшелігі, тіркелушінің шыңғыс тұқымынан болуы шарт болды, мемлекет басшысы-хан халық алдында заңды жауапкершілікте болды. Егер хан халық алдында күнәланса, оны орнынан алып тастап отырған. Оған мысал “ханды талақ ету”, “хан талау” дәстүрінен көруге болады. Мысылы, “Абылай аспас сары бел” оқиғасының 1779 жылы болғандығын қытай құжаттары растайды. Ботаханнның өліміне себепкер болған хан өзіне қарсы шыққан арғын руы адамдарына ер құнын төлеп, бітім жасауға мәжбүр болды. Өлім жазасын беруге құқылы болғанмен хандық билікке қарсы оппозиция мүддесімен санасуға, өзара келісімділік көзқарас ұстануға мүдделілігі байқалады.
Қазақ халқы өзінің саяси-әлеуметтік ахуалын Абылай тұсында жақсартып отырды. Абылай хан тұсындағы қазақ хандығындағы мемлекеттің басқаруының -хандық республика мен монархия элементтері араласқан формасы, мемлекеттік құрылымның формасы-унитарлы, қазақ хандығының құрамдас бөлімі болып саналатын жүздерде тек саяси автономия болды, мемлекеттік режим формасы-авторитарлы және демократия элементтерінен құралған; Абылай ханның ақылдасып отыратын Хан кеңесі болды, ол төртке бөлінді. Бірінші билер институты— әлеуметтік-құқықтық, сот билігі, саяси атқару қызметтерін атқарды. Хан кеңесінің екінші құрамы аристократиялық кеңес, олар өз ұлысында билік жүргізе отырып, мемлекеттік заң бойынша (“Жеті жарғы”) тәртіп орнатты. Өз құрылымы негізінде заң шығарып, саяси шешім қабылдап отырды. Аристократиялық кеңес жүз басшысына, билер тобына, батырларға көмектесуге міндетті және құқылы болды. Хан кеңесінің үшінші құрылымына- батырлар мен төлеңгіттер институты жатты, олар ханның жеке басын, жан-ұясын қорғауға құқылы болды. Сонымен қатар қорғаныс стратегиясын ұйымдастырды, соғыс жүргізу тактикасын дамытуға, соғыс өнерін үйренуге жауапты болды. Олардың негізгі міндеті-мемлекет шекарасын қорғауға, күзетуге құқылы және міндетті. Хан кеңесінің төртінші құрамы-маңызды идеологиялық бөлшегі жыраулар кеңесі жатты. Ел жағдайын Абылай ханға жеткізіп отырған жыраулары болды. Ханға тоқтау айтып, ақыл-кеңес беруге құқылы болды, жыраулар кеңесі-жалпы мемлекеттік идеологияны насихаттаушы, халықты жігерлендіруші, елінің рухани тірегі болып табылды.
Жоңғар шапқыншылығынан халықтың әбден азып, жат өлкеге ысырылып, қиын өмір сүрген кезінде қазақ елі, бейбітшілікті, тыныштықты, күйзелген шаруашылығын орнықтыруды аңсады. Үш жүзге бөлінген, өз алдына дербес мемлекет құруға талпынған мемлекетте бір орталықтан басқарылған әскердің жоқтығы, күшті биліктің болмауы, билер мен хандардың өзара тартыстары халықтың жағдайын нашарлатты. Осындай ішкі саяси тұрақсыздықпен бытыраңқылықты пайдаланып қазақ жеріне жоңғар тарапынан бірнеше шапқыншылықтар болып отырды.
Қазақ хандығының бірлігін нығайту, біроталықтандыру міндеті өте күрделі процесс болды, себебі қазақ қоғамының ескі қарым-қатынастарының рулық сипаты, сұлтандардың өзара бытыраңқы әрекеттері ортақ мәселені шешуге қиындықтар әкелді. Жүздің билері мен хандарына деген ризашылықтары жоғалып, мықты қазақ хандығын құруды аңсады. Халықтың жағдайының күйзелуі, жоңғарларды қазақ жерінен түпкілікті қуып шығу арманы, батырлардың өз күштеріне деген сенімі, тек Орта жүз ханын сайлау ғана емес, бүкіл қазақ хандығын тұтастырып, ортақ қазақ хандығын тағайындау сайлау болды.
ХҮІІІ ғасырдағы саяси процестер мен қақтығыстарға: Сыртқы шапқыншылықтан (жоңғар-қазақ соғысынан) халықтың бірлігі мен әлеуметтік-саяси жағдайының әлсіреуі; әскер жасағының аздығы, сұлтандар арасындағы алауыздылық; жайық орыстарының қазақ ұлыстарын талқандауы халықты аштық пен ашаршылыққа әкелді; Ресей мен Қытай елінің қазақ жеріне аса саяси қызығушылығы; қоғамдық әлеуметтік жағдайындағы шаруашылықтарда біртұтас механизмінің жоқтығы; әр жүзбен рулардың өз алдына дербестігі болу керек деген оппозициялық топтардың құрылуы; билікке деген тартыс-күресті жатқызуға болады.
ХҮІІІ ғасырда Абылай хан билік құрған тұстағы саяси процесс ерекшелігі мен саяси шешімдері: ХҮІІІ ғасырдағы қазақ елінің саяси процесі өте күрделі құбылыс болды. Онда өмір сүрген рулардың, жүздердің мақсат-мүдделері кейде қабысып, кейде келіспей жатты. Бұл процесс саяси болғандықтан ондағы өзгерістер билікке, оны бөлу, өз алдына жүз, ру болып тұруға бағытталған талпыныстар елдің ішкі саяси жағдайын нашарлатты; Абылай хан атсалысқан саяси процестің басты мәселесі, қазақ халқының мүдделерін, арман-тілектерін біріктіру, халықты бір орталықтан басқаратын билік, саяси шешім қабылдап, оны іске асыру болды; Абылай хан құрған мемлекеттің мақсат-мұратын іске асыруға билер кеңесі, төлеңгіттер институты, жыраулар кеңесі, аристократиялық-сұлтандар институты қатысты. Бірақ, мемлекеттік институт ретінда басты рөльді хандық институт атқарды. Саяси шешімді қабылдап, оны іске асыратын негізгі тетік хан институты болды; Биліктің шоғырлануы, елдің саяси дамуының мақсат-мұраттарын анықтауға билер, ақсақалдар, ауыл басылар, атсалысып отырды. Саяси субьектілердің яғни, ауыл басылардың, ақсақалдардың, билердің, төлеңгіттердің, батырлардың, сұлтандардың өзара қарым-қатынастары, саяси өзгерістің екпіні, олардың саясатқа араласқан іс-қимылдары арқылы айқындалып отырды. Қалың бұқараны қамтитын саяси шешімдер Құрылтайда қаралды. Оны дайындауға бірнеше рулардың өкілдері жиналып, атсалысып үлкен саяси белеске айналып отырды. Мысалы хан сайлағанда қазақ даласында демократияның өзіндік стильдері байқалды. Ханды халық сайлады, ол үлкен халықтық мереке айналып, ”Жеті жарғы” құқықтық принциптерінің негізінде хан халық алдында жауап берді. Абылай хан атсалысқан саяси процестің негізгі мақсаты, мұраты-қазақ қоғамын, халқын топтастыру, біріктіру, шаруашылығы жоғары көршілес жатқан елдермен тең келіссөз, қарым-қатынас орнатып, бірорталықтан басқаратын билік жүйесін енгізу болды.
Осындай алға қойған мақсатын іске асыру Абылай ханның саяси іс-әрекетінен саяси технологиясы айқындалды. Саяси лидердің саяси технологиясының пайда болуының алғы шарттарының себебі-практикалық мақсатты нақты сапалы түрде іске асырудың рационалдылығы мен қажеттілігінен туындайды. Бұл жағдай саяси билікке араласып отырған саяси лидерге тиеселі. Мысалы, Абылай хан алдындағы басты мақсат сыртқы жаудан қорғану үшін халық күшін жұмылдыру болды. Абылай хан елдегі ішкі кикілжіңді соның ішінде жүз арасындағы, рулық дағдарыстарды тоқтатып, өзара келісім, бірорталықтан басқаратын билікті ұйымдастыру сыртқы жаудан қорғанудың басты әдісі деп түсінді. Абылай хан қолданған саяси технологияларға: стратегиялық, тактикалық, бір мезетте қолданған амал-әдістер, циклдік, дипломатиялық, қатаң технология, нормативті әдіс-амалдарды жатқызуға болады.
Абылай ханның саясатта қолданған бұл саяси технологиялары бірнеше саяси шешімдерді іске асыруға қол жеткізді. Күрделі саяси жағдайларға болжам жасап, талдап отырды; саяси шешімдер мен әрекеттерді сұрыптап, жобалауға мүмкіндік алды; саяси процеске әсер берерліктей саяси шешімдерді бағыттап құрастырды.
“Кез келген қоғамның өсуі немесе өшуі сол қоғамдағы адамдардың парасаты мен іс-әрекетіне тікелей байланысты”-деген академик Ә.Н.Нысанбаевтың пікірінің саяси мәні осыған саяды. Осындай күрделі саяси кезеңде халықтың сезімін, мүддесін қолдай білген саяси лидер Абылай ханның алдында тұрған негізгі саяси міндет: ел тәуелсіздігін нығайту, дербестікке жету, тәуелсіздікті орнату қазақ халқына керек бақыт екенін түсінді. “Бірлік болмай-тірлік болмайды”-деген ел мұраты мен мүддесіне айналған саяси ұран бүгінгі таңда өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Бүгінгі кезеңде, ХҮІІІ ғасыр сияқты қазақ халқына күрделі, сындарлы саяси жауапкершілікті жүктейді. Себебі, ғасырлар бойы ата-бабамыз, батырлар мен хандарымыз, билері мен жырауларымыздың, қазақтың ренесанстық тұлғалары мен Алашқа айбын болған арыстарының аманаттаған саяси мұраттары мен армандарын, іс жүзінде жүзеге асырдық, нақты тәуелсіздікке қол жеткіздік. Саяси қиыншылықтарға толы, бірнеше тарихы бар тәуелсіздік халыққа өздігінен келмегенін, алда тұрған негізгі мақсат барлық қазақстандықтардың тәуелсіздік танымын қалыптастырып, оның негізгі принциптері мен даму тенденцияларын ғылыми тұрғыдан дамыту міндеті туындалады.
ХҮІІІ ғасырда Абылай хан саясатының бүгінгі Қазақстан саяси өмірімен сабақтастығын төмендегі принциптермен байланыстыруға болады. Оларға: ұлтаралық келісімді нығайту, Қазақстан қоғамының бірлесуі, ұлт ішіндегі бірлікті нығайту; қазақтардың жүзге, руға, аумақтық топтарға бөлінуі ішкі ұлттық ыдырау, рулық таптаурынды жою; қазақстандықтарды отаншылдыққа тәрбиелеу, шынайы отансүйгішті, нағыз азаматтықты қалыптастыру өз Отанын саналы таңдауы; Конституцияны білу, заңдылықты сақтау, заңды сақтамайынша, сыйламайынша қиыншылықтан арылу мүмкін еместігін ұғыну; жастардың жауапкершілігін арттыру, жастарды іскерлікке тәрбиелеу; елімізді, жерімізді, бостандығымызды сақтау перзенттік борыш екенін түсіндіру; біз бәріміз бір атаның — қазақ халқының ұлымыз, туған жерім — біреу ол Қазақ даласы деген ұранды игеру; бабалар алып берген азаттықты баянды ету; қазақ халқы бірлік пен ынтымақтастықтың ұйытқысы болу.
Болашақ Қазақстан ұрпағы осы принциптерді саналық пен парасатылық, байсалдылық пен ұстамдылық арқылы бойына игерген жағдайда дамыған алдыңғы 50 елдің қатарына жетуіне, Қазақстанды тек Орта Азия өңірінің көшбасшысы емес, әлемдік тұғырдан көрінуіне мүмкіндік бар.
Шығыс данасы Аль-Фараби ел басқарудағы саяси сабақтастық принципті “егер елбасы өмірден өткеннен кейін оның бастаған келелі істерін одан әрі жалғастыруға қабілетті орынбасары болса, онда ол кездегі жүзеге аспаған келелі істерді назарына ұстайды және кез келген мәселені ойдағыдай шешудің жолдарын қарастырады, заңдарға өзіндік өзгерістер енгізеді. Ең бастысы, қабылданатын заңдар замана талаптарына сай болуын қадағалайды.Ол мемлекет ісін одан әрі жандануын мақсат етеді. Кезінде жүзеге аспаған, бірақ сол кезеңдегі замана талаптарымен өзара үндестік табатын басты міндеттердің ойдағыдай жүзеге асуына мүмкіндік туады”[10] -деген дана ойлар ХҮІІІ ғасырдағы Абылай жүргізген саясаттың құнды идеяларының қайта жаңғыруына, түрленуіне, заман талабына сай өзгеруіне, жасампаздық рух танытуына, кемелденуіне ықпал жасап отырған Н.Ә.Назарбаевтың іс-әрекеттеріне байланысты айтылған тұжырым деп санауымызға толық саяси негіз бар.
Зерттеудің екінші бөлімі “Қазақ қоғамының тәуелсіздігі үшін күрескен ұлттық лидерлер саясатының ерекшеліктері: Абылай хан және Н.Ә.Назарбаевтың саяси іс-әрекетін салыстырмалы талдау” деп аталады. Бұл бөлімде, қазақ қоғамын тәуелсіз мұраттарына топтастыру бағытындағы тарих мойындаған қос тұлғаның саяси идеялары мен іс-әрекеттеріндегі сабақтастық принциптері мен болашақ Қазақстандағы саяси лидерлік мәселесінің болашағы мен маңыздылығы зерттеліп сараланады.
“Қоғамдық сананы саяси тәуелсіздік мұраттарға бағыттау ауқымындағы Абылай ханның ішкі және сыртқы саясаты” деп аталатын 2.1 тарауда Абылай ханның тектілігінің принциптік жағына тоқтала отырып, лидерлік феноменінің ерекше табиғатын қазақ қоғамының ең сынды саяси кезеңінде халық мүддесін, ой-арманын, ұлт тағдырын тереңнен түсінген, халықты бір саяси идеялық арнаға топтастыра білген саяси лидерлік жеке қасиеттері арқылы Абылай тұлғасының болмысын тарқатуға көңіл бөлінді.
Абылай хан саясатының салиқалы болуына, тез арада шешім қабылдауына, саяси көрегенділігіне сенімділігін арттыруға ықпал етіп, ең соңында оның саяси жеңіске жетуіне рух дарытып отырған батырлары, Абылайдың саяси шешімдері мен әрекететтерін, идеяларын елге тарқатып түсіндірген жыраулары, Ресей, Қытай елдерімен қарам-қатынас орнату мақсатында көмекші бола білген елшілері, аудармашылары мен тілмәштары болғанын Ресей және Қытай деректері, қазақ жырауларының жырлары растайды.
Абылай ханның саяси билігінің өзіндік ерекшеліктері қалыптасты. Оларға: қоғамның саяси жүйесінің құрылуы, оның саяси әрекеттерін атауға болады. Қазақ қоғамындағы мемлекеттік істерді жоғары дәрежелі саяси тұғырда хан басқарды, қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қолдады, руаралық, жүзаралық дау-дамайды, шиеленістерді шешіп отырды; Абылай билігі тұсындағы саяси институттар орта буынды, ауылдық, аймақтық, рулық, жүздік әкімшілік арқылы іске асып отырды; Абылай ханның мемлекеттік билігінің заңдылығы оның легитимділігін білдіреді. Үстемдік етіп отырған билікті халықтың мойындауы Абылай ханның саяси шешімдері мен заңдылығын ескеруі. Мысалы, Абылай хан билігін халық аңсап қалады және заңды деп түсінді. Бұл ХҮІІІ ғасырдағы қазақ саяси кеңістігіндегі ең дұрыс саяси шешім болып саналды. Биліктің екінші түріне харизматикалық билік жатады. Абылай хан ерекше батырлығымен, халық мүддесін тереңнен түсінген даналығымен, көрегенділігімен халық алдында үлкен беделге ие болды. Осы екі билік Абылай хан заманына тән болды. Сонымен қатар биліктің үшінші түрі ақыл-парасаттылық, құқықтық легитимділіктің элементтері толығымен қамтылмаса да, кейбір талаптары орнықты. Мысалы “Жеті жарғы” құқықтық нормалары мен принциптерінің алдында барлығы жауапты және міндетті болды.
Абылай хан саяси билігінің негізгі принциптеріне: легитимділік принципі (“Жеті жарғы” заңына сүйенгенде өзін сенімді әрі еркін сезінуі), қорғау принципі (жер, ұлт қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге келгенде саяси технологияларының алуандылығымен билікті қолда ұстай білуі және дұрыс саяси шешім қабылдауында), ұтымдылық принципі (нақты саяси мәселелерге келгенде өзінің саяси шешімінің табандылығы, өтімділігі, ықпалдылығын айтуға болады), сыр бермеу принципі (мысалы қазақ-қытай соғысында Абылай хан өз саяси күшінің әлсіздігін сезседе сыр бермеді, шындықты уақытынан бұрын ескеру немесе айту билік үшін ең қауіпті нәрсе) жатады; Абылай хан саяси билігін іске асыруда бірнеше саяси-әлеуметтік іс әрекеттер қолданды. Оларға мысалы: сақтық (саяси іс-әрекетті алдын-ала парасатты түрде шешу үшін ақылшылары және кеңесшілерімен ақылдасып отырды), қызметтестік (сұлтандармен, қоғамның аристократиялық топтарымен бірлесе отырып басқара білді), шыдамдылық (төзімділігімен, табандылығымен, кез-келген істі соңына дейін нәтижелі аяқтауға тырысты), ымыраға келушілік (дау-жанжалға бармау, мәмілеге келу арқылы бейбіт амалдармен шешуге тырысты) іс-әрекеттері жатады.
Абылай ханның ішкі саяси қызметінің жетістіктеріне: халық шаруашылығын, оның әр түрлі салаларын, олардың арасындағы байланыстарды реттеді; халқын отырықшылдыққа үндеді; сауда саттық, айырбас мәселелерін мемлекет тұрғысында, көршілес жатқан елдердің тәжірибесінің жетістіктерін енгізуге әрекет етті; халықтың әл-ауқатын, өмір деңгейін көтерді, әлеуметтік өмірді ұйымдастырды; қоғамды заңдылықпен қамтамасыз етті, ел ішінде тәртіп сақтау, қылмысқа қарсы заң нормаларын енгізді. Оларға “Жасақ” және “Билер кеңесі” жатады; қарулы әскер күшін құрды; Қазақ хандығының саяси жүйесін орталықтандыруға көңіл бөлді; Сұлтандар мен рубасыларының өз бетімен кетуін тежеді; Билік жүйесінде тұлға қызметіне, оның қасиеттеріне көңіл бөлді; Дәстүрлік қазақы кісілік рухы негізінде орталық буын элементтерін енгізді; өлім жазасын беруді өз құқына иеленді; Абылай ханның сыртқы саяси қызметінің жетістіктеріне: қазақ мемлекетінің тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғады; қазақ халқының өз-өзін билеуге, егеменділігін сақтауға ұмтылыс жасады; көршілес жатқан мемлекеттермен тиімді қарым-қатынас орната отырып, тепе-тең саясат жүргізілуін қамтамасыз етті;қазақ халқының құқықтық мүддесінің ықпалдылығын, ұтымдылығын, тиімділігін арттыруға саяси шешімдер қабылдады; көрші елде болып жатқан саяси жағдайды, өз халқына дер кезінде мәліметтер беріп тұратын елшілік саяси қызметін дамытты; саяси проблемаларды шешуде ымыраластық, икемділік, мәмілеге келу принциптеріне көбірек жүгінді; сыртқы саяси проблемаларды шешуде бейбіт, дипломатиялық, араласпаушылық әдістерді қолдана білді.
Абылай ханның лидерлік қасиеттеріне: қоғамның тұрақтылығын қалыпты әлеуметтік тіршілігіне жағдай жасады; руға, жүзге бөлінген қазақ хандығын, қазақ қоғамының бірлігін, ынтымақтастығын қамтамасыз етуге жол салды; қазақ халқының ой-арманын, үмітін түсінді, халқының мұқтаждығын қанағаттандырды; қазақ хандығының шиеленіс, саяси кикілжіңдерді дер кезінде түсіне біліп, саяси дау-жанжалдарды алдын алды; Ішкі және сыртқы саяси мәселелерді шешуде ымыраға келу, басып тастау әдістерін қолданды; қытай қарым-қатынасында, халқының жағдайының ұтысты көздерін жетік біле отырып, саяси тепе-теңдікті сақтауға тырысты; қазақ халқының болашағын, жер тұтастығының мүддесін қорғады; қоғам мүддесін өз мүддесінен жоғары қойды; саяси-әлеуметтік іс-әрекеттерді ұйымдастыра білді; саяси көрегенділігімен, шешендік өнерімен, саяси мәдениеттілігімен ерекшеленді.
оның қажеттілік алғышарттары, Қазақстанның саяси өмірі мен қоғам өміріне әкелген өзгерістеріне талдау жасай отырып, Президент тек халқының бірлігі символы мен кепілі болып қана қоймай, саяси биліктің де кепілі болу керектігін сараптадық. Президенттік институт Қазақстанның тәуелсіздік белгілерін қалыптастыра отырып, сыртқы қарым-қатынастар жүйесін анықтады, әлемдік қауымдастықта шет мемлекеттермен қарым-қатынасты тереңдетті. Шет мемлекеттермен еліміздің өкілеттілік байланыстарын орнатып, сыртқы елдермен қырым-қатынас орнату органы өзінің елін әскери, экономикалық, экологиялық, аспектілерін іске қосты. Қазақстан өзінің нақты даму бағытын белгілеп, халықаралық қауымдастықта өз орнын анықтады. Осы аталған саяси-экономикалық жетістіктер мен талпыныстар Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. “Дана билеушілер нағыз қиыншылықтарды ғана иемденіп қоймай, соңғы болатындарға бар күшімен шара қолдануы қажет” [11]-деп Н.Макиавелли айтқандай Тәуелсіздіктің табыс пен жетістіктің ешқашан өзі келмейтіндігін, халқын енжарлықтан оятып, қиыншылықсыз еш нәрсенің оңайлықпен орнамайтындығын халқына жеткізе білді. Тек саяси тұрақтылықты сақтаған жағдайда ғана, кез келген қиыншылықты саналы түрде шешіп, соның жеңісін көруге болатынын ескертті. Халқының алдында ел тәуелсіздігі үшін әр саяси қадамын жауапкершілікпен жүргізіп отырған Н.Ә.Назарбаевтың саяси стратегиясы, жаңа саясаттану ғылымында маңызды орын алады.
Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіздік жолында қол жеткізген маңызды саяси жетістіктеріне: Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы; даму бағыттарын нақты анықтауында; Президенттік басқару жүйесіне тән мемлекет құруы; заң шығару ісін, сот билігін реформалауда; әлеуметтік, экономикалық дамуды жаңаша әлемдік нарық экономикасына негізделген жолға бағыттауын атауға болады, сонымен бірге шет мемлекеттерге Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде мойындатуы; халқының саяси санасын қалыптастырып, саяси мәдениетін дамытуына рухани жағдай жасауы мықты басқару мектебін құра білуінде және ТМД елдеріне саяси тұрақтылықтың үлгісіне айналуын қамтамасыз ету; қысқа мерзім ішінде дүниежүзін таңқаларлық қазақстандықтардың мақтанышына айналған Астана қаласының бой көтеруі; шығыс Азия мемлекеттерінің тәжірибесін, өз елінің көп этносты, көп дінді қоғамның ерекшілігін ескеріп, Батыс демократиялық қағидаларына сай келетін өзіндік даму ерекшелігі бар тәуелсіз мемлекет орнату жолындағы саяси қимылдарының белсенділігін; азаматтық қоғам институттарын дамытуға; Ресей, Қытай, АҚШ, Европалық Одақ ынтымақтастықты дамытудың бағыттарын анықтауын жатқызуға болады.
Қазақстан халқының болашағын қоғамдық-идеялық бірлік арнасына топтастырудағы Н.Ә.Назарбаевтың дүниетанымдық, саяси-әлеуметтік, рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесі қазақстандық қоғам өмірінің барлық салаларына тигізген септігі зор. Н.Ә.Назарбаевтың іскерлік гуманизмі, өз халқына деген сүйіспеншілігі, елжандылығы, алдына қойған мақсаттарды іске асыру прагматизмі, жалпықазақстандық бірлік-сәттіліктің кепіліне айналып отыр. Жаңа Қазақстанның даму жолы, оның саяси-экономикалық жетістігі, болашақ ұрпаққа байланысты екендігін, соның ішінде жастарға, елдің көшін бастайтын болашақ саяси лидерлерге арнап, лидерліктің өзіндік ұлттық стилімен ерекшеленетін “Қазақстан жолы” деген атаумен жарық көрген өсиетті еңбегінде, жастарға үлкен сенім мен жауапкершілік жүгін артып отыр.
“Болашақ Қазақстан саяси лидерлерін қалыптастырудағы Абылай хан және Н.Ә.Назарбаевтың саяси идеяларының маңыздылығын”, Абылай хан мен Н.Ә.Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясаттағы идеялары мен қағидаларының тарих өтіліндегі оңды сабақтастықтарын мына белгілермен анықтап көрсетік: Абылай ханда, Президентте өз саяси мүдделерін анық түсіне білуі және саяси үрдіске белсене қатысуында; қоғамда ұстанған позицияларының нақтылығы, елге, мемлекетке қатысты күрделі жағдайларда нақты саяси әрекеттер қолдана алуында, халық алдында саяси жауапкершілгін түсіне біліп, ұлтының мүдделерін көтере білуінде; қоғамдағы әлеуметтік байланыстарды нығайтып, күрделі саяси шешім қабылдауында; саяси біліктілігі жоғары дәрежеде көріне білуінде; саяси іс-әрекеттерінің құрылымдылығында; күрделі саяси жағдайларды шешу бейімділігінде; саяси беделдерінің асқақтауында; бір орталықтан басқарылатын билік жүйесін қалыптастырып, нығайтуында; елін, мемлекетін саяси , әлеуметтік дағдарыстан алып шығуында; елшілік, дипломатиялық саясатының шеберлігінде; сарабдал саясатында; мәмілегерлік саяси әдісін қолдана білуінде; ұлт тағдырын, ел бірлігін, жер тұтастығын ұлт қауіпсіздігін күн тәртібінен түсірмеуінде; қазақ халқының санасын рулық, жүздік шеңберінен асыру жолындағы талпыныстары жатады.
Абылай ханың да, Н.Ә.Назарбаевтың саяси армандарының тоғысу нүктесі ел тәуелсіздігін нығайту, елдің рухын, жерін еліне деген отаншылдық сезімді нығайту болды, ең негізгі саяси жетістіктері халқының болашағын, мемлекеттілігін тек ұлттық бірлікте болғанда ғана құра алатындығын көре білулерінде. Ауызбіршілік бар жерде кез-келген қиыншылықтарды жеңу мүмкіндіктері ашылатынын жеткізе білу, халыққа деген шексіз ықылас пен таза ниеттерінің рухани тоғысуларын атауға болады.
Абылай ханның да, Н.Ә.Назарбаевтың да тұлғалық табиғаты өте күрделі, терең сондықтан да оларды біржақты бағалауға болмайды. Саяси көшбасшылықтағы біржақтылықтың жоқтығы осы екі тұлғаның саяси лидерлік феноменін тереңдете түседі. Абылай ханның алға қойған топтастыру, бірлік, дербестік мәселелерінің тиянақты іске асуын бүгінгі саяси процес айғақтайды. Тәуелсіз Қазақстанның тұрақты дамуындағы мақсаттарға жету үшін, қоғамның барлық саласының топтасуы саяси шарт екендігі ұйғарылды. Абылай ханның да, Президенттің де стратегиялық болжамдарының саяси-әлеуметтік мүдделер аясында топтасуын, ұштасуын уақыт дәлелдеді. Яғни, саяси құндылықтардың нәтижелі жүйесі ғана лидерліктің тарихтағы маңызды рөлін анықтайды десе болады.
1.Еліміз егемендікке қол жеткізіп, арманға айналған тәуелсіздік тұғырына қайта қонған уақытта, әрбір Қазақстан азаматының, жүрегінде еліне, отанына деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім, елжандылықты тәрбиелеу негізгі мәселелердің бірі болып саналады. Қазақ халқының қоғамдық-саяси дамуында, соның ішінде дербестік пен тәуелсіздікке ұмтылу жолындағы Абылай хан мен Н.Ә.Назарбаевтың саяси лидерлік рөльдерінің басымдылығы, маңыздылығы болашаққа үлгі боларлықтай саяси іс-әрекеттері алғашқы рет саяси салыстырмалы талдаудан өткізілді.
2.Қазақ мемлекеті бірнеше аумалы-төкпелі қиыншылық кезінде де, дамудың жоғарғы сатысынан көріне білген шағында да, саяси тұлғаларымыз көршілес мемлекет қайраткерлерін өз саясаттарының әділдігін, ізгілігін мойындата білді. Ал мемлекет басына келген әлсіз, еріксіз ел билеушілер мемлекет пен халқын тұғырыққа тіреп, шапқыншылыққа ұшыратқанын тарих біледі. Қазақ өмір бойы еркіндікті аңсаған, тәуелсіздікті, дербестікті, бостандықты ұран қылған, өзінің мәдени мұрасы үшін күрескен, адамгершілік пен келісімділікті, ұлттық намысты сақтай білген халық. Сондықтан да, әсіресе бүгінгі таңда, мемлекетімізге жаңа ұлттық идеология қажет уақытында, саяси жаңашалану тұсында, Қазақстанның жаңаруына, рухтануына ұлттық лидерлер барлық күшін жұмылдыруы керек.